Петропавлда көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде өрт шықты. Тілсіз жаудың кесірінен қала тұрғынының денесін 75 пайыз күйік шалды.
Оқыс оқиға Абай көшесі, 59 мекенжайындағы 9 қабатты үйде орын алған. Алтыншы қабаттағы пәтерлердің бірі отқа оранғаны туралы хабар департаменттің “101” телефон нөміріне күндізгі сағат 16.13-те түскен. Өртсөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде үй қою түтінге оранған болатын. Мамандар жедел сатының көмегімен 78 адамды, оның ішінде 18 баланы төмен түсіріп, қауіпсіз жерге жеткізді.
Өрт кезінде екі адам ажал аузынан құтқарылды. Атап айтқанда, 47 жастағы мүмкіндігі шектеулі азамат көк түтінге тұншығып, пәтерінде ес-түссіз жатқан. Денесінің 75 пайызы күйік шалған ер адам облыстық ауруханаға жеткізілді. Ал екінші адам өрт басталғанда электр қуаты өшіп, 7-8 қабаттардың арасында тоқтап қалған лифтіден құтқарылды.
Алдын ала болжам бойынша, өрт төсекте шылым шегу салдарынан шығуы мүмкін.
Евгений ЖУРАВЛЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің ішкі және сыртқы коммуникациялар тобының бас маманы.