Облыс орталығында және Қызылжар ауданында эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты блокбекеттер қойылды. Атап айтқанда, Петропавл қаласы маңында 4 блокбекет және Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылына кіреберіс – “Жезқазған – Петропавл” тас жолының 935-шақырымында бір блокбекет жұмыс істеп тұр.
Петропавл қаласы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, шаһарға блокбекеттер арқылы аудандық әкімдіктер ұсынған тізімдер бойынша жұмысқа келгендер және денсаулық жағдайына байланысты жол жүргендер кіріп-шыға алады. Бұл ретте олардың қолында медициналық мекемеден берілген арнайы жолдама немесе анықтама болуы тиіс. Бұдан бөлек, блокбекеттерден тұрғындардың тіршілігін қамтамасыз ету кәсіпорындары мен ұйымдардың қызметкерлері, апаттық-құтқару қызметі және жедел медициналық көмек көрсету көліктері, табиғатты қорғау және ветеринарлық, жол жөндеу жұмыстарына қатысты іс-шараларға жұмылдырылған мамандар, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет көрсетушілер және бірінші қажеттіліктегі тауарларды жеткізушілер кедергісіз өте алады. Ал қалған азаматтар Петропавлға ПТР-тестінің қорытындысы теріс болғанын дәлелдейтін анықтамамен ғана кіре алады. Үш тәулікке дейін жарамды анықтама бес жасқа дейінгі балаларға ғана қажет емес. Петропавл мен облыс аудандары арасындағы жолаушылар тасымалы қызметі тоқтатылғанын да айта кеткен жөн.
Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматовтың айтуынша, бір блокбекетте 6 полиция қызметкері кезекшілік етуде. Олар барлық мәліметтерді “Сергек” базасына енгізетін болады. Жалпы, бір тәулікте 60 тәртіп сақшысы осы бес блокбекетке кезекшілікке жұмылдырылмақ.