«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДЕРЕКТЕРДІ СӨЙЛЕТКЕН

Биыл мемлекеттік статистика органдарының құрылғанына 96 жыл толады. Бұл Қазақ автономиялы кеңестік республикасы құрылған күннен тәуелсіз мемлекетіміздегі статистика органдарында өткен өзгерістер мен қайта құруларды айқын көрсететін тарихи жол. Статистика – жаппай қоғамдық құбылыстардың сандық көрсеткішін олардың сапалық жағымен ажырамас байланыста зерттейтін ғылым. Ол, философияның, саяси экономиканың, математиканың және де басқа ғылым қағидаттары мен санаттарына сүйеніп, заңдылықтарды түсіндіре отырып, қоғамдық құбылыстар мен үрдістердің сандық өзгерістерін анықтайды және талдайды.

Қазақстан статистикасының қалыптасуы мен дамуы тарихтың терең қойнауынан бастау алады. 1459 жылы, яғни Қазақ хандығы тұсында статистикалық есеп жүргізілгендігі белгілі. Сол жылдары Шу және Талас өзендерінің бойында 200 мың адам тұрса, ал XV ғасырдың соңында, Қасым хан билік құрған жылдары халықтың саны бір миллионға жеткені туралы тарихи деректер бар. Дегенмен, бүгінгі Қазақстан аумағында азды-көпті болса да, жүйелі және орталықтандырылған статистикалық қызметтің өмірге келуі Қазақстанның Ресей империясының құрамына кіру кезеңіне жатады.

Сол жылдардан бастап осы күнге дейін Қазақстан статистикасы үлкен даму жолдарынан өтті. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, әлеуметтік және экономикалық статистика сияқты жаңа салалары зерттеле бастады. Елімізде кейбір министрліктер шеңберінде жүргізілетін ведомстволық есеппен бірге мемлекеттік есеп қатар жүзеге асырылды. Мемлекеттік статистика органдары халық шаруашылығын басқару мен жоспарлауға қажетті мәліметтерді жинақтап және әзірлеп отырды.

Статистика саласында өткен ғасырдың сексенінші жылдардың аяғында электрондық машиналарды компьютерлер алмастырды. Ол өз кезегінде жаңа статистикалық өнім түрлерін жедел түрде өңдеп, басып шығаруға мүмкіндік берді. 1992-2008 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Үкіметі статистика органдарының барлық қызмет бағыттарын айқындайтын мемлекеттік статистиканы жетілдірудің төрт бағдарламасын қабылдады. Осы бағдарламаларды жүзеге асыру барысында тәуелсіз мемлекеттің мәртебесіне сәйкес ұлттық статистика жүйесі құрылды.

Ғасырға жуық тарихы бар ұлттық статистика жүйесі бүгінде халықаралық стандарттарға сай жұмыс атқаруда. Атап айтқанда, тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік статистиканы түбегейлі реформалау жүзеге асырылды. Статистикалық тіркелім қалыптасып, негізгі халықаралық стандарттар мен жіктеуіштер, көрсеткіштердің жаңа жүйесі мен статистикалық байқаулар үрдістері енгізілді. Шаруашылық субъектілерін әкімшілік тіркелімге алумен қатар, жеке кәсіпкерлерді, ауыл шаруашылығы құрылымдары мен тұрғын үйлерді тіркеу жүргізіле бастады. Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіштері, өндірілетін өнім түрлерінің жіктеуіштері және әрбір заңды тұлғалардың, филиалдары мен өкілдіктерінің сегіз және он екі санды жеке кодтардан тұратын кәсіпорындар мен ұйымдардың жіктеуіштері сияқты үш жаңа мемлекеттік стандарт әзірленіп, бекітілді. Бұлардың барлығы экономикалық қызмет түрлеріндегі еуропалық жіктеуіштермен сәйкестендірілді.

Барлық жүйелердің тиімділігін және статистикалық деректерге қолжетімділікті арттыру мақсатында “е-Статистика” интеграцияланған ақпараттық жүйесі құрылды. Бұл жобада деректерді жинау, өңдеу және таратуды автоматтандыру және ақпараттық жүйелермен, соның ішінде өзге мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен ықпалдасуы көзделген. Бүгінгі күні бұл жүйе мемлекеттік органдардың жиырмаға тарта ақпараттық жүйелерімен табысты ықпалдасқан.

Қазіргі таңда статистиканың қалыптасу үрдісі біздің облысымызда да барша республикадағыдай кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Облыстық статистика департаментінің негізгі міндеті мемлекеттік статистика ұстанымдарын сақтай отырып, статистикалық қызметті жүзеге асыру мен қоғамның және мемлекеттің ресми статистикалық ақпаратқа деген сұранысын қанағаттандыру болып табылады. Тапсырмаларға сәйкес департамент жалпы мемлекеттік статистикалық бақылау жүргізу және ресми статистикалық ақпараттарды тарату бойынша қызмет атқарады.

