Болат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
– Өз отбасысын жердегі жаннатқа айналдыру әркімнің өз қолында. – “Қызылжар” орталық мешітінде “Қоғамдағы отбасы және Ислам” деген тақырыпта өткізілген “дөңгелек үстелде” бірінші болып мінбеге көтерілген мешіт ұстазы Хамзат Әділбеков хабарламасын осылай бастады. Ол жаратылыс тұрғысынан да тең емес әйелдерді еркектермен қатар қоюдың қисынсыздығын былай білдірді: екеуі плюс пен минус зарядтары сияқты бірін-бірі толықтырып тұрады. ХІХ ғасырдың ортасына дейін теңдік көрмеген Батыстың әйелдері шығарған бұл байбалам ананы ардақтайтын бізге мүлдем жат. Сондай-ақ хабарламашы суррогаттық тәсілдің де дінімізге кереғар екендігін айтып өтті.
Осы мешіттің наиб имамы Руслан Қайыргелді жастар арасында орын алып отырған орасан зор қайғы – өзіне-өзі қол жұмсау мәселесін қозғады. Шариғат тұрғысынан алғанда мұның күнә екендігін баршамыздың білмейтіндігіміз өкінішті-ақ! ҚМДБ-ның облысымыздағы өкіл имамы, осы мешіттің бас имамы Кенжетай қажы Дүйсенбай жастардың өзіне-өзі қол жұмсауының тыйылмауына қатты алаңдаушылық білдіріп, бұған қарсы бірлесе күрес жүргізу жөнінде ұсыныс жасады.
“Қызылжар” мешіті кітапханасының меңгерушісі Роза Ысқақова мен мешіттің баспасөз хатшысы Самал Тоқтамысова “Бала тәрбиесі” және “Мұсылман қызының бейнесі” деген тақырыптарда хабарламалар жасады.
Қоғамдағы отбасы мәселесіне тікелей қатысы бар облыстық әйелдер қауымдастығының төрайымы Бақытжан Сәмиева, кәмелетке толмаған балаларға арналған жетімхананың директоры Сәуле Омарова, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттың, сондай-ақ облыстық Ішкі саясат, Дін істері жөніндегі, Білім басқармаларының, “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының өкілдері өз лебіздерін білдірді.
Жиынды қорытындылаған бас имам “Қоғамдағы отбасы” деп аталатын ауқымды мәселенің жай-жапсарына үңілуді аядай бөлмеде емес, кең жерде, көпшіліктің алдында жалғастырған жөн, деп бұл талқылаудың аяқсыз қалмауына ниетін білдірді.