Кеше өңір басшысы Ерік Сұлтановтың төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте облыстық бюджеттің 5 ай ішіндегі кірісі мен шығысы жан-жақты талқыланып, алда тұрған міндеттер сараланды.
Кеңесті ашқан Ерік Хамзаұлы Елбасы Жолдауында айтылғандай, жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, инновациялық индустрияландыру трендін түзеу және күшейте түсу, агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру, шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу бүгінгі күнгі басты міндет болып табылатындығын, мұның бәрі бюджеттің орындалуын қамтамасыз етуге байланысты екендігін атап айтты.
Салық департаментінің басшысы Қайрат Жолмұхамбетов 5 айдың қорытындысы бойынша облыстық бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуын баяндады. 2014 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жергілікті бюджет жоспарының болжамы 104,9 пайызға орындалған. Жоспардағы 10 209 млн. теңгенің орнына қазынаға 10 710 млн. теңге түскен, артық түсім – 501 млн. теңге. Облыстық бюджеттің болжамды орындалуы 99,8 пайыз болды. Орындалмағаны – 10 млн. теңге. Облыстық бюджет жоспарының болжамын 9 аудан орындай алмады. Ең төменгі көрсеткіш Айыртау (67,4%), Уәлиханов (68,2%), М.Жұмабаев (80,2%), Аққайың (89,5%) және Мамлют (90,5%) аудандарында. Аудандар мен қала бюджеттерінің болжамды орындалуы 109,6 пайызды құрады. Жоспардағы 5 349 млн. теңгенің орнына 5 861 млн. теңге түсті, артық түсім – 511 млн. теңге. Жергілікті бюджет бойынша түсім өсімінің қарқыны 103,5 пайыз болды. Сонымен салық салынатын базаға және берілген салықтық есепке сәйкес түсім ырғағын ескере келіп, жергілікті бюджет жоспарының болжамы – 102,2, облыстық – 100,5, аудандар мен қалалық бюджеттер 103,7 пайызға орындалады деп күтілуде.
Облыстық Қаржы басқармасының басшысы Ескен Әкімжановтың айтуына қарағанда, бюджеттің шығыс бөлігінің орындалуы 90,7 пайыз болған. Игерілмеген қаржы – 4 350,8 млн. теңге. Республикалық бюджеттің мақсатты трансферттері 81,9 пайызға орындалды. Игерілмеген қаржы – 2 651,5 млн. теңге. Жергілікті бюджет 94,7 пайызға орындалып, игерілмеген қаржы 1 699,3 млн. теңгені құрады.
Селекторлық кеңесте Ерік Сұлтанов аудандар әкімдерінің есептерін тыңдап, бюджет жоспары болжамының кіріс және шығыс бөліктерінің орындалуына байланысты нақты тапсырмалар берді. Мысалы, Ақжар ауданындағы банкрот деп танылған “Богви” компаниясының өткен жылдан қалған еңбекақы қарызы 40 млн. теңгедей. Соны тез арада өтеу басты міндет болып отыр. Ауданның 6 елді мекеніне су беру қарастырылған болса, соның біреуінде 85 млн.теңгенің конкурсы өтпей қалған. Ол жартыжылдық жоспар болжамының шығыс бөлігінің орындалуына да ықпал еткелі отыр. Мамлютка қаласындағы мектеп құрылысы да аудандық бюджеттің шығыс бөлігінің орындалуына кесірін тигізбек. Ерік Хамзаұлы бұл мәселелердің оңтайлы шешілуін бақылауға алуды өзінің орынбасары Владимир Бубенкоға тапсырды.
Кеңес барысында облыстық Денсаулық сақтау, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, Ауыл шаруашылығы басқармаларының басшылары мен Петропавл қаласының әкімі 5 айдың қорытындысы жайында баяндады.
Кеңес соңында Ерік Сұлтанов аудандардың әкімдері мен бюджет бағдарламаларының облыстық әкімші басшыларына жергілікті және облыстық бюджеттің жоспарлы түсімдерінің сөзсіз орындалуын қамтамасыз етуді, жаңа жұмыс орындарын, өндіріс ошақтарын ашуды, еңбекақыны көтеруді, экономиканың нақты секторында еңбекақы қарызына жол бермеу бойынша жұмысты жандандыруды, әрбір ЖШС мен ШҚ бойынша қалыптасқан жағдайларға сараптама жасай отырып, бюджеттің кіріс бөлігін толтыруға арналған жұмыс топтарының жұмысын белсенді жүргізуді жүктей келіп, олармен осы мәселе бойынша ай сайын жиын өткізіп, бақылау жасауды өзінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровқа тапсырды.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.