«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРЖАН МЕН САРА АЙТЫСТЫ МА?

Жасымнан мен қиссаны көп шығардым,

Білмеген ғибрат алсын деп шығардым.

Бұл сөзім қанша күнә, кім біледі,

“Біржан-Сара” айтысын мен шығардым.

Әріп Тәңірбергенов.

Қазақтың айтыс өнерінің небір жауһарларының арасында Біржан мен Сараның сөзсайысының орны ерекше. Ақындардың сөз қолданысы, айтысу мәнері сүйсіндірмей қоймайды. Мен бала кезімнен сөз өнеріне, әсіресе, өлеңге айрықша құмар болғандықтан, жетінші сыныпта оқып жүргенімде осы айтысты жаттап алғанмын. Шешем марқұм, нағашыларым жатқа айтқызғанда шарт жүгініп отырып алып, төгілтіп беруші едім.

Кейін қазіргі Әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің филология факультетінде оқып жүрген 1969-1974 жылдар аралығында, одан кейін Ғылым академиясының Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында қызмет істегенімде қолжазбалар бөлімінің жас маманы болғандықтан, көне дәуірлердегі жырларды, айтыстардың, хиссалардың текстологиясын зерттеумен шұғылдандым. Бұл орайда ірі ғалым-текстологтар Әбсәттар Дербісәлиевтің, Рахманқұл Бердібаевтың, Өтеген Күмісбаевтың, Мырзабек Дүйсеновтің ақыл-кеңестерін зердеме түйдім.

Осы уақытта – 1970-1975 және одан кейінгі жылдарда Біржан-Сара айтысының болмағаны, оны фольклор жинаушы Жүсіпбек Шайхыесләмов яки Әріп Тәңірбергенов шығарғандығы жөнінде зерттеу мақалалар әр кездері жарияланып, пікірталастар көбейіп кеткенді.

Айтыстың өтпегенін дәлелдейтіндер: “Біржан салдың руы Керей бола тұра, ол неліктен Арғынның Алтай-Қарпық тайпасының атынан шыққан? Осы жері күмәнді емес пе?” – дейтін дәлелді уәжді алға тартады.

Айтыстың бір емес, екі нұсқасы бары отқа майды құя түседі. Біріншісін Жүсіпбек Шайхыесләмов бастырса, екіншісін Әріп Тәңірбергенов 1907 жылы Қазан қаласынан шығартқан.

Екі нұсқаны қатар оқып, салыстыра зерттеген адам мәтінде қыруар айырмашылықтар барын аңғарады. Мысалы, Ж. Шайхыесләмов нұсқасында Біржан Сарамен Талдықорған өңіріндегі “Ешкіөлмес” тауының етегіндегі ауылда Тұрысбек қажының үйінде айтысады. Ал екінші нұсқасында ол алдымен Сараның шешесімен және он үш-он төрттегі сіңлісімен сөз қағысып қалады. Бұл – айтарлықтай алшақтық.

Біріншісінде Біржан сал “Ешкіөлмеске” жанына он бір атқосшы ертіп апарса, екіншісінде бес-алты серігімен барыпты. Қайсысы қисынды?

Бір нұсқасында Тұрысбек қажының ауылына әнші-ақынды ертіп келген адамның есімі Шерубай, екіншісінде Шиянбай аталады. Сондай-ақ, Біржан келгенде киіз үйдің жабығынан “Сөйлес!” деп дауыс салатын адам – Жүнісбек деген болса, екіншісінде басқа адам.

Жарайды, делік. Бұлар аса көңіл бөлетін деректер болмай-ақ қойсын! Маған төртінші курста дәріс оқыған екі мығым профессордың бірі – сол жылы жетпіске таяп қалған Ыбырайым Маманов, екіншісі – Бейсенбай Кенжебаев. Бейсекең айтыстың өтпегенін дәлелдеп, мақалалар жариялады және дәрістерінде айтып жүрді.

Мен Талдықорған өңірінің тумасы, есімі айтыста бірнеше жерде баяндалатын Маман құты қажының немересі Ыбырайым ағайдан сұраған едім. Өйткені, айтыстың бірінші нұсқасында Сара жеңілген соң Біржан қоштасарда:

“Есімбек, Тұрысбек пен сау тұр, Маман!” – деп аттанады ғой. Осы Маманның баласы Тұрысбек қажы – Ыбырайым ағайдың әкесі.

Өзі зерттеуші ғалым болса, ағай жасынан зерек десек, атасынан, яки әкесінен Біржан, Сара туралы, олардың айтысқаны жөнінде әңгіме естімеуі мүмкін емес қой. Алайда, ағай мұны нақты айтып бере алмады. Кейінгі зерттеулерінің бірінде ол осылардан естіген әңгімелерін алға тарта отырып, айтыстың болмағанын нақтылайды.

Ал Бейсекең Сәкен Сейфуллин 1932 жылы қазақ ауыз әдебиетінің хрестоматиясын шығарарда Ілияс Жансүгіров (1894-1938) Сарадан ол қайтыс болатын 1916 жылы айтыс туралы сұрағанда Сара: “Айтыс өткен жоқ. Бұл Әріп қудың істеп жүргені ғой!” – дегесін, айтысты кітапқа кіргізуге қарсы болғанын айтатын. Сара 1916 жылы алпыс үште болса, Ілияс – жиырма екіде. Жас, балаң жігіт емес. Айтқаны әбден айғақты болуы мүмкін.

Белгілі ақын Сәду Машақов та 1936 жылы Жамбылдың 90 жылдығы тойланғанда әңгіме айтыс өнеріне ойысқанда Ілиястың: “Айтыс ақындары қолма-қол суырып салып айтады. Ал бірден мұндай мазмұнды, көркем өлең шықпайды. Бұл көп ойланып, толғанып жазған бір ақынның өлеңі ғана”, – деп айтқанын өзінің естелігінде жазған екен.

Ал Әріп Тәңірбергенов (1856-1924) неліктен айтысты жазып шыққан деген заңды сұрақ туады. Мен айтыс жайлы оқығандарыма және естіген әңгімелеріме сүйене келе, мынадай ой түйдім. Әріп екі мақсатты көздеген. Ол әуелгіде Сараға ғашық болады. Алайда, амалын таба алмайды, өйткені, айттырған Жиенқұл – Есімбек қажының баласы. Оның жолына тұруға, әрине, Әріптің дәрмені жетпейді. Сараны алып қашса, Кебек пен Еңліктің кебін киюі мүмкін. Ол содан кейін Есімбекке де, Сараға да өшігеді. Екеуін мазақ қылу үшін Абай ауылында Біржанның әнін тыңдағаннан кейін оны Арғынның Алтай-Қарпық тайпасының ақыны қылып, айтысты ойдан шығарады. Біржанның атынан Сараны мақтаған болып:

Шырағым, Сара, сендей тумас

бала,

Шежіре туармысың мұндай

дана!

Обалың – Есімбек пен

Тұрысбекке

Күйеуің жөндеу екен, ей,

бейшара! – деп мұқатады.

Әріптің екінші айласы – Абайдан өш алу. Ол ұлы ақынға, ұстазына неге өшігеді? Абайдың 1889 жылы жазған “Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін” деген жыры бар емес пе? Осы өлеңді Абай Әріпке арнағанын Мұхтар Әуезов дәлелдеген. Кейін бұл жайында Абайдың туғанына 150 жыл толуына арналып шығарылған “Абай” энциклопедиясының 405-ші бетінде тайға таңба басқандай жазылған (1995 жылы шыққан).

Мұхаң 1927-1933 жылдар аралығында жазған “Абай өмірінің алғашқы нұсқасы” деген мақаласында: “Әріп Абайдан есесін қайтармақ болып, “Біржан-Сара” айтысын шығарған. Сонда Сара айтты қылып, Абайдағы кегін шынымен-ақ алғандай болады”, – дейді.

Абай өзінің маңындағы шәкірттерінің өлеңдеріне бағыт-бағдар беріп отырғанын білеміз. Өзінің балалары Ақылбай мен Мағауияны, немере інісі Шәкәрімді, Найман руынан шыққан Көкбай мен Әріпті жандарына батырып сынағаны да анық. Ұлы ақын осы өлеңінде Әріптің “Зияда – Шамұрат” деген дастанын іске алғысыз қылады. Өйткені, Әріп Зияданы суреттегенде бүкіл асыл тастарды атап шығып, “иегі – алтын, көзі – гауһар” деп жаңылысады. Мұндай жаңсақтықты Абай қатты сынайды. Әріп осыдан өшігіп, Сараның аузына сөз салып, айтыста Ыбырай (Абайдың шын есімі осылай – З.Ә.) Жігітектің жігіттерін итжеккенге жіберген дегенді айтқызады. Әдетте Тобықты мен Найман арасы үнемі бақастықта болғандықтан, осы айтыста Сараның аузымен Құнанбайдың Омбының түрмесіне қамалғанын (Ал бұл шындық. Өйткені, Құнанбайдың үстінен Тобықтының Жігітек атасының әлді адамдары оязға домалақ арызды жаудырып, оны жаламен түрмеге қаматқан – З.Ә.) айтқызады. Сүйекке таңба салатын осы өлең арқылы Әріп Тобықтыға, әсіресе, Құнанбай мен Абайға шоқпар сілтейді. Сөйте тұрып, Біржанның аузымен оларды “арашалаған” болады.

Сонда Біржанды:

Құтыма тіл тигізбе ер Құнанбай,

Алашқа аты шыққан

кербұландай.

Ескермес он ақынды есіл басым,

Қадалдың, Сара, маған сұр жыландай, – деп мүләйімсітеді.

Әріптің бұл қулығы туралы Абайдың Әйгерімнен туған ұлы Тұрағұл 1929 жылы Семейде Мұхтар Әуезовпен кездескен әңгімесінде айтыстың болмағанын, бұл Әріптің өштігінен жазылғанын, әйтпесе, Керей Біржан салды ол неліктен Арғын руының адамы дегенін түсінбейтінін айтқан. Қаныш Сәтпаевтың ағасы Әбікей сұрағанда да Тұрағұл осылай деген екен. “Әріп Біржанның Керей екенін білмеген”, – дейді ол М. Әуезовке. (“Әкем Абай туралы”. 1993 жылы қайта басылып шыққан).

Әбікей Сәтпаев мұны Әріптің өзінен сұрағанда Әріп мұны мойындап, осы мақалаға эпиграф ретінде алынған бір шумақ өлеңді айтқанын зерделі әдебиет зерттеуші ғалым Қайым Мұхаметқанұлы дәлелдеген.

Айтыстағы ақиқатқа тағы бір сәйкессіздік – Біржанмен айтысқанда Сара (1853-1916) небәрі – он жеті жаста. Ал Біржан – қырықта. Өмірінің соңғы жылдары ағалары Нұржан мен Ержаннан қорлық көріп, қолы арқандаулы, ауыл-аймағынан ұзап шыға алмаған ақынның осы жаста Көкшенің бойынан сонау ит өлген жердегі “Ешкіөлмеске” баруы қисынға келе қояр ма екен?

Әріптің айтысты Абай өмірден озғаннан кейін бастыруының да өзіндік кілтипаны бар. Өтірігі шығып қалмай ма? Біржан 1897 жылы алпыс үш жасында қайтыс болған. Егер Әріп шындықты жазғысы келсе, Біржаннан әлдеқайда жас болғандықтан, іздеп келіп, өзінен сұрамас па еді? Бұл да дүдәмал.

Тағы бір шындыққа жанаспайтыны – Сараның айтыс үстінде “Жанақ пен Түбекті, Орынбайды жеңгенмін!” дей келіп:

Ақын емес, жігітсің әңгімешіл,

Мұныңмен шыға алмайсың қыр

басына.

Бес Жанақ, он Орынбай жолдас

алсаң,

Мен кепіл сен жеңілмей тұрмасыңа.

Осымен санаң болса, тоқта

Біржан,

Арғынды бос қаздырмай

ұрғашыға,

– деп іліп-шалуы. Қырық жастағы Біржанды “Жігітсің” десе, Сараның ақымақ болғаны ғой.

Екі жыл отыз беске келгеніме, – деген Біржан айтыс өткенде қырық-қырық бір жаста болады емес пе?! Он үште отау иесі болған адамдар, мұндай жаста өздерін “Қартпыз” деп санаған.

Айтыста Біржан Сараны іздеп келгенде:

Осы ма, шіркін, Матай бұлбұл құсы,

Көп іздеп жаңа таптым жазы-қысы.

