«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАИШ ДАЙЫНДАҒАН СОДЫРЛАР

Былтырғы жылдың қаңтарын­да Алматыда ірі лаңкестік оқи­ға­ның алдын алып, радикалды топ мүшелері ұсталғаны ту­ра­лы бұқа­ралық ақпарат құралдары жарыса жазған болатын. Бі­рақ дәл сол кезде тергеудің құпиялығына бай­ланысты бұл оқи­ға бүге-шігесіне дейін жария етілмеген еді. Әдет­те­гідей қысқа ақ­парат қана тара­тылып, адамдар көп жиналатын жерде лаң­кестік жасамақшы бол­ған Орталық Азия елдерінің тума­ла­ры ұсталып, олардан қолдан жасалған жарылғыш заттар тәркі­ленгені ғана айтылды.

Енді сол содырлар туралы ашып айтатын кез келді. Өйткені, сот үкімі шығып, заңды күшіне ен­ді. Сонымен, былтырғы Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Ұлттық қа­уіпсіздік комитетіне шетелдік әріп­тестерінен шұғыл ақпарат келіп түс­ті. Онда Ауғанстан мен Сирия­дағы “Ислам мемлекетінің” со­дыр­лары Орталық Азияда ірі теракт дайындап жатқаны туралы айтылған еді. Бірақ лаңкестік жа­са­латын жер, уақыты, ұйымдас­ты­рушылары мен орындаушыла­ры туралы ешқандай деректің жоқтығы жұмысты қиындата түсті.
Барша халық жаңажылдық дас­тарқан жайып жатқанда, ҰҚК-нің терроризмге қарсы бөлім­шелерінің қызметкерлері қауырт жұмыс­қа кіріскен еді. Жүргізілген жедел іс-шаралар нәтижесінде басты кү­дікті – Алматы қаласына күнкөріс үшін келген Орталық Азия респуб­ликаларының бірінің тумасы анық­тал­ды. Бірақ қолдағы ақпа­рат шамалы еді: лаңкестің бұлың­ғыр фотосуреті, сырт келбетінің си­паттамасы және оның қолдан жа­салатын жарылғыш дайындау үшін құрамдас бөліктер сатып алғысы келетіні туралы толық тек­серілмеген мәлімет қана болды. Бұл адамның не аты-жөні, не тұр­ғы­лықты жері, не серіктері белгі­сіз-тін. Бірақ лаңкестің тым тәжі­ри­бесіз екені белгілі болды. Өйт­кені, ол Ауғанстан мен Сириядағы жетекшілерінен онлайн режімде жарылғыш құрылғы жасауды үй­реніп жүр екен. Комитет қызмет­керлері осы мәліметті ой елегінен өткізіп, талдап, тексере отырып, тағы бірнеше тәулікті қауырт жұ­мыспен өткізді.
Жұмсалған күш-жігер зая кет­кен жоқ. Күдіктінің шетелдік со­дыр­лармен байланысы бар екені анықталып, кейіннен оның құры­лыс базарынан химикаттар сатып алғаны белгілі болды. Қала ішін­дегі жүріс-тұрысы да бақылауға алынды. Ол барған жерлердің барлығы да адамдар көп жина­латын орындар болғандықтан, ша­буыл жасайтын нысанды таң­дап жүргеніне күмән қалмады. Бұ­дан соң лаңкестің тұрғылықты же­рі мен басқа да мәліметтерді анықтау аса қиынға соққан жоқ. 22 жастағы Касым Гаязов деген кү­дікті Алматы маңында отбасылық жатақханаға айналдырған кот­тедж­дің бір бөлмесін жалдап тұ­рып жатыр екен. Қаңтардың 7-сі күні ел тұрғындары рождествоны тойлауға ойысқан кезде, чекистер коттеджге бақылау орнатып, кү­діктіні қолға түсіру үшін арнайы операция дайындай бастады. Ше­телдік жетекшілерімен кезекті рет байланысқа шыққан ол жақын күн­дері жарылғыш құрылғы дайын бо­латынын және қалған құрамдас бө­ліктерден екінші жарылғыш жа­сауды бастайтынын баяндайды.
Бұдан соң бөгелуге еш негіз жоқ еді. Қылмыскерлердің ша­буыл жасауын күту қауіпті, оның үстіне жарылғышпен жұмыс істеу дағдыларының жоқтығынан айна­ласындағыларды жарып жіберу қау­пі сағат сайын өрши түсті. Қаң­тардың 10-ы күні таңертең ҰҚК-нің арнайы мақсаттағы бөлімшесі коттеджге басып кірді. Он адам­ның қолына кісен салынды. Да­йын жарылғыш құрылғы және тағы бір жарылғыш жасауға ар­нал­ған заттар табылды. Сарап­шы­лардың бағалауынша, жарыл­ғыш зат іске қосылса 10 метр ра­диустағы барлық тіршілік атау­лыны жойып жіберуі мүмкін еді. Қылмыскерлердің заттарының арасынан шабуыл жоспарланған нысандар – “Көк базар”, “АТФ” бан­кінің және қалалық полиция бө­лім­шесі ғимаратының сызбалары табылды. Қылмыскерлердің ДАИШ-тың шетелдік содырлары­мен хат алмасқан сәттері сақтал­ған смартфондары тәркіленді.
Лаңкестік топтың жетекшілері Касым Гаязов пен оның ең жақын серіктесі 35 жастағы Давлат Ха­лимов екені белгілі болды. Бірне­ше жыл бұрын шетелде жасырын курстарда оқығанымен Давлат Халимовтың ислам туралы білімі өте таяз болатын. Екеуінің таны­суына ақша табу жолында шетел­де жүрген кездегі ортақ діни көз­қарастары негіз болған. Гаязов та, Давлатов та діни сауаттары жеткі­ліксіз болғандықтан, ДАИШ-тың үгіт-насихат материалдарын кө­румен шектелген. Кейіннен олар әлеуметтік желілер арқылы со­дыр­лармен байланысқа шыққан. Содырлардың бірі өзін “Шахомад” деп таныстырған ауғанстандық болса, ал екіншісі “Әбу Усама” – Сирия азаматы.
Алматыға келгеннен кейін Гая­зов пен Халимов санаулы уақыт ішінде басқа отандастарын шақы­рады. Гаязовтың талабы бойын­ша, жаңадан қабылданған адам­дар “халиф” Әбу Бәкір әл-Бағда­диға адал екеніне ант беріп, оны Ауғанстанға “Шахомадқа” жөнелт­кен. Шетелдік куратор болса, Гая­зовқа қолдан жарылғыш құрылғы жасау, сондай-ақ, террористік әрекеттердің тактикасы жөнінде нұсқаулықтар беріп тұрған.
Лаңкестік шабуылды терро­рис­тер 2019 жылғы 15 қаңтарға жос­парлапты. Гаязов пен Халимов се­ріктерін “шахидтер” ретінде “абы­ройлы” өлімге дайындаған екен. Өздері болса теракт табысты өткеннен кейін жасырынып, тағы бірқатар лаңкестік шабуылдар жасамақшы болады.
Алматының және жалпы біздің республикамыздың тұрғындарын өл­тіруге қылмыскерлердің ешқан­дай жеке себептері болмаған. Олар “кәпірлер”, сондықтан жою ке­рек деген қағидатпен шабуыл жа­сау үшін ғана Алматыны таңда­ған. Егер оларды құрықтау бірне­ше күнге кешіктірілгенде не бола­рын ойлаудың өзі қорқынышты. Алайда, дәлелсіз қамауға алын­са, кінәлілер жазадан құтылып ке­туі де мүмкін еді. Арнайы қызмет жұмысының қиындығы да осында.
Сот үкімі бойынша топ жетекші­сі Гаязов 18 жылға, Халимов 16 жылға сотталды, олардың бес се­рігі 12 жылдан 14 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Үш ше­телдік еліне қайтарылып, өз отанында қылмыстық жауапкер­шілікке тартылды. Айта кетейік, Ауғанстандағы арнайы операция нәтижесінде “Шахомад” лаң­кес­терінің шетелдік үйлестірушісінің көзі жойылып, оның сыбайласы “Әбу Усама” Сирияда ұсталды. Ол енді – басқа оқиға. Ұлттық қауіп­сіздік қызметі жақын арада осы шытырман оқиғаның да құпиясын ашады.


Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp