«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БИЗНЕСТЕГІ БҰРЫМДЫЛАР

Бүгінде әйелдер қоғам өмірінің белсенді мүшесіне айналып, түрлі салада биіктерді бағындырып, ел дамуына өз үлестерін қосып отыр. Қазіргі қазақ әйелі тек адал жар, қамқор ана, үйдің берекесін сақтаған ошақ иесі ғана емес, кәсіпте де табысқа жеткен іскер жан екенін дәлелдеп келеді. Қыз-келіншектер мемлекеттік басқару, қаржы, ғылым сияқты маңызды салаларда еңбек етіп, күш-жігерін еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында сарп етуде. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жыл өткен сайын елімізде бизнес саласындағы әйелдердің үлесі көбеюде.

Әлемдік ірі компаниялар мен билік органдарында жауапты лауазымдардағы қыз-келіншектердің үлесіне қатысты арнайы стандарттар бар. Мамандар Қазақстандағы көрсеткіштер де бірте-бірте сол межеге жақындап келе жатқанын айтады. Әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған бағдарламалар қабылданып, «Даму» қоры арқылы жүзеге асырылуда.

Былтырғы деректер бойынша облыста 39426 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген болса, соның 15 мыңнан астамына әйелдер басшылық етіп отыр. Осының өзі өңір экономикасындағы бұрымдылардың үлесі елеулі екенін көрсетеді. Кәсіпте жүргендер тек жаңа жұмыс орында рын ашып қана қоймай, тың инновациялық шешімдер енгізіп, нарықтың алуан түрлілігін қамтамасыз етуде.

Өңірде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту үшін бірқатар бағдарламалар жұмыс істейді. Несиелерді кепілдендіру мен субсидиялаудың бірыңғай жобасы бизнесті дамыту үшін ай тарлықтай қолдау болып отыр. Өткен жылы өңірде несиені субсидиялау бойынша 514 келісім жасалса, соның 37 пайызы әйелдерге тиесілі. Сонымен қатар бұрымды кәсіпкерлердің кепілдік беру бойынша құны 964 млн. теңге болатын 93 жобасы мақұлданған.

Бұдан бөлек, былтыр Еуразия қайта құру және даму банкінің қолдауымен «Үміт» бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама әйелдер басқаратын шағын және орта бизнеске жеңілдетілген қарыздар мен білім беру курстарына қол жеткізуге жол ашады. «Үміт» бағдарламасы аясында берілетін қаржының сыйақы мөлшерлемесі 16,5 пайыз болса, 7-10 пайызын субсидиялауға мүмкіндік бар. Қарыздың ең жоғары көлемі – 100 млн. теңге. Қаржыны инвестицияға немесе айналымдағы қаражатты көбейтуге жұмсау қарастырылған.

Жалпы айтқанда, облыста әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бағдарламалары арқылы былтыр құны 81 млрд. теңге болатын 1281 жоба субсидияланды. Сонымен қатар 6,7 млрд. теңгенің 633 жобасына кепілдік берілді. Мұның бәрі бұрымдылар бизнесінің дамуына, сол арқылы өңір экономикасына оң ықпал етті.

Қызылжардағы кәсіпкер әйелдер ауыл шаруашылығы, өндіріс, қызмет көрсету сынды тағы да басқа бағыттарда еңбек етіп, ел дамуына үлес қосып келеді. Іскер жандардың арқасында мыңдаған жұмыс орындары ашылып, тұрғындар екі қолға бір күрек тауып отыр. Бұл мысалдар қажетті қолдау мен ынта болса, әркімнің алға қойған мақсатына жетіп, биіктерді бағындыра алатынын айғақтайды.

Сөз жоқ, отбасының ұйытқысы болып жүрген жандардың іскерлік салада табысты болуы оңай емес. Үйінің берекесін кіргізіп, перзентіне дұрыс тәрбие беріп, ағайын-туысқа жылы қабақ танытып жүретін жандардың басқа іске уақыты да бола бермейді. Осындай сәтте бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен ойындағы идеясын жүзеге асыруға күш табатын бұрымдылардың еңбегі құрметке лайық. Бизнестегі әйелдер – табанды еңбегі мен таудай талабының арқасында табысқа жеткен жандар. Олардың иығындағы жауапкершілік жүгі екі есе ауыр. Шаңырақта отбасының берекесі, бизнесте білікті басшы болып келе жатқан арулар талай жанды тамсандырырып, талай адамға күш-жігер сыйлайтыны анық.

Гүлбаршын ДӘУЛЕТБАЕВА,

«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры облыстық филиалының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp