«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЛОКБЕКЕТ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

9 қарашадан бастап Петропавлда және Қызылжар ауданында эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты 5 блокбекет қойылған болатын. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Бескөл ауылының кіреберісіндегі блокбекеттің жұмысымен танысты.

Петропавл қаласы әкімі Болат Жұмабековтің айтуынша, шаһарға блокбекеттер арқылы аудандық әкімдіктер ұсынған тізімдер бойынша жұмысқа келгендер кіріп-шыға алады. Әзірге 10 ауданнан келіп түскен тізімдерге 8 мың адам тіркелсе, олардың 1200-і – қалада тұрып, аудандарда жұмыс істейтіндер. Сонымен қатар блокбекеттер арқылы денсаулық жағдайына байланысты жол жүргендерге рұқсат етілген. Бұл ретте олардың қолында медициналық мекемеден берілген арнайы жолдама немесе анықтама болуы тиіс. Бұдан бөлек, блокбекеттерден тұрғындардың тіршілігін қамтамасыз ету кәсіпорындары мен ұйымдардың қызметкерлері, апаттық-құтқару қызметі мен жедел медициналық көмек көрсету көліктері, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет көрсетушілер және бірінші қажеттіліктегі тауарларды жеткізушілер кедергісіз өте алады. Ал қалған азаматтар Петропавлға ПТР-тестінің қорытындысы теріс болғанын дәлелдейтін анықтамамен ғана кіре алады. Үш тәулікке дейін жарамды анықтама бес жасқа дейінгі балаларға ғана қажет емес.
Өңір басшысы жергілікті биліктің тұрғындардың шектеу шараларының енгізілуіне байланысты туындаған сауалдарына жедел түрде жауап берулері керектігін айтты.
– Өңірімізде коронавирус жұқтырғандар саны күн сайын өсіп жатыр. Оның жартысына жуығы облыс орталығына тиесілі. Тұрғындарда туындаған барлық сұрақтар Петропавл қаласы әкіміне келіп түсуі тиіс. Шаһар басшысы алғашқы аптада күн сайын «Zoom» арқылы тікелей эфирге шығатын болады. Ал аудан әкімдері күнара тікелей эфирде сұрақтарға жауап берулері керек. Сонымен қатар мәселелерді жедел шешу үшін басқармалар да осындай режимде жұмыс істейтін болады, – деді Құмар Іргебайұлы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp