«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕС ЖЫЛДЫҚ БАҒДАРЛАМА: өскелең ұрпаққа қамқорлық

“Nur Otan” партиясының “Jas Otan” жастар қанатының 2025 жылға дейінгі “Жастар – Отанға!” бағдарламасы өскелең ұрпақтың өмір сапасы мен қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған. Жаңа бағдарламаны әзірлеу барысында елі­міз­дің үздік сарапшылары мен саясаттанушылары жастар мәселесіне қатыс­­ты халықаралық ұйым­дардың концепциялары, әлемдік үр­діс­тер мен тәжірибелерді негізге алған болатын. Өңірлер үшін әзірленген бағдарлама еліміздегі беделді, партияның жұмысын білетін білікті мамандарды іріктеу мақсатында жарияланған праймеризге үміткерлер арасында өткен пікірсайыстардың барысында қызу талқыға түсті. Осы орайда, саяси додада бағын сынаған жергілікті 632 үміткердің 26 пайызы 35-ке дейінгі жастар екенін баса айта кеткен жөн.

Жалпы бүгінде Солтүстік Қа­зақ­стан облысында тұратын жас­тар өңір тұрғындарының 18,4 па­йызын құрайды. Ауыл жастары­ның үлесі қалалық өрендерден жоғары, яғни 60,7 пайыз. Үстіміз­дегі жылы мемлекеттік жастар сая­сатын іске асыруға 172 млн. 382 мың теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16 471 000 теңгеге аз. Ал мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыруға бөлінген қаржы 54,171 млн. теңгені құрайды.
Былтырғы “Жастар жылы” ая­сында Мемлекет басшысы ауылда тұратын өрендерге және жұ­мысшы мамандықтарды таңда­ған жастарға ерекше назар ауда­руды тапсырып, осы бағытта бір­қа­тар шаралар қолға алынды. Бір жылда облысымызда 197 маман жастармен жұмыс істеп, тәлімгер­лік етуге бекітілді. Өскелең ұрпақ арасындағы өзекті мәселелердің бірі – еңбекпен қамтуға да баса назар аударылуда. Өткен жылы аталған мәселе бойынша 1293 жас өтініш білдіріп, оның 973-і “екі қолға бір күрек” тауып, маман­дығы бойынша жұмысқа орнала­суға мүмкіндік алды. Осы орайда, бос жұмыс орындары жәрмең­ке­сін өткізу дәстүрге айналып, көп көмегін тигізді. Есептік кезеңде 8 жәрмеңке өткізіліп, бірқатарын ұйымдастыруға мүдделі ұйымдар белсенді атсалысты. Жұмыссыз­дық мәселесінің түйінін тарқатуда аумақты дамыту, нәтижелі жұ­мыс­пен қамтуды және жаппай кәсіп­керлікті дамытудың “Еңбек” мемлекеттік бағдарламалары­ның да үлесі зор. Аумақты дамы­ту бағдарламасы аясында жұ­мыс­сыздар қатарынан 6155 жас жұмысқа орналасса, тағы 5912 жас жаңа жұмыс орындарына жіберілді. Жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша 4527 жас жұ­мыспен қамтылып, 569-ы қоғам­дық жұмыстарға жұмылдырыл­ды.
“Jas Otan” жастар қанаты облыстық филиалының жетекшісі Біржан Құдайбергеновтің мақаласының толық нұсқасын газетіміздің ертеңгі санынан оқи аласыздар.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp