«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕС АУДАНДЫ АРАЛАДЫ

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов жұмыс сапарымен Мағжан Жұмабаев, Ақжар, Уәлиханов, Аққайың және Тайынша аудандарын аралап, диқандар қауымымен жүздесіп, егіс науқанының барысы, мал шаруашылығын дамыту, еңбекақы мөлшерін арттыру төңірегінде әңгіме өрбітті.

Мағжан Жұмабаев ауданына жасаған жұмыс сапары барысында облыс әкімінің алғаш аялдаған жері Фурманов ауылдық округіндегі “Акса-Север” серіктестігі болды. Осы жерде аудандағы агроқұрылым басшыларымен әңгімелесу барысында Ерік Сұлтанов көктемгі-дала жұмыстарының қарқыны, жанар-жағармаймен қамтамасыз етілу жағдайын сұрап, білді.

Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында етті ірі қара әлеуетін арттыруға басымдық беру қажеттігін айтып, міндет жүктеген болатын. Осыған ерекше назар аударған Ерік Хамзаұлы диқандар қауымына егіншілікпен қатар, мал шаруашылығын дамытуды да қолға алу керектігін атап көрсетті.

– Мал басын арттыру, біріншіден, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берсе, екіншіден, халықтың әл-ауқатын жақсартуға сеп болады, үшіншіден, экспорт әлеуеті артады. Ол сіздердің кірістеріңіздің өсуінің кепілі болмақ. Осы бағытта жұмыс істеу қажет, – деді облыс әкімі.

“Чистовское” серіктестігіндегі көктемгі-дала жұмыстарының барысы жайында облыс әкіміне шаруашылық басшысы Анатолий Глушко баяндады. Шаруашылық бүгінде 16 мың гектар жерді өңдеуде. Оған қоса 400 бас ірі қара өсіреді екен.

– Егіс науқанын маусымның 1-інде аяқтадық. Мал шаруашылығына келсек, қолдағы сиырлардың құнарын арттыру мақсатында асылтұқымды бұқа сатып алдық. Алда төрт түлік басын одан әрі көбейте түсуді жоспарлап отырмыз, – деді Анатолий Глушко

Жалпы алғанда, аталмыш аудандағы көктемгі-дала жұмыстары аяқталуға таяу. Шаруалар қауымы жанар-жағармай, минералдық тыңайтқыштармен дер кезінде қамтамасыз етілген. Десе де, шешімін күткен мәселе де жоқ емес.

– Егіс науқанын уақытында аяқтадық, ол жағынан туындап отырған күрделі мәселе жоқ. Бізді қинайтыны – тек жол мәселесі ғана, – деді “Салахадин” ЖШС директоры Бари Амоев.

– Жолдың жағдайын көрдім. Оны биыл қалпына келтіре алмаймыз. Келер жылдан бастап оған қаржы бөлінеді, – деді өңір басшысы Ерік Сұлтанов.

Бұдан соң облыс әкімінің жұмыс сапары Ақжар ауданында жалғасты. Онда бүгінгі таңда 238 шаруа қожалығы мен 29 серіктестік жер өңдеумен айналысады.

– Жалпы егістік алқабымыз – 332 мың гектар. Бүгінгі күні 90 пайыздан астам алқаптарда жұмыс аяқталды. Бірер күнде себу науқанын бітіреміз. Майлы дақылдар алқабы былтыр 2900 гектар болған, биыл оны 4 мыңға жеткіздік, – деді Ақжар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі Әбдіжаппар Қиманов.

Аталмыш аудандағы ірі инвестор “Богви” фирмасы өз жұмысын тоқтатқалы оның құрамына енген серіктестіктер бүгінде өз алдына бөлек жұмыс істеуде. Солардың бірі – “Менжинское” ЖШС.

– Егістік алқабымыз – 9 мың гектар, бүгінге дейін 3100 гектарын сеуіп болдық. Дала басына шыққан кезде техникадан қиындық көрдік. Бір апта тек бір себу кешенімен жұмыс істесек, қазір оларды үшеуге жеткіздік. Маусымның 10-на дейін себу науқанын аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз, – деді әңгіме барысында “Менжинское” ЖШС директоры Серікбай Қарипов.

Бүгінде аталмыш аудандағы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің орташа еңбекақысы 40 пен 55 мың теңгенің шамасында. Бұл, әрине, аздық етеді. Осыны атап көрсеткен Ерік Хамзаұлы агроқұрылым басшыларына айлық жалақы мөлшерін 80 мың теңгеден кем қылмауы керектігін ескертті.

Осы күні облыс әкімі Ерік Сұлтанов уәлихановтық шаруалар қауымымен де жүздесті. Аудандағы ірі қара саны 11 мың шамасында. 200 мың гектар егістік жері бар, жайылымдық жер мол. Ресей және Павлодар облыстарымен шектесетін аймақ үшін мал санының аз болуы өте төмен көрсеткіш, деп атап көрсетті облыс әкімі.

Осы сапарында өңір басшысы аталмыш аудандағы “Ар” серіктестігінің элеваторына ат басын тіреді. Агроқұрылым аталмыш нысанды өткен жылдың тамызында іске қосқан.

Уәлиханов ауданындағы жұмыс сапарының соңында өңір басшысы “Жолдасбай-Агро” серіктестігінің мал шаруашылығы қосынына аялдады. Серіктестік бүгінгі таңда егіншілікпен қатар мал өсірумен де айналысады. Қазіргі күні 200 бастай қазақтың ақбас, 400 бас абердин-ангус тұқымды сиыр өсіруде. Соңғысын өткен жылы алған.

