Қазақстан жаңа жаһандық кезеңге аяқ басты. Бірақ елімізде экономикалық дағдарыс орын алып, соған байланысты қиындық туындауда. Дағдарыстан аман-есен өту мақсатында Елбасымыз Қазақстан халқына “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты Жолдауын арнап, сындарлы стратегиясымен сара жол көрсетті.
Биыл біздің ата-бабамыз аңсаған азаттық туын желбіретіп, Тәуелсіздігімізді алғанымызға 25 жыл толады. Бұл – барша қазақстандықтар үшін мерейлі белес. Екі мүшел жасаған еліміз нағыз даму сатысына көтеріліп, әлемдік көш бастап тұрған елдермен иық түйістіру үшін қолда бар мүмкіндіктерді пайдалануда. Осы уақыт аралығында не істедік деген заңды сауал әр адамға ой салары анық. Жеткен жетістігіміз аз емес, алайда атқарылуы тиіс шаруа көп. Дағдарыс мәңгілік емес. Сондықтан оны табиғи құбылыс ретінде түсінуіміз керек.
Біздің болашағымыз өз қолымызда. Ел экономикасын көтеру де бізге байланысты. Шындығын айтқанда, ортамызда алыпқашпа сөздерге еріп, түймедейді түйедей етіп көрсететіндер баршылық. Әр адам елім деп еміреніп, Отаным деп құрақ ұшатын болса, біз бағындырмайтын белес, алмайтын қамал жоқ. “Бірлігі мықты елді жау алмайды” дегендей, бірлік бар жерде әрқашан тірлік болатынын ұмытпауға тиіспіз.
Біз қазір күрделі әрі қиын кезеңге аяқ бастық. Қол қусырып отырудың реті жоқ. Жұмыс істеуге қабілеті барлар өздерін көрсетуге тырысулары қажет. Қазіргі таңда қандай салада жұмыс істесек те, ешқандай шектеу қойылмаған. Ал жұмыс істейтін адамға әрқашан қолдау бар. Кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан ерекше көмек көрсетілетінін баса айтып өткім келеді.
Біздің ауданымызда 1624 кәсіпкерлік субъектісі бар. Оның ішінде 168 шаруа қожалығы болса, 1213 адам жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Барлығы да өздерінің шама-шарқынша жұмыс істеуде. Әрқайсысы ел экономикасын көтеруге атсалысуда. Бұл, әрине, қуанышты жай. Азаттық аңсаған ата-бабаларымыз да елдің тәуелсіздігі үшін күресті емес пе? Көк тудың астында береке-бірлігі жарасқан ел болу үшін әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз қажет.
Кәсіпкерлерге көрсетілетін көмек ерекше екенін жоғарыда айтып өттім. Осы орайда былтыр аудан бойынша “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында жалпы құны 94 миллион теңге тұратын 8 жоба жүзеге асырылып, бірнеше адам жұмыспен қамтылды. Елбасымыз айтқандай, бүгінде шағын және орта бизнес саласына ерекше басымдық берілуі керек. Экономиканың дамуына үлес қосатын да солар. Ал біздің осы заманға сай өмір сүруге бейімделгеніміз жөн. Кәсіпкерлер де заманға сай бейімделіп, қоғамға қажетті іспен шұғылданса, құба-құп.
Бүгінде нарық тұрақсыз. Ал нарықта өз орнын тауып, бәсекелестікпен жұмыс істеу оңай шаруа емес. Бәсекелестік демекші, бәсекеге қабілеттілік – өзекті мәселе. Бұрынғыдай қазір арқаны кеңге салатын кез емес. Бәрі де уақыт лебімен тыныстауда. Егер заманға сай уақыт көшіне ілесе алмасаң, болашағың да жарқын болмасы анық. Сол себепті өткенімізді саралап, ертеңіміз үшін жоспар құрып, нақты жұмыс істеу керек деп ойлаймын. Бүгінде біздің кәсіпкерлердің ұмтылысы да жаман емес. Елбасымыз биылғы Жолдауында да шағын және орта кәсіпкерлік үшін әкімшілік кедергілерді жою керектігін тағы бір еске салып, өңдеуші салаларға басымдық берілуі қажет екенін айтты. Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкі Қазақстан үшін 2016 жылға жоғары экономикалық өсу қарқынын болжағанын Президентіміз ерекше атап өтті. Еңбек өнімділігі артып, қазақстандықтардың жаңа қарқынмен жұмысқа кіріскені де қуанышты хабар. Біз қазір Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшеміз. Бұл – жас мемлекет тарихындағы маңызды кезең әрі үлкен жетістік. ДСҰ-ға өтуіміздің арқасында енді кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады. Экспорттық әлеуетіміз артып, өнім көлемі ұлғаяды. Бұл халықтың табысты еңбек етуін қамтамасыз етеді. Елімізде шығарылатын өнімдерді енді шетелдіктер де кең ауқымда тұтынуға мүмкіндік алмақ.
Біздің дағдарысқа қарсы басты стратегиямыз өсімге, реформаларға және дамуға байланысты. Егер осы үш бағыт бойынша жұмыс істейтін болсақ, табысқа жететініміз анық. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан – 2030” Стратегиясы ойға оралып отыр. Бұл маңызды құжат жарияланғанда белгіленген межелер қол жетпес сағымдай болып көрінетін. Қазақстанның экономикалық өрлеуіне сенімсіздік бар еді. Бірақ біз 100 пайыз нәтижелі жұмысқа қол жеткізіп, жобалар табысты жүзеге асырылды. Сондықтан Президенттің әрбір Жолдауы терең мағынаға толы саяси маңызды құжат деп білемін. Ал оны табысты жүзеге асыру – барша қазақстандықтардың міндеті.
Гүлмира ӘБІЛҚАЙЫРОВА,
Айыртау аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы.