«Декларациялау туралы» Заңға сай 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке құрылым қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және басқа азаматтар өздерінің кірістері мен активтері туралы есеп тапсыруы тиіс болатын. Алайда мемлекет басшысының жалпыға бірдей декларациялау тәсілдерін қайта қарау туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында ел аумағынан тыс жерлерде активтері бар адамдарды қоспағанда, азаматтардың осы санатын активтері мен міндеттемелері туралы декларацияларды ұсынудан босату ұсынылды. Бүгінгі таңда алғашқы үш кезең аясында жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне 4 млн.-нан астам адам, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор басшылары, бизнес өкілдері және олардың жұбайлары кіріп отыр.
— Бұл шара осы санаттағы жеке тұлғалардың 90 пайыздан астамына қатысты. Декларациялауды мынадай санаттағы азаматтар үшін сақтау ұсынылады: шет елдерде активтері бар; бір жыл ішінде құны 20 000 айлық есептік көрсеткіштен (74 млн. теңге) асатын сатып алу әрекетін жасаған; дербес салық салуға жататын табыс тапқан азаматтар. Сонымен қатар міндетті декларациялаудан босатылғандарға есептілікті ерікті түрде тапсыру құқығы берілген, — дейді облыстық мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысы және байланыс-орталығы басқармасының бас маманы Жанат Жұмабекова.
Халыққа ыңғайлы болу үшін салық төлеушінің кабинеті (cabinet.salyk.kz) «Электрондық үкімет» веб-порталы (egov. kz), «e-Salyq Azamat» (салық әмияны), «eGov mobile», «Halyk», «Банк Центр кредит» және «Kaspi» мобильді қосымшалары арқылы декларацияларды тапсыру бойынша электрондық сервистер іске қосылған.
Бұл орайда жеке тұлғалардың қолда бар активтерін тіркеу үшін барлық цифрлық дерекқорлардан, оның ішінде екінші деңгейдегі банктерден мәліметтер алу тетігі қамтамасыз етіледі.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Soltüstık Qazaqstan».