Келесі күні өңір басшысы Аққайың ауданында болып, алдымен Лесной ауылдық округіне ат басын тіреп, “Ростан” сүт өңдеу кәсіпорнының жұмысымен танысты. 1998 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан серіктестік бүгінде тәулігіне 30 тонна сүт, 2 тонна май мен 1 тонна ірімшік шығарады. Биыл өндіріс ошағының бұл тауар аталымдары “Алтын сапа” байқауының бас жүлдесін иеленіпті. Төл өнімдерінің 95 пайызы өңір нарығына шығарылады екен. Өзге аумақтардан да сұраныс бар. Облыс әкімімен әңгіме барысында өндіріс орнының директоры Владимир Ростовщиков мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы кәсібінің аясын кеңейтуге мүдделі екендігін жеткізді.

Осы сапарында Ерік Сұлтанов “Дайындық” ЖШС-нің жаз маусымында ірі қараны бағып-күтетін жайылымына аялдады. Мұнда қора-қопсы, сауын және жас төлдерге арналған қоралар, мал бордақылау алаңдары орналасқан. Жеке кәсіпкер Біржан Шаймерденов негізінен мұнда 600 бас асылтұқымды симминталь мен қазақтың ақбас сиырларын ұстайды. Жыл басынан бері 156 бас бұзау алынған. Бұдан басқа қотандағы 100 бас құнажын төлдейді деп күтілуде. Жайылымда Зеңгі баба төлінің шөлін қандыратын суат та қарастырылған. Мұның бәрі жеке қаржының есебінен жүзеге асырылған. Осы жерде облыс әкімі маңайдағы ауылдық округтердің әкімдерімен жүздесіп, жергілікті тұрғындардың жағдайын сұрастырды.

Аққайың ауданының орталығында Ерік Хамзаұлы жаңадан салынып жатқан емхана құрылысының басында болды. Бүгінде ғимараттың негізгі құрылысы тамамдалған. Қалғаны – ішкі әрлеу жұмыстары, ауланы абаттандыру және қондырғылар орнату.

Күніне 250 адамды қабылдауға арналған емдеу мекемесі үстіміздегі жылдың желтоқсан айында халық игілігіне берілуі тиіс. Бас мердігер – “Основание” ЖШС директоры Сергей Тимофеев Ерік Сұлтановқа маңызды нысанды мерзімінен бір ай бұрын тапсыратынын жеткізді.

Смирново ауылындағы тұрғын үй құрылысы да өңір басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Жыл соңына дейін 10 жеке тұрғын үйдің кілті кезектегі жетім-жесірлерге табысталмақ. Олардың әрқайсысына “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы аясында 6 млн. 200 мың теңге көлемінде қаржы жұмсалмақшы. Бұған қоса инженерлік желілер тартуға 500 мың теңгеден бөлініпті.

Аудан орталығында “ИКЕА ТАС ГРУП” ЖШС элеватор-диірмен кешенін тұрғызуда. Өңір басшысы осы нысанда болып, құрылыс барысымен танысты. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 60 тонна астық қабылдап, 120 тонна ұн үгеді. Бүгінде 1,7 млрд. теңгелік жобаның 50 пайызы еңсеріліпті.

Бұдан соң Ерік Сұлтанов жер өңдеумен айналысатын “Санто-Мария” ЖШС-нің егістік алқабында Аққайың ауданының агроқұрылым басшыларымен және диқандарымен кездесті.

Осы кездесулерден кейін облыс әкімі Тайынша ауданында болды. Онда да көктемгі-дала жұмыстары еңсерілуге таяу. Жоспарланған 599 мың гектардың 475 мыңына бидай себілуде.

Осы ауданда жуық арада облыста баламасы жоқ ет өңдеу кешені пайдалануға берілмек. Ерік Хамзаұлы осы нысанда да болып, “Артари” ЖШС-нің атқарып жатқан шараларымен танысты. Аталмыш кәсіпорын жылына 15 мың тонна ет пен 9 мың тонна шұжық өнімдерін шығаруды көздеп отыр. Төрт түліктің кез келгенін сойып, дайын өнімге дейінгі бар үдеріс заманауи кешенде жасалмақ. Ол үшін озық үлгідегі қондырғылар орнатылып қойған.

Облыстық маңызы бар Лавровка-Чкалово бағытындағы тас жолды жөндеу жұмыстары да өңір басшысының назарынан тыс қалған жоқ. 170 шақырымдық жол қатынасын толықтай жақсарту үшін 6 млрд. теңгенің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіпті.

Қарызға батып, банкротқа ұшыраған ірі жоба – “Биохим” компаниясының жұмысына жыл соңына дейін қан жүгіруі мүмкін. “ҚазМұнайГаз” АҚ биоэтанол әзірлеу ісін жандандырушыларын қолға алмақшы. Облыс әкімі тың бастамаға ниеттілердің өкілдерімен жүздесіп, техникалық аудит жүргізуді тежеп тұрған бірқатар мәселенің басын қайырды.

“Астық СТЕМ” ЖШС Ерік Сұлтановқа көкөніс алқаптарын тамшылап суару жұмыстарын көрсетті.

Өңір басшысы “Вишневское” серіктестігінің танап басында болды. 42 мың гектар аумаққа бидай мен майлы дақылдар теңдей бөлініп егілуде.

Сапарының соңында Ерік Сұлтанов үш бірдей ауылдың еңбекке жарамды 700-ден астам тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отырған “Тайынша-Астық” ЖШС-іне аялдады. Агроқұрылым негізінен мал шаруашылығының әлеуетін арттыруға ден қойған.

Самат ЕСМАҒИ,

Жеңіс ЕРМҰҚАНОВ.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp