Биыл қыс ішінде, желтоқсанның жуан ортасында күн күрт жылынып, кей жерлерде тіпті жаңбыр сіркіреп, дала төсін жапқан ақ ұлпа қаймыжықтай мұзға айналып, ағаш бауырындағы оппа қардың бетіне екі елі сіреу қатып, малсақ қауымға қиын болды. Оның үстіне соңғы күндері тағы да Арқадағы ауа райы май тоңғысыз болып тұр. Қар тым қалың болмағанымен, сіресіп қатып қалды. Күпшек санды бие мен қаба жалды айғырлар болмаса, ұсақ мал, жабағытай тебінге жарамай қалу қаупі бар. Оның үстіне кей жерлерде орылмай қалған егін де малшыға сор. Масақ басындағы бидай мұздап тұр. Жемге жерік жылқы малы, оның ішінде желіндеген биелер шамадан тыс көп жеп қойса, ішке түскен жем қызып, ісініп, бөртіп, ақыры құлын тастамақ. Демек, жылқыны аңызға емес, адырға жайған жөн.
Жалғыз бұл ғана емес, соңғы кезде іргедегі Астананың соғымқұмарлары тек байталдың, жас биенің етіне жерік болып алды. Түнеукүні Саумалкөл ауылындағы орталық базардың ет сататын орамына бас сұққан едік. Сатармандар бірінен-бірі асырып, жас биенің еті деп жар салып тұр. Бәрі тегіс. Шынында да, алдарындағы мүшеленіп бұзылған, қазысы туырылып, қартасы бұйра-бұйра болып жатқан семіз жылқының еті аппақ. Ал мініс көрген кәрі малдың еті сарғайып кетсе керек еді.
Ойын-шынын араластырып, сатарманның бірінен кәрі малдың етін сұрадық.
– Оны қайтесің? – деді сатушы.
– Құрдастарымды шақырайын деп едім. Отырсын тістері өтпей, қаужаңдап, – дедім мен.
Басын көтеріп, бетіме қарады. Ақыл-есімнің дұрыстығына күмәнді. Мен де күмәндімін. Жас биені жау тигендей жайратып сата берсек, тігерге тұяқ қала ма?
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.
Айыртау ауданы.