Әдетте дауыл өзінің мінезін көктем мен жазда танытады. Оған мысал: 2007 жылы облыс аумағында жылы және суық ауа ағыстарының тоғысуынан найзағай ойнап, күшті дауыл тұрды. Сол құйынның салдарынан облыстың барлық аумағы зардап шегіп, 55 электр желісі бағаны құлап, 45 елді мекенге электр қуатын беру тоқтады, әлеуметтік және шаруашылық нысандарының 40 пайызы электр қуатынсыз, ал 27 елді мекен байланыссыз қалды.
Сол сияқты, биылғы наурызда күшті жел “Қызылжар оранжереясы” МКҚК ғимаратының 30 шаршы метрінің шатырын екі рет жұлып әкетті. Сәуірде қатты дауылдың кесірінен Аққайың ауданындағы Смирново ауылындағы “Смирнов №3 орта мектебі” КММ-ның 25 шаршы метр, Рублевка ауылындағы “Рублев орта мектебі” КММ-ның 4 шаршы метр, сондай-ақ, Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылының “Отан” кәсіби-техникалық оқыту орталығы ғимаратының 200 шаршы метр шатыры зақымданды.
Жоғарыда келтірілген ақпарат аталған табиғи апаттардың туындау қаупі мен орын алуынан қорғану шаралары туралы ойлануды қажет етеді.
Синоптиктер құйын немесе дауыл туралы дерек жетісімен тұрғындарды табиғи апат туындаған кезде қорғану әрекетіне дайын болуы үшін бірден құлақтандырады. Әдеттегідей, радио мен теледидар арқылы апаттың нақты ауданға жақындағаны жайлы мәлімет, адамдардың жүріс-тұрыс ережелері туралы кеңес беріледі. Аталған ақпаратты алысымен дереу ғимараттардың, құрылыстар мен адамдар орналасқан орындардың қауіпсіздігін арттыру, өрт пен басқа да қауіп-қатердің алдын алу бойынша тиісті жұмыс жүргізу қажет. Атап айтсақ, ғимараттың жел соғатын жағындағы терезелерді, есіктерді, шатырға кіретін есікті, желдеткіш саңылауларын жақсылап жауып, терезелердің шыныларына қағаз жапсырып, жаппалармен жабу керек. Ал ық жағындағы терезелер мен есіктерді ауаның ішкі және сыртқы қысымын теңестіру үшін, керісінше, ашу қажет болады. Электр, керосин, майшам, керосиндік плиткалар мен примустарды дайындап қою, азық-түлік, ауызсу, дәрі-дәрмек қорын жасаған жөн. Пәтерлерде электражыратқыштар, газ және су құбырлары магистральдары шүмектерін тексеру керек. Отбасының ересек мүшелері жарақат алғандарға алғашқы медициналық көмек көрсету ережелерін еске түсіріп, оған машықтанып алған дұрыс.
Дауыл тұрған кезде найзағай да жиі ойнайды. Бұл жағдайда жай түсуінен қорғану керек: жалғыз ағаш астына, электр желісі бағанына жақын бармаған жөн. Дауыл және құйын өткеннен кейін зақымданған ғимараттарға кіруге болмайды. Онда кіру үшін баспалдақтарының, төбесі мен қабырғаларының орнықты тұруы мен өрттің болмауына, газдың шығуы, электр сымдарының үзілмеуіне жете көңіл аудару қажет. Дауыл мен құйын кезіндегі жүріс-тұрыс ережелерін білсеңіз, сіз өзіңізді осы табиғи апаттар туындағанда көптеген келеңсіз оқиғалардан сақтандыра аласыз.
Біздің аймақтағы болуы ықтимал табиғи апат тұтқиылдан соғып, әбігерге салмас үшін облыстың әрбір тұрғыны жоғарыда келтірілген ережелер мен қауіпсіздік шараларын біліп, оны төтенше жағдайлар кезінде қолдана білулері керек.
Бейнегүл ТҰРАЛИНОВА,
облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі
департаменттің бас маманы маманы.