Бүгінде ақпаратты жинау және сараптау жүйесі жетілдіріле түскен. Облыстық департамент жанында 14 салалық және 13 аудандық басқарма құрылған. Бүгінде қандай да болсын саланың жұмысына қатысты нақты ақпаратты 142 мемлекеттік қызметкер ұсынады. Пайдаланушыларға статистикалық ақпаратты шұғыл жеткізу мақсатында департаментің шығаратын барлық статистикалық жарияланымдары, сондай-ақ, жиынтық және салалық баспасөз баяндары жаңалықтар айдары күн сайын жаңартылып отырылатын интернет-ресурсында орналастырылады. Өңірлік департаменттің ғаламтордағы ресми парақшасы бұл орайда үлкен рөл атқарады десек, артық айтпаймыз.

Үстіміздегі жылдың тоғыз айындағы жоспар бойынша 506 статистикалық жұмыс орындалса, олардың басым бөлігін статистикалық бюллетеньдер мен шұғыл ақпараттар құрады. Осы кезеңде 20 статистикалық жинақтар шығарылып, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында департамент қызметіндегі өзгерістер және жаңалықтар туралы оннан астам материал жарияланды. Осы кезең аралығында департаментке заңды және жеке тұлғалардан келіп түскен барлық өтініштерге тиісті жауап берілді.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде респонденттерге есепті факс, пошта және электронды түрде тапсыру мүмкіндіктері де қарастырылған. Бұл жүйе респонденттерге статистика органдарына келмей, статистикалық есептерді электронды түрде тапсыруға, яғни респонденттерге түсетін жүктемені азайтып, уақытты және шығынды үнемдеуге мүмкіндік берді. Қазіргі таңда статистика органдарына ұсынылатын статистикалық байқаулардың басым бөлігі онлайн режімде тапсырылып отыр. Жыл басынан бері онлайн режімінде 75 мыңнан астам есеп түсті. Бұл өткен жылғы мерзіммен салыстырғанда бір жарым есеге көп.

Респонденттерден келіп түскен қандай да бір мәлімет бірнеше бақылау сатысынан өтеді. Себебі, бұл салада қателік жіберуге болмайды. Бүгінде ақпаратты есепке алу жүйесі әлемдік тәжірибеге сәйкес “Бір терезе” қағидасы бойынша жүргізіледі. Нәтижесінде департаментке 5,5 мың заңды тұлғалардан, 2 мың жеке кәсіпкерлерден, 3 мыңдай шаруашылық қожалығынан есеп түседі.

Үстіміздегі жылы қатарымыз 6 маманға толықса, кейбір қызметкерлеріміз Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясында білімдерін көтеру мүмкіндігіне ие болды. Қызметінде жоғары нәтиже көрсете білген әріптестеріміздің еңбегі облыс басшылығы және әкімшілік тарапынан бағалануда. Мәселен, өткен жылдың соңында статистика департаментінің басшысы Марал Нұржауыповаға, осы мекемені 1993-1997 жылдары басқарған Алтай Қожахметке, департаменттің бас маманы Людмила Ельцоваға облыс әкімінің Құрмет грамотасы табысталды. Ал департаменттің еңбек статистикасы және үй шаруашылығын зерттеу басқармасының басшысы Ольга Платонова, Есіл аудандық статистика бөлімінің бас маманы Татьяна Фризенге Алғыс хат, бір топ қызметкерге министрліктің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табыс етілді. Бұл саладағы көп жылғы еңбегі үшін басқарма және бөлім басшылары Сұлушаш Сұлтанова, Саида Әбділхакімова, Ғалия Шәріпова және Найля Сүлейменова Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің “Статистика үздігі” төсбелгісіне ие болғаны біз үшін мерей.

Бір ғасырға жуық тарихы бар ұлттық статистика жүйесі еліміз тәуелсіздік алған жылдары бұл сала қайта құрылып, жұмысын жетілдіре түскені белгілі. Нақты мәліметтерге қолжетімділікті арттыру мақсатында жүзеге асырылған игі шаралар аясында департамент мамандары ақпарат қажеттігі заман талабына сай өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы нақты әрі объективті ақпарат ұсынып, есептеу-санау және тексеріс жұмыстарын жүргізеді. Статистиканың негізі болып табылатын мәліметтер ақпараттың негізгі қайнар көзі. Сондықтан статистиканың қоғамдағы рөлі ерекше болып қала бермек.

Қуанышбек ҚАЛИЖАНОВ,

облыстық статистика департаменті басшысының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp