«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІМ ДОДАСЫНДА ОЗА ШАПТЫ

Жалпы білім беретін пәндер бойынша өтетін дәстүрлі республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі өтті. Оған өңірімізден 479 талапкер қатысты. 15 пәннен білім додасына түскен оқушылар қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математика бағыттары бойынша бақ сынады. Қатысушылардың 209-ы жүлдегер атанды.

Олимпиадаға Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық гимназия-интернаттан 65 оқушы қатысып, 33 бала жүлдегер атанды. Жүлдегерлердің 18-і – үшінші, 9-ы – екінші және 6-уы бірінші орын алды. Атап айтар болсақ, физика пәнінен – Дәулет Жанатаев, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен – Айғаным Ұланова, география пәнінен – Диас Мұхамедғалиев пен Данияр Аңдамасов, құқықтанудан – Әнел Бапаева, орыс тілі мен әдебиеті пәндерінен Әмина Шаяхметова жеңімпаз атанды.  

Білім сайысына дарынды балаларға мамандандырылған облыстық қазақ-түрік мектеп-лицейінен қатысқан балалардың да нәтижелері жаман емес. Аталмыш мекемеден 56 оқушы қатысып, оның 30-ы жүлдегер болды. Соның ішінде 9-ы – үшінші орынды, 15-і – екінші және 6-уы бірінші орынды иеленді. Маржан Қабжасарова физикадан озық білім көрсетсе, Дана Әубәкірова мен Любовь Курбатова қазақ тілінен ерекшеленді. Сондай-ақ, Аяжан Жүсіпова, Әнел Жәнібекова, Диана Кутурбаева сынды оқушылар биология пәнінен алдарына жан салмады.

Сонымен қатар, Петропавл қаласындағы жалпы білім беретін бірінші лицей, облыстық дарынды балаларға мамандандырылған “Лорд” лицейі, “БЭСТ” гимназиясы оқушыларының көрсеткіштері де жоғары.

Ауыл мектептерінің ішінде Есіл, Айыртау және Тайынша аудандарының әрқайсысынан 5 оқушыдан жүлдегер шықты.

Тартысты додадан сүрінбей өтіп, жеңімпаз атанған оқушылар шешуші кезеңге жолдама алып, республикалық сайыста облыс намысын қорғайды. Қорытынды кезең үстіміздегі жылдың наурыз айында қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша Петропавлда, ал жаратылыстану-математика бағытындағылар үшін Көкшетау қалаларында өтеді.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp