«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Болашақ ұстаздарға – жоғары шәкіртақы

Жаңа оқу жылынан бастап елімізде докторанттар мен педагогикалық мамандықта оқитын студенттердің шәкіртақысы артты. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті ректорының міндетін атқарушы Ербол Исақаев өңірімізде осындай мүмкіндікке ие болған студенттер жайлы айтты.

Болашақ педагогтардың шәкіртақысын 42 мыңға дейін өсіру қажеттігі жайлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қо­ғамдық кеңестің кезекті отырысында айтқан бо­латын. Басқа мамандықтардың студентте­ріне төленетін шәкіртақы бұрынғыша – 26186 теңге көлемінде өзгеріссіз қалады. Осыған де­йін 102498 теңге шәкіртақы алатын докто­рант­тарға төленетін стипендия 150000 тең­геге жетті.

Қазіргі таңда М. Қозыбаев атындағы СҚУ-де білім алып жүрген студенттердің үш мың­нан астамы педагогикалық мамандықты таң­даған. “Үстіміздегі жылы педагогикалық ма­мандықтарға 400-ден астам студент түсті. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда әлде­қайда көп. Ал жоғарылатылған шәкіртақы алу мүмкіндігіне 1800-ден астам студент ие бол­ды. Сәйкесінше, жоғары оқу орнына түсуге арналған шектік балдың 65-тен 70-ке дейін өскенін айта кеткен жөн. Болашақ ұстаздарға қойылатын талапты жоғарылату арқылы олар­дың жауапкершілігін де арттыруға мүм­кіндік туып отыр”, – деді М.Қозыбаев атын­да­ғы Солтүстік Қазақстан университеті ректоры­ның міндетін атқарушы Ербол Исақаев. Білім ордасында 42 докто­рант білім алуда. Жаңа оқу жылынан бастап оларға да жоғарылатыл­ған шәкіртақы алу мүмкіндігі берілді.

Биыл М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қа­зақстан университетіне “Қазақ тілі мен әде­биеті” мамандығына грантқа түскен Зухра Сер­ғали жоғарылатылған шәкіртақы алу мүм­кіндігіне ие болғандардың қатарында. Есіл ау­данындағы Тауағаш орта мектебін тамам­да­ған студент жақында алғашқы шәкіртақысын алды. “Педагог болып, бала тәрбиесімен ай­на­лысу екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс екенін барлығымыз жақсы білеміз. Мемле­кет тарапынан жасалып отырған бұл қолдау­ды болашақ мамандарға артылған үлкен се­нім деп түсінеміз. Сондықтан үмітті ақтау үшін аянбаймыз. Алғашқы шәкіртақымнан жергі­лік­ті мешітке садақа беріп, қалғанын өз қажет­тілігіме жұмсамақпын”, – деді Зухра Серғали.

Диана ХАЛИМОВА,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің медиа орталығының бас редакторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp