«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОЗ КІЛЕМНІҢ ТОЛАҒАЙЫ Эльмира Сыздықова — қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада жүлдегері

2016 жылдың 17 тамызы әлі күнге дейін есімізден кетер емес. Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласындағы жазғы Олимпиада ойындарында әйелдер арасында еркін күрестен ақтық белдесулер өтуде. Дүбірлі додада үш салмақтың өкілдері тартысуда. Жүлдеге таласатындар арасында жерлесіміз Эльмира Сыздықова да бар.

…Боз кілемде 69 килограмм салмақта қола медаль үшін Қазақстанның үкілеп қосқан балуан қызы Мысыр елінің намысын арқалап келген Энас Мостафа Юссеф Ахмедпен белдеспек. Төрешілердің белгі берісімен қос балуан алға ұмтылды. Орта бойлы, қимыл-қозғалысы ширақ Эльмира бойшаң, денелі келген қарсыласына қарағанда біршама жылдам. Еркін күрестің әдістерін әбден меңгергені де анық байқалады. Эльмира қарсыласын жеңудің амалын жасауда. Бұған дейін халықаралық сайыстарда кездесіп, күресіп көрмеген қарсыластар үшін бір-бірінің осал жерін табу қиын. Әуелі жерлесіміз бір ұпай беріп қойды, дегенмен жаттығуларда төккен тер мен бапкерлерінің сенімін ақтауды көздеген жерлесіміз кезеңнің аяқталар тұсында қарсыласын жамбасқа алды. Төреші төрт ұпай берді. Есеп – 4:1. Осы уақытта күллі көрермен “Қазақстан! Қазақстан! Қазақстан!” деп гулесін кеп. Балуандардың шаршайтын түрі жоқ, уақыт өткен сайын қыза шабатын қазанаттай алға ұмтылады. Екінші кезең басында Ахмед айласын асырып, есепті теңестіргенде де қаракөз қыз босаңсыған жоқ. Намысты ту еткен Эльмира Ахмедтің əдісін өзіне қарсы қолданып ту сыртына шығып кетіп, астына басып үлгерді де, тағы үш ұпай олжалады. Сөйтіп, кездесудің соңына дейін қарсыласына әдіс жасауға мұрша бермей, таблодағы 7:4 есебін өзгеріссіз қалдырды. Мысырлық балуанды айқын басымдықпен ұтқан Сыздықова төреші ысқырығын жеңімпаз ретінде естіді. Көкірегін қуаныш кернеген нәзік жан Қазақстан туын қолына алып, жанкүйерлерді жағалай жүгіріп, бір-бірлерінен сүйінші сұраған жұртшылықпен қауышты. Иә, спортшы қыз осы бір күнді қаншама күтті. Осы биікті бағындыру үшін қаншама тер төкті. Ақыры дегеніне жетті…

Міне, осылайша Эльмира Сыздықова ел құрамасының қоржынына 12-ші медаль салып, əйелдер күресінен Елена Шалыгина жəне Гүзел Манюровадан кейін Қазақстанға жүлде əкелген үшінші балуан қыз атанды.

Эльмираның бұл қоласын жерлестері алтынға балап, ерекше толқыныспен қабыл алды. Әсіресе, жерлесінің сайысын көгілдір экранның арғы жағынан туған жері – Қызылжар халқы тебірене тамашалады. Эльмираның қазақтың балуан қыздары арасында тұңғыш рет Олимп шыңына көтеріліп, қола медаль жеңіп алуы еліміздің спорт тарихында алтын әріптермен жазылып қалары сөзсіз.

Әлемнің кіл мықтылары жиналған бәсі биік додада 24 жастағы Эльмира үшін жүлдеге қол жеткізу оңай болған жоқ. Олимпиаданың беташар белдесуінде ол 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы, 2015 жылғы әлем чемпионы ресейлік Наталья Воробьевадан 1:4 есебімен ұтылды. Əрине, бірден Олимпиада чемпионымен белдесіп, қарсылық көрсету кімге болсын оңайға соқпас.

– Воробьеваның финалға өтетініне толық сенімді болдым. Себебі, ол Риоға басты фаворит ретінде келген. Атлеттерге арналған аймаққа барып, қола жүлдеге таласамын деп іштей өзімді дайындап, денемді қыздырып жүрдім. Күткенімдей, Наталья финалға шықты да одан жеңілген үш балуан қола медальға таластық, – деп сол күнді еске алды спортшы.

Балуан қыз тағдырдың өзіне тосыннан берген мүмкіндігіне қос қолдап жабысты деуге болады. Әуелі ол Моңғолия елінің өкілі Очирбатын Насанбурмамен белдесті. Аса тартысты өткен күрес 2:2 есебімен тең аяқталды. Төрешілер ақылдаса келіп, кілем үстінде белсенділігімен көзге түскен біздің балуанға бір ұпайды артық беріп, жеңісті қолына ұстатты.

Төрт жылдықтың басты додасы Қазақстан үшін тұңғыштар Олимпиадасы болғаны сөзсіз. Еліміздің фавориттері белгілі себептерге байланысты жарыс жолына шыға алмаса да жастар олардың орнын жоқтатпай, жүлделі орындардан көрініп, “сенсация” жасады деуге болады. Ауыр атлет Жазира Жапарқұл 69 килограмм салмақта күміс медаль иеленіп, қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада жүлдегері атанса, былғары қолғап шебері Дариға Шəкімова да үздік үштікті түйіндеп, Олимпиада жүлдегері қатарына кірген тұңғыш боксшы қазақ қызы атанды.

– Әкем Әнуәрбек көп жыл бойы бокспен айналысқан еді. Кеңес одағы кезінде үлкен спортқа шығуға мүмкіндігі болмады. Анашым да саламатты өмір салтын ұстанды. Қарап отырсаңыз, олар менің де спортпен шұғылданғанымды қалады және 2006 жылы күрес үйірмесіне өздері ертіп апарды. Екеуі де спорт түрлерінің ішінен еркін күресті маған құп көрді және күні бүгінге дейін қолдауларын білдіріп келеді. Сегізінші сыныпта оқып жүргенімде әкем Қарағанды қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы спортқа дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-интернаттың күрес бөліміне берді. Содан бері өмірімнің саналы бөлігін спортқа арнап келемін, – дейді ол.

Эльмира Сыздықова күрес әлемінде бірқатар биіктерді бағындырып үлгерді. 2012 жылы жасөспірімдер арасында Азияның чемпионы атанды. Арада бір жыл өткенде “Голден Гран при – 2013” турнирінің күміс жүлдесіне қол жеткізеді. 2014 жылы ересектер арасында Моңғолияда өткен Гран при жарысында қарсыластарының бәрін жеңіп, алтыннан алқа тағынды. Бір жылдан кейін Азия чемпионатында күресіп, тек финалда ғана қарсыласына жол беріп, күміс медальді еншілейді.

Былтырғы жыл да Эльмира үшін аса табысты жылдардың бірі болды. Алдымен ол И.Ярыгиннің жүлдесі үшін өткен Гран при турнирінде топ жарса, одан кейін Азия чемпионатында тағы да күміс жүлде алды. Ташкентте өткен кадеттер арасындағы Азия чемпионатында топ жарып, жұрттың назарын өзіне бірден аудартты. Осылайша, ол болашағынан мол үміт күттірген балуандар санатына қосылды.

Боз кілемде өзінің мықтылығын талай мәрте дәлелдеген Эльмира Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың дене тәрбиесі және спорт факультетін және Қарағанды экономикалық университетін мемлекеттік басқару мамандығы бойынша тамамдаған. Балуан қыз өзінің болашақтағы жоспарын да ортаға салды. Эльмираның үш жылдан кейін Жапонияның Токио қаласында өтетін жазғы Олимпиадаға қатыссам деген ниеті бар. Үздіктермен белдесіп, тәжірибесі толыға түскен спортшы алдағы төртжылдықтың басты сайысында алтыннан үміттілер қатарында.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp