Адам жанын жадыратып, көңілін көтеруде гүлден асқан сыйлық жоқ екенімен кез келген қыз-келіншек келісетін болар. Гүл жан-жағына жұпарын шашады, сұлулық, нәзіктік сыйлайды. Алайда, көңіл қуанышы тәрізді оған да оңайлықпен қол жеткізе алмайсың. Гүл өсіруге жан-тәнімен беріліп, бүкіл ықыласын соған аударатын жандар бар. Бүгін солардың бірі – Петропавл қаласының тұрғыны Галина Васильева жайлы әңгіме қозғамақпыз.
“Ең бақытты адам – бос уақыты жоқ адам” деген сөз дөп басып айтылғанына күн өткен сайын көзіміз жетуде. Өйткені, адам сүйікті ісіне білек сыбана кіріскенде уақыттың қалай зымырап өтіп кеткенін де байқамай қалады екен. Бұл сөздер гүл өсіру ісімен айналысатын Галина Васильевна жайлы айтылса керек. Бағбанның саяжайында гүлдің 500-ден астам түрін кездестіруге болады. Зейнет демалысына шыққан ол “Youtube”-та арнайы парақша ашып, оқырмандарына гүлдерін қалай күтіп-баптайтыны жайлы баяндап, тәжірибесімен бөлісуді де ұмытпайды.
Негізгі мамандығы географ-биолог болғанымен, он жылдан астам уақытын құқық қорғау саласына арнаған. Қатаң тәртіпті талап ететін қызметте күн демей, түн демей жұмыс істегенімен, гүлге деген махаббаты ешқашан ортаймаған. Табиғатты аялау, қоршаған ортаға жанашырлық – адам баласының басты борыштарының бірі саналатынын жақсы түсінетін бағбанның бақшасында өңір тұрғындарын қуантатын жаңалықтар да жетерлік. Он жылдан астам уақыт бұрын Алтайдан грек жаңғағын алып келіп отырғызған екен. Оның алғашқы өнімін өткен жылы алған.
Мұнда нарғызгүл, петуния, флокс, барлығымызға жақсы таныс раушан гүлінің ғана жүзден астам түрін кездестіруге болады. “Саяжайда жеміс пен көкөніс өседі, бірақ оған қарағанда жаңға жайлылық сыйлайтын жұпар иісті гүл әлдеқайда көбірек. Себебі, гүлді қашанда сұлулықтың нышаны ретінде қабылдаймыз. Біздің өмірімізді түрлендіріп қана қоймай, мейірімділік сыйлайтыны да талассыз. Ең бастысы, табиғатқа деген сүйіспеншілікті оятып, әсемдік әлеміне қызығушылығымызды арттырады”, – дейді тәжірибелі бағбан.
Галина Васильеваның айтуынша, өңіріміздегі құбылмалы ауа райына қарамастан, раушан гүлінің түр-түрін өсіріп, баптауға болады. Бастысы, күн суытып, қар түскенше гүлдерді уақтылы жабу керек. Сосын көктем жетіп, күн сәулесі жарқырағанда қайтадан ашып, топырағын өңдеу аса маңызды. Өсімдіктерінің күтіміне уақытын аямай жұмсап, саяжайында өсіретін дүниелерді таңдауға да айрықша көңіл бөлетін бағбанның сүйікті гүлін сұрауды да ұмытқан жоқпыз. Ұзақ уақыт гүлдейтіндіктен, нарғызгүлді ерекше жақсы көреді екен. Біраз зерттеп көріп едік, ғаламтор беттерінде бұл гүлге қатысты қызықты ақпараттарды кездестірдік. Саяжайда бұл өсімдіктің 140-тан астам түрі өсіп, көздің жауын алып тұр. Келушілердің көзіне бірден түсетіні – қара нарғызгүл. Неге десеңіз, нарғызгүл секілді сабағы да, жапырағы да қара гүлдер өте сирек кездесетін көрінеді. Оны күтіп-баптау, көбейту де оңайға түспейді.
Гүл өсіру ісі Нидерланды, Германия, Жапония сынды елдерде жақсы дамыған. Аталған елдер бүгінде гүлдің арқасында үлкен пайдаға да кенеліп отыр. Бұл сала бізде кешеуілдеп дамығаны анық. Дегенмен, осы іске ден қойған бағбандардың арқасында гүл өсіру біздің елде де өркендейтініне сенім мол.
Гүлден СИМБАЕВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің студенті.