«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОЛАШАҚТЫҢ МАМАНДЫҚТАРЫ

Технология дамыған сайын күнделікті тұрмысымызда көп жұмысты атқару жасанды интеллекті мен роботтарға тапсырылуда. Кейбір кәсіпорын иелері жұмысшы ретінде адамнан гөрі жалақы төлеуді қажет етпейтін және қателік жібермейтін заманауи технологияларды таңдайды. Технологияның көз ілеспес жылдамдықпен дамуы мамандықтардың да өзгеруіне әкеліп соқтыруда. Біз бұл мақаламызда алдағы уақытта қай мамандықтар сұранысқа ие болып, қандай мамандықтардың маңызы жоғалатынына сараптама жасап көрген едік.

Бүгінде ChatGPT-дің игілігін пайдаланбайтын адам аз. ChatGPT — OpenAI компаниясы әзірлеген, 2022 жылы іске қосқан генеративті жасанды интеллект чат-боты. Мамандардың айтуынша, ChatGPT чат-боты аспаз рөлінде қажетті мәзірді бере алады, маркетологтар үшін бизнес-жоспарлар жасайды, қоғаммен байланыс мамандары үшін баспасөз баяндарын жазады немесе психотерапевт секілді кеңес бере алады. Пайдаланушылар жасанды интеллектіден эссе, өлең немесе сценарий жазуды, сондай-ақ мәтінді аударуды сұрай алады. Ол сондай-ақ түрлі тақырыптар бойынша сұрақтарға жауап беріп, кодтау мәселелерін шешуге жәрдемдеседі. ChatGPT чат-ботын пайдалану үшін тек ОpenАl сайтында тіркеліп, диалогты бастасаңыз болғаны.

Робот техникасының дамуы салдарынан жұмыс орындары азаятынын сарапшылар да растап отыр. 2015 жылы Оксфорд университеті баспасынан жарық көрген Ричард Сасскинд пен Дэниель Сасскиндтің «Мамандықтар болашағы» атты кітабында қазіргі мамандықтарды екі түрлі өзгеріс күтіп тұрғаны айтылған. Біріншіден, жаңа технологиялар дәстүрлі жұмыс түрін жеңілдетуі мүмкін. Мысалы, дәрігер емделушімен Skype арқылы байланысса, сәулетші дизайн жасау үшін компьютерлік бағдарламаларды қолданады. Екіншіден, технологиялар кез келген салада проблемаларды шешудің тиімді тәсіліне айналады. Жоғарыда айтылған медициналық онлайн диагностикалау маманның ісін жеңілдетсе, кейбір жаңа технологиялар әсерінен қызметкерлер жұмысынан айырылуы мүмкін.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова өткен жылы Қазақстанда сұранысқа ие болатын жаңа мамандықтардың тізімін жариялады. Министр жаңа мамандықтарды: қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді деп үшке бөлді.

— Қысқа мерзімді болжам жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мен бос жұмыс орындарын жариялайтын кәсіпкерлердің өтінімдері негізінде қалыптасады, оның негізінде ұзақ мерзімді болжам қазақстандық нарықта пайда болатын болашақ салалар туралы ақпаратты қамтиды, — деді министр.

Тізімге жасанды интеллект, атом электр стансасының жұмысшылары, блокчейн технологиясын әзірлейтіндер, IT дизайнерлері, бағдарламашылар және цифрлық егіс даярлаушылар секілді мамандықтар кірді.

«Болашақ» қауымдастығының мүшесі Ақерке Абылайханның сөзінше, бүгінде еліміздің 1500 азаматы «Ядролық физика» саласы бойынша білім алып жүр. Атом энергетикасы саласындағы сарапшылардың пікіріне сүйенсек, мамандардың 20 пайызының «Ядролық физика» саласында білімі болуы керек. Жаңа мамандықтар атласында атом өнеркәсібі саласына қатысты сұранысқа ие жаңа мамандықтар: АЭС құрылысын және оны пайдалануға беру ісін жүргізетін маман, реакторлық құрылғылардың инженері, ядролық отын өндірісі циклі бойынша инженер-технолог мамандар қажет болады.

Мағжан Жұмабаев атындағы ІТ мектеп-лицейі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жандос Манкошев отандық ғылым саласына IT мамандардың ауадай қажеттігін айтады.

— Заманауи қоғамның сұранысына сай және ақпараттық қоғамның талабына сәйкес IT саласының мамандарын даярлау маңызы күн сайын артып келеді. Қазіргі таңда оқушылар мен түлектердің де арасында бұл мамандыққа деген қызығушылық өте жоғары. Өйткені бағдарламашылар, ІТ инженерлер, ІТ дизайнерлер бүгінгі таңда аса танымалдылыққа ие. Біздің оқу орнында осы бағытта өте көп жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, оқушыларымыз сала бойынша робот жасау, бағдарламалау секілді үйірмелер мен факультатив сабақтарға белсенді қатысып, білімдерін шыңдауда. Шәкірттеріміз қалалық, облыстық, республикалық сайыстарға жиі қатысады, – дейді Жандос Манкошев.

Жаңа мамандықтар атласы автоматика мен ақпараттық технологияның әсерінен қатты өзгеріске ұшырауда. Мәселен бүгінгі таңда мұғалімдер электронды күнделіктер жүргізсе, робототехника медицина саласына, оның ішінде хирургияға батыл енгізілуде. Ал инженерлік мамандық компьютерлік жүйелерді енгізумен қауіпсіз бола бастады.

Енді болашақта қандай мамандықтардың маңыздылығы жоғалады дегенге келсек, кейбір дүкендерде «self-checkout» терминалдары көбейгендіктен, кассирге деген сұраныс азаюы мүмкін. Call- орталық операторлары: банктер, интернет-дүкендер және басқа да компаниялар қазірдің өзінде клиент сұраныстарының 70-80 пайызын жасанды интеллект арқылы орындайды. Деректерді енгізу операторлары бұрын құжаттарды қолмен толтыратын болса, қазір жасанды интеллект мәліметті автоматты түрде жүйеге өзі енгізіп береді. Сондай-ақ бухгалтерия қызметкерлерінің орнына компаниялар қаржы есептерін жүргізу үшін автоматтандырылған жүйелерді қолдана бастады.

Технология заманы сонымен қатар төмендегідей жаңа мамандықтарға сұранысты арттыруда. Олар: ЖИ (жасанды интеллект) және машиналық оқыту инженерлері – жасанды интеллектіні дамытуға, үйретуге, жаңа алгоритмдер құруға маманданған мамандар, киберқауіпсіздік сарапшылары – ЖИ көмегімен кибершабуылдарды анықтап, деректерді қорғайтын маман, FinTech-инженерлер – қаржы технологияларын дамытатын, ЖИ арқылы төлем жүйелерін, банктік қызметтерді оңтайландыратын маман, робот техникасы инженерлері – зауыттар мен қызмет көрсету саласында қолданылатын роботтарды құрастыратын және басқаратын маман, дерек талдаушылары (Data Scientist) – ЖИ көмегімен үлкен деректерді өңдеп, бизнеске пайдалы ақпарат ұсынатын маман, телемедицина және цифрлық денсаулық сақтау маманы – ЖИ-ді пайдаланып, қашықтан диагностика жүргізетін, науқастарға онлайн кеңес беретін маман, EdTech (білім беру технологиялары) маманы – ЖИ-ді оқу жүйесіне енгізетін маман.

Зерттеу материалдары бухгалтер-сметашы, корректор, турагент, заңгер, аудармашы, жылжымайтын мүлік агенті, вахтер және күзетші сияқты мамандықтар жақын болашақта сұранысқа ие болмайтынын көрсетіп отыр.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp