Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері тоғыз күн ішінде ветеринарлық инспекция маманының заңсыз сыйақы алуының алты фактісін әшкереледі.
Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөніндегі ұсынысты қарау барысында хабарлады.
Биыл 11 қыркүйекте Петропавл қалалық сотының үкімімен жүйелі түрде пара алып келген шекаралық бекеттерді қадағалайтын мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық инспектор Әуезбек Әлімбаевқа 787500 теңге айыппұл төлеу жөнінде үкім шығарылды. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметті атқаруға мүлдем тыйым салынды.
Іс материалдарына сәйкес, инспекцияның бас маманы маусым-шілде айлары аралығында лауазымды тұлға бола тұра, Петропавл қаласында орналасқан «Дария» базарында ешқандай ветеринарлық зертхана жүргізбестен ет өнімдерін көтерме және бөлшек сату орындарына босатып отырған. Тіпті әкімшілік-құқық бұзушылықтар туралы хаттама да толтырылмаған. Осы «қамқорлықтары» үшін жүзеге жеке және заңды тұлғалардан ақшалай алым талап етіп, алып отырған.
“Жедел іс-шаралардың нәтижесінде бас маманның заңсыз сыйақы алуының 6 фактісі анықталды. Бұл ретте, ең төменгі пара көлемі – 1 мың теңге, ең жоғары мөлшері – 10 мың теңгені құраған. Сотқа дейінгі тергеу барысында күдікті өзіне тағылған айыптарды түгел мойындады. Пара ұсынған кәсіпкерлер де қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды болдырмау жөніндегі жұмыстарды нашар ұйымдастырғаны және оған қарсы бақылауды әлсіреткені үшін Петропавл аумақтық инспекциясының басшысы А. Құсайынов қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды»,–деді Нұрлан Жахин.