Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған шаралар аясында жуырда облыстық ішкі істер органдарының ардагерлері бильярдтан турнир өткізді. Оған ішкі істер департаментінің облыстық аппараты, әкімшілік полициясы, қалалық ішкі істер басқармасы және мамандандырылған күзет қызметі басқармасы органдарының ардагерлері жиналды. Бұл жарыс дәстүрлі өткізіліп келеді, жыл сайын бильярд клубында ішкі істер органдарының ардагерлері жиналып, үздік ойыншыны анықтайды.
– Биылғы жылы біз турнирді Жеңістің 70 жылдығына арнадық, майдангерлердің ерлік істері бүгінгі жас ұрпақ өкілдеріне де, ішкі істер органдарының ардагерлері – біздерге де әрдайым отансүйгіштіктің, елге адал қызмет етудің және өз ісіне адалдықтың үлгісі. Олардың қаһармандық пен ерлігінің арқасында бүгінде біз еліміздің қол жеткен табыстарына қуанып, тәртіп қорғау органдарындағы өз міндеттерімізді мінсіз атқарып, одан құрметті еңбек демалысына шығып, тыныш ғұмыр кешіп жатырмыз, – дейді ішкі істер органының ардагері, отставкадағы полковник Әбдірахман Тоқышев.
Өңірдің ардагер полицейлері бильярд ойынымен ғана шектелмейтінін атап өткен жөн. Олардың қатысуымен дәстүрлі волейбол, шағын футбол және балық аулау жарыстары өтіп тұрады.
Бильярд жарысының қорытындысы бойынша бірінші орынды әкімшілік полициясы басқармасының командасы жеңіп алды. Турнир кестесіндегі екінші орынды мамандандырылған күзет қызметінің ардагерлері еншіледі. Облыстық ІІД аппаратының ардагерлер командасы жүлделі үшінші орыннан көрінді. Жекелей біріншілікте әкімшілік полициясы ардагерлерінің өкілі Бексұлтан Бижанов үздік шықты. Одан кейінгі жүлделі орындарға күзет қызметінің ардагері Нұрғали Оразалинов пен департамент аппаратының ардагері Бағдат Испанов ие болды.
Жарыс жеңімпаздарына турнир кубогы мен грамоталарын облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов тапсырды.
Динара САҒЫНДЫҚОВА,
облыстық ішкі істер департаменті
баспасөз қызметінің аға инспекторы.