«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІМ МЕН МӘДЕНИЕТ ОШАҒЫ

Чернигов орта мектебінің іргесі қаланғанына 62 жыл. Біздің мектебіміз еліміз Тәуелсіздік алған жылы жаңа ғимаратқа ауысып, білім бере бастаған болатын. Содан бергі ширек ғасыр ішінде білім ошағынан қанат қаққан алғашқы түлектеріміз тәуелсіз елімізбен бірге есейіп, жас мемлекетімізге қызмет етуде. Чернигов орта мектебінен осы жылдар ішінде қанат қаққан көптеген дарынды, еңбекқор түлектердің арасында Қазақстанның еңбек сіңірген ұстаздары, атақты жаттықтырушылар, дәрігерлер, инженерлер мен қарапайым жұмысшылар бар. Түлектердің ішінде он екісі өз туған жеріне оралып, мектепте шәкірт тәрбиелеп жүр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген Бес институттық реформаны жүзеге асырудың “100 нақты қадамының” 76-79-89-қадамдарында білім беру жүйесін жетілдіру, функционалдық сауаттылықты дамыту үшін мектептердегі оқыту стандарттарын жаңарту, басты пәндерді ағылшын тілінде оқыту, даярланатын кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру міндеті қойылған. Осыған орай, бүгінгі шәкіртке, еліміздің болашағын құрушы өскелең ұрпаққа дүниежүзілік стандартқа сәйкес бәсекелестікке төтеп бере алатындай білім мен тәрбие берілуі тиіс.

Қазіргі таңда Қазақстан бүкіләлемдік білім кеңістігіне ену алдында тұр. Өмір ағымына қарай білім беру жүйесі де өзгерістерге ұшырауда. Біздің мектепте еңбек ететін 25 ұстаз оқушыларға заман талабына сай жаңа мазмұнда білім беру үшін деңгейлік курстардан өтіп, оқытудың соны тәсілдерін өз тәжірибелерінде пайдалануда. Кембридж бағдарламасын бітіріп келген ұстаздар жаңаша оқытуда жеті модульді қолдана отырып, әріптестерімен тәжірибе бөліседі.

Шағын жинақты мектептің оқу-тәрбие үдерісін жетілдіру – қазіргі заманның әлеуметтік-экономикалық және педагогикалық мәселесі болғандықтан, мұғалімдер ізденімпаз, шығармашыл болуы тиіс. Болашақта еңбек етіп, еліміздің көркеюіне үлес қосатын бүгінгі мектеп оқушыларын мұғалім қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болмақ. Сондықтан мектебіміздің ұстаздары өздеріне жүктелген міндетке зор жауапкершілікпен қарайды.

“Мәңгілік Ел” жалпыұлттық идеясын ұстанған пән мұғалімдері шәкірттердің бойына Отанға деген шексіз сүйіспеншілік сезімін сіңіруге көп мән береді. Соның нәтижесі болар, оқушыларымыз облыстық деңгейде өткізілген “Алау”, “Батыр” атты әскери-спорттық ойындарда жеңімпаз атанды.

Ауылдық жерде мәдени орталықтың бірден-бір көзі мектеп болғандықтан, барлық іс-шаралар мен мемлекеттік мерекелер осы жерде өткізіледі. Ауыл тұрғындары мен мектеп ұжымы тығыз байланыс орнатқан. Мектеп ұжымының алдына қойған мақсаты – жас ұрпақты жаңа мазмұнда оқыту мен тәрбиелеу жолында аянбай еңбек ету.

Дариға НҰРСЕЙІТОВА,

Чернигов орта мектебі директорының

тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp