“Талбесіктен жербесікке дейін ізден” дейтін халқымыздың сөзін өмірлік ұстанымына айналдырып, бүгінде Таяу Шығыста жүрген өңіріміздің тумасы Динара Бектұровамен әлеуметтік желі арқылы сұхбат құрудың сәті түскен еді.
– Динара Сәкенқызы, cізді көзі қарақты көрермендердің көбі республикалық “24 kz” телеарнасының тілшісі ретінде таныса да, өңіріміздің тумасы екеніңізді біле бермейді. Туған жеріңіз, өскен ортаңыз жөнінде әңгімелесеңіз.
– Мен Шал ақын ауданының Ұзынжар (бұрынғы Октябрьское) ауылында өмірге келдім. Аталмыш елді мекендегі орта мектепті тамамдап, Петропавл қаласындағы гуманитарлық-техникалық колледждің “Қаржы” мамандығына оқуға түстім.
Бар тәттісін аузыма тосып, қанаттыға қақтырмай өсірген ата-анам – шығармашылық адамдары. Анам Ғалия Аманжолова – химия-биология пәндерінің мұғалімі, шәкірттерін білімнің мөлдір бұлағымен сусындатып жүрген ұлағатты ұстаз. Әкем Сәкен Аманжолов – ақынжанды кісі. Ақындардың басылым беттерінде жарияланған өлең-жырларын қиып алып, оларды Сүлейменнің жүзігіндей сақтап, бір жинаққа топтастырып қоятын. Қазақ ауыз әдебиетіндегі қисса-дастандарды оқып, үнемі қызығушылықпен “Болмасаң да, ұқсап бақ” дегендей, ыстық ықылас танытатын. Олардың бойындағы осындай қасиеттерге ес білген күнімнен қанық болған мен жауапкершіліктің жүгін арқалататын журналистік жолға түстім. Менің игерген салама үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын бұл мамандықты түбегейлі зерттеу ұлы мақсатыма, ардақты арманыма айналды. Өзімді өзге мамандықтың өкілі ретінде елестете алмаймын.
– Алғашқы еңбек жолыңызды қайда бастадыңыз?
– Қабілетім мен құлшынысым қолыма алған көк қағазымның мысын басып, алғашқы қызметімді облыстық “Қазақстан-Петропавл” телеарнасында бастадым. Қарапайым жұмысты атқара жүріп, журналистиканың қыр-сырын меңгердім, тәжірибе жинадым, шығармашылық ұжымнан үйренгенім қамал, қорғаныма айналды. Кейін Астанаға (тұрмыс құруыма байланысты) қоныс аударып, елордадағы басылымдардың бірінде өзімнің білігімді байқап көрдім. Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінде де еңбек еттім. Бағымды ашып, тұсауымды кескен телеарнаға, көпшілік көз алмай көретін көгілдір экранға деген сағынышым мені республикалық “Астана” арнасына алып келді. Көркем қаланың жарқын күндерімен қатар өскен телеарнада жұмыс істеп жүргенде Алла маған отбасылық бақытымның бір тармағы етіп қызғалдақтай қыз бала сыйлады.
– Осындай қызметтерді атқарған соң бала күтімімен үйде отырған боларсыз?
– Иә. Бүлдіршінімнің жағдайын жасаудан қолым қалт етсе, өзге де арналарға барып, жобаларымды ұсынатынмын. Ой-пікірлерімді ұнатқан “24 kz” (ол уақытта жаңа іргетасы қаланған) телеарнасы жұмысқа шақырып, жігерлі, идеялы жас мамандардан құралған жаңа ұжымға қосылдым.
– Бүгінде шекара асып, өзге мемлекетте, тілі де, түрі де жат Израильде тілші болып жұмыс істеп жүрсіз. Өзіңізді жатсынбай, құшағын жайып қарсы алған жаңа ұжыммен ерте қоштасқаныңыз қалай?
– Атамекенімнен алыстағы бейтаныс елге барып, біліктілігімді арттырып жұмыс істеуіме жағдай жасаған да – өзімнің қимас досыма айналған “24 kz” телеарнасы. Ұжым басшылығы әлемнің он бес мемлекетінде бөлімшелер ашылатындығы, аталмыш мемлекеттерге тілшілердің жөнелтілетіндігі жөнінде құлақтандырғанда ішімде “Таңдаған журналистерінің арасында мен бар ма екенмін?” деген қорқыныш пен үрей болды. Тізімнің ішінен аты-жөнімді көргенде ойланбастан келісім бердім. Осылайша бұрын аяқ басып көрмеген Израиль мемлекетіне аттандым. Бұл әрекетімді өмірдегі, шығармашылық жолымдағы кішкене жеңісім деп білемін.
– Таңдауыңыз не себептен Таяу Шығыстың ең ыстық нүктесіне түсті?
– Мен әрқашан өзімді әскери салада байқап көруді армандаушы едім. Оның үстіне, сол кездері аталмыш елдің сілтідей тыныштығы сетінеп, бейбітшілікке боялған аспанын алауыздықтың бұлты торлаған еді. Әр көшеде, әр аймақта тұрғындардың тыныштығын күзетіп, қару асынған әскерилердің әрекетімен ғана аман тұрған елдің ауыр тағдыры кімді болмасын ойландырады. Қырғи-қабақ шақтағы журналистің әрекетін өз басымнан өткергім келді. Осы тұста менің шешім қабылдауыма тәуекелшілдігім көмектесті.
– Жанжалдың, қақтығыстың, ұрыстың ортасында жүрдіңіз. Жапа шеккен халықпен сөйлестіңіз, олар жайлы, бір елдің ішкі, сыртқы ахуалы туралы ой қорыттыңыз. Жаныңызға жара салып, жүрегіңізді ауыртатын бір оқиғаны есіңізге түсіріп көресіз бе?
– Көңіліме күдік ұялататын сәттер бұл жерде күн сайын орын алып жатады десем, қателеспеймін… Бір күні Израиль мен Сирияның шекарасында орналасқан Кунейтра қаласының маңында түсірілім тобымен бір материал дайындадық. Кенеттен дәл жанымыздағы мекемеден адамдардың айқайлаған дауыстары шығып, аяғы атысқа ұласты. Бет-жүздерін қап-қара бетпердемен тұмшалаған ер-азаматтар оқ жаудыра бастады. Егемендік бесігінде тербелген Қазақстаннан енді жетіп, осындай оқиғаға тап болған мен алғашында сең соққандай әсерде болдым. Одан кейін мұндай оқиғаларға етіміз үйренді. Тіпті, алдын ала дайындалып, сақтық шараларын қолданамыз. Мұндай зобалаң сәттер мені қағылез әрі турашыл болуға үйретуде.
– Туған елді сағынғанда қандай күйде боласыз?
– Көзімнің қарашығына айналған жақындарым мен достарымның бәрі Қазақстанда тұрады. Арамызды мыңдаған шақырым бөліп тұрса да, олармен мені байланыстырып тұрған – ғаламтор. Әлеуметтік желілердің ватсап пен вайбер, скайп түрлері арқылы туған елімнің топырағына табанымды тигізіп, жусанын иіскемесем де, жүрегімде тулаған, сарғайған сағынышымды бір басып алғандай күй кешемін.
Бұл батыл шешіміме қарсылық танытса да, тілегімді тілеп жүрген ата-анам ай сайын туған елдің құртын, шайын, кәмпитін жіберіп, мауқымды бір басып қояды. Олардың балдан тәтті дәмін тіліме тигізген сәттен бастап баладай бақытты күй кешетінім де жасырын емес.
Израильде қазақ диаспорасы жоқ. Елшілік те ауқымды емес. Қазақтардың саны да саусақпен санарлық.
Израиль азаматына (еврейге) тұрмысқа шыққан екі қазақ қызымен жақсы араласамын. Қазақстанда тойланатын Наурыз, Құрбан айт мерекелері күндерінде бауырсақ пісіріп, ет асып, әріптестерімді бір үстел басына жинап тұрамын. Мұндағы жергілікті тұрғындар қойдың етін пайдаланады, жылқы еті сауда да көп кездеспейді.
– Үш жылдан бері өмір сүріп жатқан өлке тұрғындарының Қазақстан туралы пікірлері қандай?
– Осы уақыт ішінде өзім тұратын Тель-Авив қаласының тұрғындары, әсіресе, зиялы қауым өкілдері өте жақсы көзқараста. Оларды еліміздің мызғымас тыныштығы өте қызықтырады.
Сұхбаттасқан
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.