Оқуға түсер алдындағы емтихандарға даярлық – талапкерлер өмірінің ең басты және күрделі кезеңі. Соңғы жылдары үміткерлер біліміне талаптар күшейтілді. Өз білімі мен күшіңе ғана сеніп, жоғары оқу орнына түсу бүгінгі күні қиындық тудырары сөзсіз. Көптеген жоғары оқу орындары талапкерлермен сабақ өткізудің даярлық факультеттері, бөлімшелері, курстары сияқты өзіндік жүйесін құрған.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бірнеше жылдан бері жоғары оқу орнына дейінгі факультет, негізгі және таңдаған пәндері бойынша мектеп бағдарламасын қайталағысы келетін талапкерлерге арналған даярлық факультеттері жұмыс істеп келеді. Бізде қазақ және орыс тілдерінде білім беретін екі бөлімше бар. Қазақ ұлттық университетінің даярлық факультетінің тыңдаушыларымен білікті оқытушылар жұмыс істейді. Нәтижесінде жас өркендердің басым бөлігі біздің университетке немесе басқа жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігіне ие болады.
Даярлық факультетіндегі сабақтармен бірге оқытушылар тыңдаушыларды студенттік өмірге бейімдеп, тәрбие жұмыстарын жүргізеді. Жастар – еліміздің болашағы. Сондықтан оқытушылар университеттен жоғары білікті мамандармен қатар, еліміздің лайықты азаматтарының тәрбиеленіп шығуына баса назар аударады. Осы мақсатта “Гринкампус”, “Айналаңды нұрландыр”, “100 кітап”, тағы басқа жобалар аясында әлеуметтік-тәрбие шаралары өткізіледі. Олар біздің тыңдаушылардың түрлі таланттары мен қабілеттерінің ашылуына ықпал етеді.
Тыңдаушылардың әртүрлі шараларға қызығушылық танытып, дайындық жүргізгендерін, өздеріне сыни тұрғыдан қарап, зор әлеуеттерін айқындағандарын бақылаудың өзі адамды жағымды әсерге бөлейді. Ең бастысы, осындай шаралар барысында оқытушылар мен жастар өздерін жақынырақ таныстыруға мүмкіндік алады. Бір топтағы өрендер бір-бірін жаңа қырынан танып, достық қарым-қатынастары қалыптасады.
Жетекшілер тыңдаушылардың өтініштері бойынша оларға Алматы қаласы мен оның маңындағы көрікті жерлерге саяхат жасатады. Жастардың рухани дамуы үшін Абай атындағы опера және балет театрына, концерт залдары мен басқа да мәдени орындарға апарады.
Сабақтарға табанды түрде дайындалу, ой еңбегі мен бос уақытты үйлестіре пайдалану тиімді нәтиже береді. Бұл – даярлық факультетінде табысты оқудың және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті мәртебесіне ие болудың бірден-бір жолы.
Аталмыш білім ордасында – қазақ және орыс, татар, ұйғыр, түрік, тәжік сияқты әр этнос өкілдері қоян-қолтық араласып, бір-бірімен ынтымақты қарым-қатынас орнатқан. Біз даярлық факультеттері тыңдаушыларының қатарын солтүстік өңірлердің балалары толықтыра түседі деген үміттеміз.
Гүлнара КАКИШЕВА,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
жоғары оқу орнына
дейінгі факультеттің
аға оқытушысы.