«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАРЫНДЫ БАЛАЛАР – еліміздің зияткер болашағы

Әр баланың бойында туғаннан өзіне тән күші мен мүмкіндігі болады және оған жайлы жағдай жасалса, оқушының осы қабілеттері табиғи, эмоционалдық, көшбасшылық, көркемдік, тағы басқа да жағынан байқалуы мүмкін.

Біздің мектептің мұғалімдері жұмыс барысында осы мәселелерді ескеріп отырады. Дарынды балалармен жұмыс мазмұны әр оқу пәнінің аясында анықталады. Мектебіміздің ұстаздары дарынды оқушылармен жұмыс тәсілдері мен түрлеріне басқа балалармен жүргізілетін жұмыстармен үйлесуіне, сондай-ақ, қандай да бір өзгешелігімен ерекшеленуіне баса назар аударады. Мектепте оқыту үдерісін ұйымдастырудың негізгі тәсілі сабақ болғандықтан, жеке сабақтың аясындағы әдіс-тәсілдер әртүрлілігімен және әрбағыттылығымен айтарлықтай ерекшеленеді. Олар әркелкі немесе жеке жұмыс болуы мүмкін. Соның ішінде топпен жұмыс, шығармашылық тапсырмалар, оқушыларды өз бетімен танып-білуге жетелейтін әдістер, пікірталастар мен диалогтар тәжірибемізде көп қолданылады.

Дарынды дамылсыз ұштай білу керек. Ол үшін дарынды балаларды анықтап, олардың қабілеттерін дамыту мақсатында мектептегі оқу әрекеттерімен қатар, факультативтік сабақтар, арнайы курстар, үйірмелер, байқаулар мен зияткерлік ойындар, конференциялар жиі ұйымдастырылады.  

Шәкірттерді мектептен тыс өтетін олимпиадаларға, зияткерлік конкурстарға қатыстырып, оқушыларды сабақтан тыс зерттеу және ғылыми жұмыстарға тарту да оң нәтижесін беріп келеді.

Баланың дарындылығын арттыруда оқу үдерісін ақпараттандырудың да маңызы зор екеніне көз жеткізіп жүрміз. 2013-2014 оқу жылында мектеп электрондық оқыту жүйесіне енгізілді, осыған байланысты компьютерлер жаңартылып, толықтырылды. Мектептің кітапхана қорында 11 мыңға жуық әр саланы қамтитын кітаптар, сонымен бірге түрлі пәндер бойынша электрондық оқулықтар бар. Осының барлығы оқушыларға ұсынылып отырған қызмет сапасын арттыруға және дарындылармен жұмысты нығайта түсуге ықпал етеді. Соңғы жылдарда пәндік олимпиадалар мен зияткерлік конкурстарға, басқа да сайыстарға қатысушылар мен жеңімпаздар санының артуы осының айғағы.

Мысалы, “Зерде” зерттеу жұмыстары конкурсында мектептің 5 оқушысы жүлделі орындарға ие болып, 3-сынып оқушысы Валерия Зологина облыстық конкурста 1-орынды иеленіп, республикалық конкурсқа өтті. Жас зерттеушілер конкурста жоғары шығармашылық, ғылыми ойлау қабілеттерін көрсете білді. Олардың тақырыпты ашуда тиімді танымдық әдістерді пайдалана білулері жетекшілері: Айнаш Мейрамғалиева, Самал Шуақбаева, Жанна Чукуева, Ирина Сошникова, Роза Баязитованың ыждаһаттылықпен жүргізген жұмыстарының нәтижесі. Жалпы білім беретін пәндер бойынша Түркістан қаласында өткен республикалық “Яссауи” байқауында да оқушымыз Темірлан Нұрғалиевтің бағы жанды. Ол тарих пәнінен 3-орынға ие болып, халықаралық қазақ-түрік университетінің заң факультетіне грантты жеңіп алды. Бұл – оның ұстазы Айтжан Укиенованың да мақсатты әрі жүйелі жүргізген еңбегінің жемісі. Сондай-ақ, Айтжан Сәткенқызының басшылық етуімен 9-сынып оқушылары “Не? Қайда? Қашан?” қалалық зияткерлік турнирінде 1-орынды иеленді.

Ұстаз мамандығы жан-жақты білімділікті, балаларға деген махаббат пен шексіз жан жылуын талап етеді. Тек балаларға шын ниетіңмен берілгенде ғана оларды ғылым тұңғиығына жетелеп, еңбекке құштарлықтарын оятып, бұлжымас адамгершілік негіздерін қалайсың.

Райхан СӘЛІМБАЕВА,

№9 орта мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp