Бала күнімде біздің ауылдың тұрғындары облыстық газетті жаппай жаздыртып алатын. Аға буын өкілдері түгіл, мектеп оқушылары да үйге келген газеттің әр санын қалдырмай оқушы еді. Сол кезден бастап газет оқу әдетіме енді. Қаламы қарымды журналистердің әр мақаласын оқыған сайын олардың түр-тұлғасын көз алдыма елестетіп: “Солар сияқты журналист болсам ғой” деп армандаушы едім. Мен үшін газет – жаңалықтар жаршысы ғана емес, бүтін бір елдің айнасындай көрінетін. Сол түйсігім алдамапты.
Қазіргі таңда газеттің қоғамда алар орны жайлы түрлі пікір айтылады. Менің ойымша, бүгінгі технология заманында Мұхтар Шахановша айтқанда: “Компьютербасты жарты адам” болудан осы кітап, газет-журналдардың арқасында ғана аман қаламыз. Қазақ руханиятын сақтап қалуда газетке зәру екенімізді мойындайтын уақыт келді.
Ғаламторды қанша жерден мақтасақ та, ол газет пен журналдай бола алмайтынына сенімдімін. Заман талабын ескерген дұрыс шығар, бірақ тасқа басылған дүниелердің салмағы қашанда жоғары деп ойлаймын.
Өз басым, бос уақытымды әлеуметтік желіге арнағаннан гөрі, газет-журнал оқығанды жөн санаймын және мұны шәкірттеріме де айтып отырамын. Жуырда өзім сабақ беретін 9-сынып оқушыларын 100 жылдық тарихы бар облыстық “Soltústіk Qazaqstan” газетінің тыныс-тіршілігімен таныстыру үшін редакцияға апардым. Ғаламторға байланған буынның өкілдері “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, белгілі журналист, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменовпен кездесіп, аға буынның ақыл-кеңесін тыңдады. Редакция ұжымының күнделікті жұмысын көріп, мақаланың қалай жазылатынын, газеттің қатталу үдерісін тамашалаған балалар “Газетті ешкім оқымайды” деген пікірдің жаңсақ екенін түсінді. “Нұргүл Бүркітқызы, газетті оқу керек екен. Ғаламтормен жұмыс істеу тиімді әрі жедел болғанымен, ондағы ақпараттың дәлдігі мен шынайылығына ешкім кепілдік бере алмайды ғой. Ал баспасөз беттерінде нақты мәліметтер ғана жарияланады” деген оқушыларым жол бойы алған әсерлерімен бөлісті.
Елдегі болып жатқан елеулі оқиғаларды жұртшылыққа жеткізіп, жан дүниеңді байытып, ой-өрісіңді өсіретін, сезімге сезім, ойға ой қосып, таным көкжиегін кеңейтетін де газет емес пе?! Қажет ақпаратты экраннан оқығаннан гөрі газетті қолмен ұстап, сезініп оқыған көңілге де қонымды, жүрекке жақын. Өзіме солай. Газет – қаншама адамның үздіксіз ізденісі, табанды еңбегі. Ел азаматтарының ізгі істері, қоғамдағы өзекті мәселелер жайын айтқан журналистердің мірдің оғындай өткір сөздерін газет бетінен ғана табатын сияқтымын.
Мен қазір республика педагогтарының арасында өтетін байқауға қатысу үшін қазақ баспасөзінің қоғамдағы орны жайлы бейнесабақ түсіруге дайындалып жүрмін. Дайындық барысында түсінгенім, қазақ баспасөзі қоғамдық дамудың қай кезеңінде де ұлт мүддесі жолындағы күрестің алдыңғы сапынан көріне білген. Елдікке бастайтын ерен істерге қалың бұқараны жұмылдырып, алқалы сөз айтқан. Өйткені, өз сөзінің Алаш жұртының түкпір-түкпіріне жетіп, көкірегі ояу, көңілі сергек азаматтарға ой саларына сенген. Сондықтан да қазақтың небір жайсаңдары мен жақсылары баспасөзді ұлық сөз айтудың мінбері деп түсініп, оған қызмет етуге арсынбаған және ерінбеген. Бұл мен ашып отырған жаңалық емес. Бұл – газет бетіне жазылып қалған тарихи дәлел.
Мәселен, “Soltústіk Qazaqstan” газетінің әр данасы өңіріміздегі кітапханаларда, мұрағаттарда тіркеліп жатыр. Бұл дегеніңіз – әр күн сайын қазақтың тарихы қатталып жатыр деген сөз. Еліміздегі ғалымдардың іргедегі Қытай мен Ресей мұрағаттарына жиі баруының бір себебі жазба деректерінің, құжаттарының мол болуында емес пе?! Ғаламтор бар деп, тарихты жазуды доғармаймыз ғой. Тарих мемлекеттің ұстанымы тұрғысынан сараланса, газет бетінде ол ұзақ сақталып, келер ұрпақтың қолына жетеді. Сол үшін газет-журнал оқырмандарының көп болғанын қалаймын. Газет оқу – зиялылықтың белгісі.
Нұргүл БҮРКІТҚЫЗЫ,
Сафуан Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның мұғалімі.