«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БОЛАШАҚ” ҮМІТКЕРЛЕРГЕ ЖАҚЫНДАЙ ТҮСТІ

“Болашақ” стипендиясына құжат тапсыру ісі жеңілдетілді. Енді бұл бағдарлама бойынша білім аламын деген кез келген азамат тиісті құжаттарын ғаламтор арқылы жолдай алады. “Халықаралық бағдарламалар орталығы” акционерлік қоғамының өкілдері мемлекеттік қызметшілерді білім беру бағдарламасындағы өзгерістермен таныстырып, стипендия иегері атанудың шарттарын түсіндірді.

Елбасының бастамасымен 1993 жылы негізі қаланған “Болашақ” бағдарламасы бойынша бүгінге дейін 10 мыңнан астам қазақстандық шетелде білім нәрімен сусындаса, олардың 70-тен астамы – солтүстікқазақстандықтар. Биыл алыс, жақын елдерде оқығысы келетін азаматтардың саны 600-ге жеткен.

Бағдарламаның биылғы ерекшелігі – бұрындары шетелдегі оқу орындарында экономика, заң, қаржы салаларының өкілдері білімдерін жалғастыра алса, биылдан бастап бұл бағдарламаға қатысу мүмкіндігіне инженер-техник мамандығының, мәдениет саласының және БАҚ өкілдері де ие болмақ. Сондай-ақ, ел астанасынан шалғай орналасқан аймақта тұратын үміткерге енді құжат тапсыру үшін жолға шығудың қажеті жоқ. Бұдан былай Халыққа қызмет көрсету орталықтары немесе электрондық сандық қолтаңба алып, арызы мен құжаттарының көшірмесін e-gov сайты арқылы жолдауға болады.  

“Халықаралық бағдарламалар орталығы” акционерлік қоғамының конкурстарды ұйымдастыру және құжаттарды қабылдау бөлімінің жетекшісі Айжамал Жазықбаева грантқа ие болу талаптарын түсіндіріп өтті.

– “Болашақ” бағдарламасы стипендиясынан үміткер мемлекеттік қызметішінің 2 жылдық еңбек өтілі болуы тиісті. Оқу мерзімі – 1-3 жыл. Шетел тілі, мемлекеттік тіл бойынша және психологиялық тестілеуден сүрінбей өткендер тәуелсіз сарапшылар комиссиясы мүшелерінің алдына барады. Содан кейін республикалық комиссияның кеңесіне жолдама алады, – дей келе Айжамал Жазықбаева оқуға түсуге қажетті құжаттар тізімі мен грант иегерлеріне көрсетілетін жеңілдіктер жайында да толық ақпарат берді.

Қазақстандықтардың дені Ұлыбритания, АҚШ, Қытай және Ресей елдеріндегі университеттер мен академияларды таңдайды екен. Шетелде оқуға Астана, Алматы мен Қарағанды қалалары тұрғындарының белсенділігі жоғары. Ал солтүстікқазақстандықтардың қатары қалың емес. Жалпы, биыл “Болашақ” халықаралық стипендиясына 1100 қазақстандық ие болады деп жоспарланып отыр.

Семинар барысында мемлекеттік қызметшілер бағдарламаның шарттарына қатысты сауалдарына жауап алды.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp