Қоршаған ортаны ластанудан қорғап, экологиялық ахуалды жақсарту үшін, ең алдымен, жергілікті тұрғындардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру аса маңызды. Яғни, әртүрлі шаралар мен акциялар ұйымдастыра отырып, азаматтарды қоршаған ортаны қоқыстан, басқа да заттардан тазарту жұмыстарына жұмылдыру керек. Осы мақсатқа жетуде өңірімізде ұйымдастырылған экологиялық сенбіліктер көп септігін тигізді.
Биылғы “Еріктілер жылы” аясында онға жуық Жалпы тазалық шараларының барысында біз қоқыстарды екі топқа бөліп, жинадық. Пластик, шыны, металл, макулатура сияқты заттарды қайта өңдеуге сақтасақ, тамақтың қалдығы мен бірреттік ыдыстарды, киімдерді лақтырамыз. Өйткені, мұндай заттарды қайта өңдеу ісі өңірімізде қолға алынбаған. Экологиялық сенбілік ұйымдастырдық. Мамыр айында өткен алғашқы шарада жастар Пестрое көлінің маңын қоқыстан тазартуға жұмылды. Отыздан астам ерікті қатысқан сенбілікте 42 қап қоқыс жиналса, соның 27-сін “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қайта өңдеуге жібердік.
Қыркүйек айында өткен “World cleanup day” республикалық экологиялық шарасы да өңірімізде үлкен қолдау тапты. Еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылған сенбілік аясында мемлекеттік қызметшілермен бірлесіп, Мещан орманынан 918 килограмм қоқыс жинадық. Шыны бөтелкелер, пластик, резеңке, қағаз бен металл сынықтары, жалпы 29 қап қоқыс өңдеуге жөнелтілді.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, қазан айында да бірнеше тазалық шарасын ұйымдастырдық. Есіл өзенінің жағасын тазарту аясында 20 қап қоқыс жиналса, 13-і “Радуга” серіктестігіне қайта өңдеу үшін жіберілді.
Жалпы, еріктілік дегенді біз қоғамға өз еркімен пайдасын тигізуді көздейтін, риясыз жақсылық жасауға ниетті адамдар тобы деп білеміз. Сондықтан экологиялық ерікті ретінде қоршаған ортаны ластанудан қорғап, өңіріміздегі экологиялық ахуалды жақсартуға үлес қосайық!
Азат ЖҰМАҒҰЛ,
“Радуга” ЖШС-нің менеджері.