Көп адамдар дүкендерден тауар сатып алғанда немесе кез келген қызметті пайдалану кезінде әділетсіздікке тап болып, заңды білмеудің салдарынан өз құқығын қорғай алмай жатады. Сондықтан бүгінгі күні елімізде азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға баса назар аударылуда. Өңір жастары осы мақсатта тұтынушылардың құқығын қорғау саласында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған жобаны қолға алды. Аталған жобаны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен “Азаматтық бастамларды қолдау орталығы” коммерциялық емес акционерлік қоғамының гранты аясында “Белсенді жастар” ұйымы жүзеге асыруда.
Тұтынушының заңды құқықтары мен мүдделерін іске асыруы үшін көптеген мүмкіндіктер қарастырылған. Мұндай жағдайларда сатушымен қарым-қатынас “Тұтынушы құқығын қорғау туралы” Заңмен реттеледі. Жоба аясында өңіріміздегі белсенді жастар түрлі іс-шаралар мен кездесулер ұйымдастырып, аталған заңда көрсетілген талаптар мен жалпы тұтынушы құқығын қорғау жайлы толық мәлімет береді.
Жобаның басты міндеті осындай келеңсіз жайттарға ұшыраған тұтынушыларға тегін құқықтық көмек көрсететін кабинеттерді ашу болып табылады. Азаматтарды осы мүмкіндіктер жайлы ақпараттандыру мақсатында облыс орталығындағы “Алтын арман” және “Корона” сауда үйлерінде “Тұтынушы, біл!” акцияларын ұйымдастыру қолға алынды. “CҚО тұтынушылары” жазуы бар киім киген ерікті жастар аталған кабинеттердің жұмысы жайлы ақпараттар көрсетілген қағаздар таратады. Айта кету керек, кабинеттер дүйсенбі мен жұма күндері аралығында жұмыс істейді. Сапасыз немесе қолданылу мерзімі өтіп кеткен тауарды сатып алған азамат сатушыдан бағаны арзандатуды, тауардың кемшіліктерін дұрыстауды, тауарды сол маркадағы басқасына немесе бағасындағы айырмашылықты ескере отырып, басқа маркадағы тауарға ауыстыруды, сатып алу-сату келісімшартын жойып, тауар үшін берген ақшасын қайтаруды талап ете алады. Ал сатушы, өз кезегінде, қолданылу мерзімі өтіп кеткен, техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін тауарды жаңасына ауыстырып немесе қайтарып алуы тиіс. Заңдағы осы және өзге де талаптарды түсіндіре отырып, мамандар жүгінген азаматтарға әділетсіздікке ұшыраған жағдайда, сатушыға немесе тапсырысты орындаушыға ресми түрде сотқа дейінгі шағымды білдіре алатындығын жеткізеді. Одан кейін 10 күн ішінде қандай да бір жауап келмесе, сотқа шағымдануға болады.
Елена ОГАРКОВА,
жоба үйлестірушісі.