
Кеше түс ауа облыс әкімі Ерік Сұлтанов Қызылжар ауданының орталығындағы және Бәйтерек ауылындағы маңызды нысандарды аралап, өзекті мәселелерге назар аударды.
Ерік Хамзаұлы ең алдымен Петропавл халықаралық әуежайына баратын тас жолдың оң қапталынан жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін бөлуге жоспарланып отырған аумақты байқады. Тас жолдың оң жағындағы ойпаң жерді “Гусиное” көлі алып жатыр. Қызылжар ауданының әкімі Еркебұлан Каменовтің айтуына қарағанда, көлдің дөңес жағында 380 гектар егістік алқап бар. Сол жерді мемлекет меншігіне алу мәселесі оңтайлы шешілсе, шамамен 2000-дай тұрғын үй салуға болады. Өңір басшысы Бескөл ауылы аумағын кеңейту арқылы жаңа тұрғын үйлер салу үшін осы жер телімін бөлу мәселесі алдағы уақытта қаралатындығын жеткізді.
Бескөл ауылының орталығындағы “Жас ұрпақ” саябағы заман талабына сай абаттандырылған. Аудан басшылары Ұлы Отан соғысы боздақтарына арналған көне ескерткішті Ұлы Жеңістің 70 жылдығына дейін мәрмәр таспен өрнектеу, интернационалист жауынгерлер мен Чернобыль апатын жоюға қатысқандарға арнап стела жасау жоспарланып отырғандығын жеткізді.
Аудандық ішкі істер бөлімінің әкімшілік ғимараты да күрделі жөндеуді қажет етеді.
Солтүстік Қазақстан өсімдік және мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры Қанат Мыңжасов Ерік Хамзаұлына ұжымның атқарып жатқан істері жайлы айтып берді. Институтта еңбек ететін 3 ғылым докторы, 19 ғылым кандидаты мен мамандар ауыл шаруашылығының барлық саласы бойынша зерттеу жұмыстарымен айналысу үстінде.
Осы сапарында облыс әкімі аудан орталығындағы “Парасат” мектеп-лицейінде де болды. Оқу орнының директоры Бұлбұл Ахмадиқызы 360 орындық ғимаратта 630 бала білім алатындығын, оның 180-ін Бәйтерек ауылының оқушылары құрайтындығын айтып берді. Мектеп-лицейде 50 орындық шағын орталық жұмыс істейді. Биылғы 37 түлек ҰБТ-да орташа 74 балл жинапты.
Бескөлдегі “Молсервис” сүт өңдеу кешенінде 100-ден астам адам еңбек етеді. Жұмыс екі ауысымда жүргізіледі. Кешеннің 20 түрлі сүт өнімі өз тұтынушыларын тауып үлгерген. Облыс басшысын өндіріс орнымен “Молсервис” ЖШС-нің директоры Сергей Чепурко таныстырды.
Осы жолы Ерік Сұлтанов Қызылжар ауылдық округінің орталығы – Бәйтерек ауылында болып, елді мекенді электр қуатымен толық қамтамасыз ету үшін салынып жатқан қосымша трансформатор станциясының құрылыс жұмысымен танысты. Бұл нысанды іске қосу үшін бюджеттен 54 млн. теңге бөлінген.
Ерік Хамзаұлы аталмыш елді мекенде 300 орындық мектеп салу үшін жоспарланып отырған жерді де көрді. Сол маңайға жергілікті тұрғындар 12х8 метрлік алаңда екі қабатты мешіт салу үшін қам жасап жатқан көрінеді.
– Бүгінгі күні ауылға ең қажеттісі – мектеп. Ол 2016 жылға жоспарланған. Үкімет басшыларымен, Білім және ғылым министрлігімен ақылдаса отырып, оны 2015 жылға жылжыту мәселесін шешуді қарастырып жатырмыз. Ал мешітке бюджеттен тыс қаражат көздерін табуға көмек көрсететін боламыз, – дей келіп, облыс әкімі Хайролла Сүлейменов бастаған қариялардың игілікті істеріне сәттілік тіледі.
Аудан орталығында бір орталықтан жылытатын бу қазандығының құрылысы 2012 жылы басталып, былтыр аяқталған болатын. Жергілікті басшылардың айтуына қарағанда, Бескөлдің әлеуметтік нысандары мен көппәтерлі тұрғын үйлерін осы бу қазандығымен жылытуға арналған тарату желісінің құрылысы биыл басталмақ. Жобаның құны – 1 млрд. 100 млн.теңге. Ол екі кезеңде жүзеге асырылады.
Сапар соңында өңір басшысы “Бескөл құс фабрикасы” ЖШС-не соқты. Онда 32 мың бас “Түрлі-түсті Бескөл” және “Медеу” үйрегі, күркетауық, 5 мың бас италиялық ақ қаз, 220 мың бас тауық өсірілуде. Қазір күн сайын 5-6 мың бас шіби мен 3 мың бас қаздың балапаны сатылуда.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.