«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бірлігіміз — бекінісіміз!

Елбасымыздың 1 наурызды – Алғыс айту күні ретінде жариялауы орынды шешім. Бүгінгі таңда елімізде өмір сүріп жатқан ұлт пен ұлыстардың ынтымағы мен ауызбіршілігін сақтау өте маңызды. Атқан таңды, батқан күнді тамашалауға мүмкіндік беретін бейбітшілік көптеген елдің арманына айналды емес пе?! Осы орайда бейбіт күніміздің қадірін біліп, бір-бірімізге жақсылық тілеп, алғыс айтқанға не жетсін? Аға ұрпақ осыны аса қадірлейміз. 130-дан астам этнос өкілінің қара шаңырағына айналған қазақ жеріне бәріміздің де айтар алғысымыз бар.

Менің аталарым қазақ жеріне Украинадан көшіп келген. Әкемнің айтуынша, атамыз таныстарынан қазақ жерінде жайлы өмір сүруге болады деп естіген екен. Сол сөздің жетегімен осында келіп, қоныстаныпты. Содан бері төртінші ұрпақ ауысты. Жасым 78-ге келген менің де, екі ұлымның да бұл елден кеткісі жоқ. “Туған жерге туыңды тік” демекші, осы елдің толыққанды азаматы ретінде Отанымыздың өсіп-өркендеуі жолында еңбек етсек, бүгінде тілекшісіміз.

Кезінде мен “Гипрозем” мекемесінде жұмыс істедім. Сол кезде біздің өңірге жұмысқа жіберілген ұлты қазақ жігітпен танысып, дос болып кеттік. Ол шаңырақ көтерген кезде зайыбым Евгения екеуміз аяқтарынан нық тұрып кеткенше қолғабыс етіп, қолымыздан келген көмегімізді аямадық. Содан бері 40 жылдың жүзі болды. Достығымыз сол баяғы қалпы. Отбасымызбен араласып, қызық-қуаныштарымызды бөлісіп, қиналған сәтте бір-бірімізді демеп отырамыз. Осындай қарым-қатынас, сыйластық бар жерде ғана өміршең болады. Естеріңізде ме, осыдан бірнеше жыл бұрын кейбір шетелдік сарапшылар Қазақстанды дінаралық, ұлтаралық шиеленісу орын алған тұрақсыз мемлекет болады деп бағалаған болатын. Алайда, іс жүзінде Қазақстан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған сындарлы саясаттың арқасында бірлігі мен келісімі жарасқан көпэтносты мемлекетке айналды.

Бір-біріне қару кезенбей, керісінше алғыс айтатын елде өмір сүріп жатқаныма бақыттымын.

Александр ДЕЙМУНДТ,

“Видергебурт” неміс этномәдени бірлестігінің мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp