Елбасының мемлекетіміздің келешегі жастардың білікті білім алып, тәжірибе толықтырып, халыққа қызмет етуіне барлық жағдайды жасап отырғандығы баршамызға белгілі. Осындай қамқорлық шапағатына бөленіп отырған азаматтардың бірі өзіммін.
Ең алдымен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жастардың жоғары және кәсіби білім алуына мол мүмкіндік жасалғанына алғысым шексіз. Осыдан он жыл бұрын мектеп бітірген бетте бағым жанып, Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне оқуға түскен болатынмын. Стандарттау бойынша инженер мамандығын меңгерген соң “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-ына жұмысқа орналасып, төрт жылдан бері өнімдерді сертификаттаумен айналысып келемін. Астанада алған білімім қызметте өз қабілетімді ашуға мүмкіндік берді. Қызмет барысында басшылықтың зауыт жұмысын қолға берік ұстар, талапшыл жаңа буын қатарын қалыптастыруға деген тілегін түсініп, сенімнен шығуға тырыстым.
Елбасымен алғашқы кездесуім күні кеше болғандай әлі күнге есімде. Қарапайым еңбек адамы бола тұра, өз жұмысымда нәтижелі жетістіктерге қол жеткізіп жүргенімнің жемісі болар, өткен жылы Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсіміне қатыстым. Сол жиында Петропавл ауыр машина жасау зауытының жас мамандары, солтүстікқазақстандық еңбекші жастардың атынан толқып тұрып өз пікірімді білдірудің сәті түскенін мақтанышпен айта аламын.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлестерін қосқан ел ағаларынан кейін мен де сөз алып, зауытта жеткен жетістігімізді айттым. Сол кезде Қазақстан халқына бес институттық реформа ұсынған Мемлекет басшысының әлемде орын алып отырған саяси дауылдарға қарамастан, еліміздің алған бетінен қайтпай, қарыштап өркендеуін, дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатын жүйелі іске асыру қажеттігін айтқан сөзі көкейімнен кетпейді.
Елбасымен алғашқы кездесуден кейін мен өзіме жұмысымда үздіктердің алды болуды мақсат еттім. Өткен жылы бір жарым мыңнан астам қызметкері бар зауытта “Жылдың ең белсенді жас маманы” аталымында жеңіске жеттім. Бірақ бұған тоқмейілсімей, әлі де үлкен жұмыстар жасайтын боламын деген сенімдемін.
Мен Елбасымен бірнеше рет кездесіп, алдында екі рет сөз сөйледім. Әр кездесуден үлкен күш-қуат, тың идеялар алдым. Сонда байқағаным, Нұрсұлтан Әбішұлы сөйлеген адамның пікіріне назар салып, мән береді екен. Президенттік кезекті сайлау барысында халықтың Елбасына деген ынта-ықыласы жоғары екеніне көз жеткіздім. Расында, бүгінде жеткен жетістігіміз елді берекелі бірлікке бастап отырған Елбасымыздың саясатының арқасы. Төрткіл дүниеге егемендігімізді танытқан тұста Қазақстан әлеуметтік-экономикалық дамудың даңғыл жолына түсті. Бұл – өмірде көрініс тапқан шынайы шындық. Мұны әлем мойындап отыр. Ал бұл күнге жеткізген дара тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев десек, еш қателеспейміз.
Марат АХМЕТОВ,
“Петропавл ауыр машина жасау зауыты” акционерлік қоғамының инженері.