
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлеріне дәріханалардың бірінде сертификатталмаған препараттар сатылып жатқандығы жайында ақпарат келіп түскен. Тексеріс кезінде дәріханада рұқсаты жоқ препараттардың сатылғаны анықталды. Соның нәтижесінде 56 атаулы 2800 дана түрлі дәрі-дәрмек тәркіленді. Жедел уәкілдер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің тиісті бабы бойынша дәріхана иесіне қатысты материал жинақтады. Заң бойынша оған 130-дан 200-ге дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Шешім қабылдау үшін жиналған материалдар уәкілетті орган – Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің облыстық департаментіне жолданды.
Бұл факті бір апта бойы жүргізілген «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында анықталған. Оның шеңберінде 40-тан астам дәріханалар, қоймалар, өндірістік кәсіпорындар мен медициналық нысандар тексерілді. Есірткі құралдарының заңды айналымы саласында 11 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.