Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданы бойынша бөгеттерді нығайту жұмыстарымен танысты.
Былтырғы су тасқыны Қызылжар ауданына айтарлықтай залал келтірді. Большая Малышкада 300-ден астам үй су астында қалды. Соколовка, Большая Малышка, Вагулино ауылдары су басу қаупі басым аумақтарда орналасқан. Айтып келмейтін қауіпті барынша азайту мақсатында Есіл өзені бойында жаңа айналма канал жасалуда. Ондағы мақсат– ауылдарға жақын өзеннің су өткізу қабілетін ұлғайту.
Тасқынның шарықтау шегінде Петропавл су торабы арнасының тарылуы салдарынан суды қажетті көлемде өткізе алмайды. Осы себепті Заречный кентінің жанында айналма канал қазуға шешім қабылданған болатын. Бүгінде ұзындығы 3,7 шақырымдық арнаны қазу қарқынды жүргізілуде, ол алғашқы кезеңде суды толық өткізе алатын мүмкіндікке ие.
Ущев көшесі мен Былғары зауыты кенті бөгеттеріне темірбетон плиталарын төсеу ісі қызу. Бөгеттердің беріктігі су басудан қорғауды қамтамасыз етпек. Былғары зауыты кентіндегі бөгеттің ұзындығы 4,2 шақырымды құрайды. Бетон жабу жұмыстарымен 4 ұйым айналысады. Ущев көшесінде бөгет қайтадан қалпына келтіріліп, 300 метрге дейін ұзартылды. Енді монолитті бетон құйылмақ.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».