«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ГҮЛ МЕН ШЕҢГЕЛ

Жерлесіміз, сазгер, ақын, әнші, журналист, диктор Бүр­кіт Бекмағанбетовтің есімі өңір жұртшылығына ғана емес тұтас елімізге белгілі. Тума талант иесінің мысал жанрындағы қолтаң­ба­сы да айрықша. Жақында ол бүгінгі заманда орын алып отырған келеңсіз жайт­тарды өлең жолдары арқылы астарлы оймен те­рең жеткізген мысал­да­рын топтастырып, жаңа жинақ шығарған еді. Шағын кітапқа алтын дауысты өнер иесі­нің елуден астам мысалы енген. Олар оқып отырған адамды терең ойға жетелеп, түрлі жағымсыз мінездер­ден сақтандырады. Оқыр­ман­дарымыздың назарына сан алуан тақырыптағы мә­селелерді қозғап, сынға ал­ған дарынды азаматтың жа­ңа жинағына енген бірнеше мысалын ұсынып отырмыз.

Гүл мен Шеңгел

Гүл мен Шеңгел көрші болды

Гүл күнде көршілерге 

сәлем беріп,
Иіліп өтетін.
Арзан қолды болса да,
Жарасып киініп өтетін.
Жақсыға қызығып,
Сүйініп өтетін.
Ал, Шеңгел болса –
Шіреніп, бәріне түйіліп
өтетін…
Бірде ол Гүлге: “Тоқта”, – деді.
– Бірер ауыз сөзге уақытың жоқ па? – деді.
Гүлдің Шеңгелмен сөйлесуге
Құлқы соқпады.
Сыпайылықтан тоқтады:
– Көрік болам екі жастың
тойында,
Елуге келген апайға бару да
ойымда.
Қоштасулар, кездесулер,
Туған күндер, бәрі менің
мойнымда,
Асығыс едім, – деді.
Шеңгел:
– Көршім, тыңдашы алайда,
Одан саған не пайда?
Маған ұқсап қашан тыным
аласың?
Артынан бәрібір соласың да қаласың, – деді.
– Олай болса, шын асығыс
уақытым,
Жұртқа берген қуаныш сәт –
Менің дағы бақытым, – деп, Гүл,
Қол бұлғап, қырдан әрі асты.
Шеңгел өтіп бара жатқан
Сиырдың құйрығына
жармасты.

ШІРКЕЙДІҢ ТОЙЫ
Шіркей Қоңызбен құда
бол­ды.
Қоңыздың қоңы бар еді,
Күдірейген жоны бар еді.
Баласына жинаған
Көйлек, костюм, тоны бар еді.
Хош.
Ал Шіркейдің
Қалтасы да, үйі де бос.
Бос, бос та.
– Апырай, дұшпан да, дос та
Күлетін болды-ау.
Кедейлігімді білетін
болды-ау,
Басқалар баланы
Оқытқанымды қайтсын.
Одан да ішіп-жегендерін
айтсын, –
Деп қарызданды,
қауғалан­ды,
Достан алды, жаудан алды,
Ойдан алды, Таудан алды.
Тойды қырық күн созып,
Жасады-ай дерсің.
Келгендер ішкенін-ішіп,
Жегенін-асады-ай дерсің.
Кигізген киттің,
Ішкен арақтың түбі жоқ,
Жастарға түскен түгі жоқ.
Хош.
Енді көңілі хош па?
Қайда,
Үй іші баяғы босы бос па?
Қаңырап қалды.
Құр шаңырақ қалды.
Қалбалақтап қарызын да
созды.
Өзі де азып, тозды.
Ұшып жүр деген аты
болмаса,
Тірлігі – далбаса.
Ал Қоңыздың қоңы бар еді,
Күдірейген жоны бар еді.
Шіркейдің тойды созып,
Бәсекеге түсетін
Қандай жөні бар еді?

Бүркіт БЕКМАҒАНБЕТОВ.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp