Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Қызылжар ауданында болып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, тұрғындармен кездесті.
Алдымен өңір басшысы аудан орталығы – Бескөл ауылында ашылған “Ашық әкімдік” фронт-кеңсесінде болды. “Open space” ашықтық қағидаты бойынша жұмыс істейтін кеңсеге келген тұрғындар заңгерлердің, өзіне-өзі қызмет ету, азаматтық актілерді тіркеу, өтініштерді қабылдау, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсету секторларына жауапты мамандардың көмегіне жүгіне алады. Сонымен қатар келушілерге арналған күту залы да жаңартылған. Онда Wi-Fi және балаларға арналған бұрыш бар.
Фронт-кеңсенің ішін аралап көрген облыс әкімі оң бағасын берді. Әсіресе, ғимаратты тиімді пайдалануға баса назар аударып, тұрғындарды қабылдау кабинетінің бірінші қабатқа көшірілуі дұрыс шешім екенін атап айтты. Сондай-ақ, лауазымды қызметкерлер кең кабинетте отырулары керек деген көзқарастан арылатын күннің жеткенін еске салды.
– Бүгінгі таңда жер-жерде “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” қағидаты бойынша фронт-кеңселер ашылуда. Нәтижесінде тұрғындардың мәселелері шешімін табуда. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында жергілікті атқарушы органдарға 21,5 мыңнан астам өтініш түсті. Олардың басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жер және баспана мәселелеріне қатысты. Лауазымды тұлғалардың әрекетсіздігіне қатысты түсетін шағымдар 10 пайызға азайғанын көріп отырмыз. Аудан әкімдігінде ашылған сервистік әкімдік – өңірде жұмыс істеп жатқан оныншы фронт-кеңсе. Жыл соңына дейін барлық аудандарда осындай кеңселер ашылатын болады, – деді Құмар Іргебайұлы.
Кеңсенің жұмысымен таныстырған аудан әкімі Жанат Сәдуақасовтың айтуынша, күніне 15-20 адам жаңа кеңсенің көмегіне жүгінуде. Сондай-ақ, осындай фронт-кеңселер аудандық ішкі істер бөлімінде, сотта және жұмыспен қамту орталықтарында ашылған. Бүгінде аудан тұрғындары үйден шықпай-ақ құжаттарды рәсімдеу мүмкіндігіне ие болуда. Мәселен, биыл облыс тұрғындарына 9200 қызмет көрсетілген. Жер қатынастары саласында бұл жұмыстар “Геопортал” ақпараттық жүйесі іске қосылысымен жеңілдемек. Бүгінде бюджеттің интерактивті картасы жұмыс істейді. Ақпараттық сервисте 437 млрд. теңгенің 2634 бюджеті жарияланған. Нәтижесінде тұрғындар бюджеттен бөлінген қаражаттың әр тиынын қадағалай алады.
Бұдан кейін өңір басшысы “Парасат” мектеп-лицейінде ашылған мұражайда болды. Алты бөлімнен тұратын мұражайда Қызылжар ауданының тарихынан сыр шертетін ондаған жәдігер қойылған. Оларды жинау ісіне ұстаздардан бөлек, оқушылар мен ата-аналар белсенді қатысқан. Құмар Ақсақаловтың айтуынша, “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында облыс мектептеріндегі мұражайларды дамыту жоспары құрылған. Нәтижесінде соңғы үш жылда олардың саны 179-дан 413-ге дейін жеткізілді. Бұл өлкетануға екі мыңнан астам оқушыны тартуға мүмкіндік туғызып, өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруға серпін береді деп күтілуде.
Жұмыс сапарының соңында Құмар Ақсақалов аудан орталығының оңтүстік-шығыс бөлігіндегі 300 орынға арналған жаңа мектепке ат басын бұрды. Соңғы жылдары Бескөл ауылында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ауылдардан көшіп келушілердің арқасында жергілікті тұрғындардың саны да жылдан-жылға артып келеді. Қазірдің өзінде елді мекеннің бұл бөлігінде 3,5 мыңнан астам адам тұрады. Алайда, аудан орталығындағы үш мектеп алыс орналасқандықтан, оқушылар автокөліктер ағымы жоғары республикалық маңызға ие тас жолды кесіп өтуге мәжбүр. Балаларының өміріне алаңдаған ата-аналар осыдан екі жыл бұрын облыс әкімінің есепті кездесуінде бұл мәселені көтеріп, жаңа мектеп салуды өтінген болатын. Нәтижесінде бюджеттен қаражат бөлініп, мәселе шешімін тапты.
№3 мектептің директоры Айнұр Жауыпованың айтуынша, екіқабатты жаңа мектеп соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған. Мұнда оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру үшін барлық жағдай жасалған. Су жаңа ғимараттың іші кең әрі жарық, сыныптарда “LED” экран мен интерактивті тақталар орнатылған. Кабинеттердің басым бөлігі және кітапхананың заманауи планшеттермен қамтамасыз етілгенін атап өткен жөн. Қазан айынан бастап мұнда 1-4-сынып оқушылары – штаттық режімде, ал қалғандары қашықтан оқитын болады.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов мектептің ішін аралап, заманауи қондырғылардың мүмкіндігімен танысты. Ақпараттық-технология сыныбы, кітапхана, асхана мен спорт залында болды. Мектепті аралағаннан кейін жергілікті тұрғындармен кездесіп, өтініштерін тыңдады. Аға ұрпақ өкілдері мен ата-аналар балаларға білім мен тәрбие беретін жаңа мектепті салуға қолдау білдірген өңір басшысына ризашылығын жеткізді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.