Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен брифинг қалалық емханалардың коронавирус инфекциясына орай жүргізіп жатқан шараларына арналды. Бұл жолы журналистердің сауалдарына №1 қалалық емхананың бас дәрігері Светлана Кашенцева жауап берді.
Бүгінде аталмыш емдеу орны 70 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Бұдан басқа емхананың Театр көшесінде, Черемушки шағынауданында, Заречный және Былғары зауыты кенттерінде төрт филиалы бар. Емхана медицина қызметкерлерінің, соның ішінде эпидемияға қарсы шараларға жауапты азаматтардың және науқастардың инфекция жұқтыру тәуекелін азайту мақсатында “COVID-19” ауруына шалдыққандарға қызмет көрсетудің жүйесін құрған. “Қазір 12 мобильді және 8 дәрігерлік бригадамыз жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында науқастардың үйіне дәрі-дәрмек апарып отыратын әлеуметтік қызметкерлерге арналған екі бригадамыз бар. Шілде айынан бері олар 4820 шақырту бойынша ересектер мен балаларға көмек көрсетті. №1 қалалық емхана жүкті әйелдер патронажын жаңа бағдарлама негізінде жүзеге асыруда”, – дейді Светлана Тимофеевна.
Коронавирус инфекциясы бойынша ақпарат берген облыстық санитарлық-эпидемиологиялық басқару департаменті басшысының орынбасары Татьяна Горлова 11 қараша күні өңірімізде “COVID-19” ауруына шалдыққандардың саны 4841-ге жеткенін айтты. 1011 жағдай алдын алу шаралары, 3226-сы өздігінен медициналық мекемелерге жүгіну нәтижесінде анықталған. 604 адам науқастармен байланыста болған. Тәулік ішінде 35 сырқат, олардың ішінде 18 жағдай Петропавл қаласы бойынша тіркелген. Ауру жұмыс істейтін азаматтар (31 пайыз) және зейнеткерлер (23 пайыз) арасында көп кездесіп отыр.