Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық байланыстар жылдан-жылға нығайып келеді. Өткен жылы шекаралас өңірлер арасындағы тауар айналымы 15 пайызға өсіп, 15 миллиард АҚШ долларын құраған. Бұл туралы “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ның өңірлік филиалында Ресейдің көршілес Қорған облысынан келген кәсіпкерлермен кездесу барысында айтылды. Жиынды өңір басшысының орынбасары Мұхтар Манкеев жүргізіп отырды.
– Біз ресейлік кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз. Бүгінгі кездесуге кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаумен айналысатын коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері, бизнесмендер қатысып отыр. Бүгінде еліміздің оннан астам қаласында кәсіпкерлерге және инвесторларға қызмет көрсету орталықтары жұмыс істеуде. Аталмыш орталықтарда шетелдік инвесторлар мен кәсіпкерлерге қатысты барлық қызмет түрі көрсетіледі, – деген Мұхтар Наурызбайұлы елімізде индустриялық-инновациялық даму бағдарламаларын жүзеге асыруға, сондай-ақ, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға арналған 60-тан астам қаржылай қолдау тетігінің бар екендігін жеткізді.
Қорған облысы губернаторының орынбасары Сергей Чебыкин алдағы уақытта өңірімізге жұмыс сапарымен Қорған облысының губернаторы келетінін, жергілікті атқарушы билікпен және кәсіпкерлермен келісімшарттар жасамақ ойлары бар екенін айтты.
Содан кейін сөз алған Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы сауда өкілі Александр Яковлев:
– Солтүстікқазақстандық кәсіпорындар 2015 жылы Ресей экономикасына алдыңғы жылдармен салыстырғанда төрт жарым есе артық инвестиция құйыпты. Бұл – біз үшін үлкен көрсеткіш. Бұл ретте қазақстандық кәсіпкерлер, әсіресе, құрылыс саласына, агроөнеркәсіптік кешенге қажетті техникалар мен жабдықтарды сатып алуда, – деді.
Жиын барысында сөз алған ресейлік кәсіпкерлер – “Завод дорожной техники “Регион 45”, “Шадринский электродный завод”, “Витязь” компанияларының өкілдері болашақта қазақстандық бизнесмендермен бірлескен кәсіпорындар құруға ниетті екендіктерін жеткізді.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.