Әуелі қазақшылап көріселік,

Жарқыным, берірек кел жасың кіші, – дейді. Шындыққа жанаспай тұр-ау. Себебі, Біржан көп іздесе қойы қоралас, қотаны аралас Орынбай Бертағыұлынан сұрап білмес пе еді? Орынбай Сарамен айтысса, мұны міндетті түрде Біржанға сездіріп, жөн сілтемес пе еді? Ақиқаттың аяққа басылған тұстары айтыста жетерлік. Мәселен, Сара “Жеңдім!” деп отырған Жанақ ақын 1770 жылы туып, 1856 жылы қайтыс болған. Ол өмірден өткенде Сара бар болғаны үш жаста. Ал Түбек Байқошқарұлы 1780-1870 жылдарының аралығында тірлік кешкен. Бұлардың екеуі де – Тобықтының ақындары. Өмір сүрген кезеңдері Сараның ғұмырымен мүлде сәйкеспейді. Сондай-ақ, Сара Орынбайды көрмеген де, білмеген де! Сол себепті айтыста Сараның Орынбаймен айтыстым дегені жалған. Сарадан қырық жас үлкен Орынбай (1813 жылы туған – З.Ә.) он бес жасар қызды іздеп қайтеді?!

Енді жоғарыда тілге тиек еткен текстология ғылымына сүйене келгенде, Біржанның да, Сараның да өзге өлеңдерінде нақ осы айтыстағыдай әуез кездеспейді, тіл шеберлігі танылмайды. Біржанның жай бірер шумақ айтқандары болмаса, басқа айтыстары беймәлім. Анығында, әйгілі әдебиетші-ғалымдар Біржанның да, Сараның да осындай өзге мәнерлі, шебер айтыстары болғанын айғақтай алмайды. Осылайша, ойласақ, жоғарыда Сәду Машақовтың Ілияс Жансүгіров айтты деген сөзінің жаны бар. Оған ешқандай күмән келтіруге болмайды.

Осыған қосымша ретінде айтсақ, Сараның Төребай ақынмен айтысы бар. Бірақ бұл сайыста Сараның сұңғыла тапқырлығының ізі де жоқ. Оның үстіне, жеңілген.

Айтыста жырланатындай емес, шынайы өмірде Сара Абайға тіл тигізбеген. Оны “Ыбырайға” деп айтқан өлеңінен аңғаруға болады. Ұлы ақынның бәйбішесі Ділдадан туған баласы Әбдірахман (1869-1895) 1895 жылы 15 қарашада, Ташкенде әскери қызметте жүргенде науқастанып қайтыс болады да, сүйегін Шәкәрім бастаған туыстары елге алып қайтады. Ұзақ жолда аттары болдырған жолаушылар амалсыздан “Ешкіөлместегі” Сараның ауылына ат басын тірейді. Қазақ ырымында мәйітпен келіп, түстену, яки қону күнә саналғандықтан, жолаушылар наймандардан лауға аттар ғана сұрайды. Алайда, Абайды айрықша сыйлайтын Сара оларды қондырып, мәйітті өз үйінде түнетеді.

Егер, Әріп жазғандай, Абайға теріс көзқараста болса, Сара осындай ерлік жасар ма еді, Абайға ықылас, ілтипат көрсетер ме еді?

Сөз соңында белгілі ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Шортанбай, Дулат ақындардың мұраларының, халық ақындарының айтыстарының тамырына терең бойлап жүрген Несіпбек Айтұлының Біржан-Сара айтысын зерделей, зерттей келіп айтқан мына түйінді сөзіне назар аударайық: “Қысқасы, біз жаңалық ашып отырғанымыз жоқ. Қиссанның авторы Әріп екендігін М. Әуезов, Абайдың немере інісі Әрхан Кәкітайұлы Ысқақов, Ілияс Жансүгіров, Нұрлыбек Баймұратов, Ғали Орманов, Тахауи Ахтанов, Сәду Машақов, Әріптің шәкірттері Төлек Көбдіков, Сапарғали Әлімбетов, Шәкір Әбенов, Шұғыбан Қауметовтердің куә сөздерін, тиянақты тұжырымдарын көлденең тарта отырып, бұлтартпастай дәлелдеп кеткен – ғалым Қ.Мұхаметқанұлы.

Сондай-ақ, осы айтыс төңірегінде осыдан біраз жыл бұрын “Қазақ әдебиеті” газетінде халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов те келелі пікір білдіріп, айтыстың жазба ақынның туындысы екенін нақты мысалдармен шегелей түсіп, өз иесіне қайтару керектігін баса айтқан болатын” (Н. Айтұлы. “Ертіс өңірі” апталығы, Семей. 2012 жыл).

Міне, осы айғақтардың өзі-ақ Біржан-Сара айтысы болмағанын, оны жазба ақын Әріп Тәңірбергенов шығарғанын дәлелдейді.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp