«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Достықпен нұрланған даңғыл жол

Еліміздегі қоғамдық келісімді көздің қарашығындай сақтау, нығайту бағытында этномәдени бірлестіктерге ауқымды міндеттер жүктеледі. Бұл орайда олардың қызметін бір арнаға жұмылдырып келе жатқан Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы ұлтаралық татулықтың орталығы десе де болады. Этномәдени бірлестік мүшелерінің қатысуымен Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойына арналған іс-шара өтіп, тоғызқұмалақтан сайыс ұйымдастырылды.

Қазақтың ұлттық ойыны – тоғызқұмалақ өзге ұлт өкілдері арасында да кең тараған. Осы спорт түрінен ұйымдастырылған жарысқа он жастағы баладан жетпістегі қарияға дейін қатысуға тілек білдіріпті. Солардың бірі – “Дуслук” татар-башқұрт қоғамының белді мүшесі Раиса Рамазановамен тілдестік. Жеке кәсіпкерлікпен айналысатын ол тоғызқұмалақты бұрын ойнап, кейін қол үзіңкіреп қалыпты. “Уақытым қанша тығыз болса да, Достық үйі аясында өтетін шаралардың ешқайсысынан қалған емеспін. Оның үстіне Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойына арналып отырса, келмеуге қақым жоқ. Уақытымның тығыздығына қарамастан, жолым түсті”, – дейді ол. Мектеп оқушысы Вова Ешконы, праймеризге қатысып, бағын сынап жүрген Сәлімжан Сәбитовты да қызу ойын үстінде жолықтырдық.

Спорттық шарадан кейін этномәдени бірлестік өкілдері жергілікті ақпарат құралдарына сұхбат беріп, татулығымыз бен бірлігіміздің символы іспеттес бірегей институт жайлы ойларымен бөлісті. “Urpag” қазақ мәдени-ағарту орталығының жетекшісі Гүлбақша Мұсабаева ассамблеяның облыстың қоғамдық-саяси өміріндегі рөлін атап өтті. 1996 жылы құрылған облыстық ассамблея айналасына көпұлтты Қазақстанның дамуына, өркендеуіне мүдделі жандарды топтастыра отырып, бүгінде бірлестіктердің санын 26-ға жеткізген.

“Радзіма” беларусь мәдени орталығының төрайымы Мария Татаренко Ассамблеяның тәуелсіздігімізді нығайтудағы маңызына тоқталды. “Ұлттық келісім арқылы ғана Қазақстанның тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз ете аламыз. Аға ұрпақ өкілдері мұны жақсы түсінеді. Біздің мақсатымыз – жас буынды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу білу”, – дейді ол. Бүгінде “Қазақ тілі”, “Лад”, “Кентрон”, “Вайнах”, “Дуслык”, “Видергебурт”, “Коперник”, “Парвина”, тағы басқа қоғамдық ұйымдар бірлесе жұмыс атқарып, түрлі мәдени шаралардың кеңінен қанат жаюына мұрындық болуда. Мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндер, ұлттық мейрамдар бірлесіп тойланады. “Өнеріміз саған, Қазақстан!”, “Абай өлеңдері – ұлттық мақтаныш”, “Өз еліңді тану”, “Мәміле”, “Бірлігіміз жарасқан”, өзге де онлайн-фестивальдар, челлендждер, конкурстар мен акциялардың тәрбиелік-танымдық мәні айрықша.

“Дослук” татар-башқұрт бірлестігінің белсенді мүшесі Зулиха Бекметованың да айтары аз емес. “Облыс орталығында ашылған ұлттық өркендеу мектебінде екі жүзге жуық бала оқиды. Онда неміс, поляк, армян, татар, кәріс, шешен, әзірбайжан, украин, еврей бөлімшелері бар. Тілге, мәдениетке, салт-дәстүрге қатысты үйірмелер жұмыс істейді. Түрлі этнос балаларының ана тілін білуге деген ынтасы айрықша. Татулық пен жасампаздықтың басты арқауы достық деп түсінемін, – деді ол.

Шара соңында тоғызқұмалақ ойынының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге сыйлықтар табыс етілді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp