«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДӘРІ-ДӘРМЕК ҚОРЫ ЖЕТКІЛІКТІ

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Анар Жарова коронавирус пандемиясының екінші толқынына дайындық барысын қадағалау мақсатында жергілікті қоймада дәрі-дәрмектің жеткілікті қорының бар-жоғын тексерді.

Бүгінгі күні облыстағы қоймаларда дәрілік заттың 114 түрінің 300 мыңнан астам қоры сақтаулы. Оның қатарында “Covid-19” пандемиясын емдеуге қажетті, жоғары сұранысқа ие цефтриаксон, ксарелто, дексаметазон, амоксициллин, фуросемид, парацетамол, тағы басқалары бар. Бірыңғай дистрибьютер “СК-Фармация” жергілікті 39 медицина ұйымын қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп отыр. Мониторингтік топ мүшелерінің сөзіне сәйкес, үстіміздегі жылы стационарлық ауруханалармен дәрі-дәрмек және медицина құрылғыларын сатып алу-жеткізуге қатысты жалпы сомасы 5,7 млрд. теңгеге 571 келісім жасалған. Бүгінге дейін 4,8 млрд. теңгенің тауары жеткізілді. Ал амбулаториялық ем бойынша 5,96 млрд. теңгенің келісімі жасалса, соның 5,7 млрд. теңгесі бойынша сатып алу-жеткізу жүзеге асырылды.

Қазіргі пандемиялық жағдайға байланысты мамандар алдымен коронавирус инфекциясына қарсы тиісті препараттарды облыстағы 9 инфекциялық бөлімшелерге жеткізуге басымдық беруде. “СК-Фармация” ЖШС-нің облыс бойынша менеджері Роза Тілеспаеваның айтуынша, қауіпті індетті жұқтырған адам оның жеңіл формасына шалдыққан болса, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз етіледі. Дәрігер берген анықтама арқылы оған парацетамолл, ибупрофен және 3 антикагулянттық дәрілік зат беріледі.

Мониторингтік топ мүшелері амбулаториялық деңгейде емделушілерді тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету барысында туындайтын мәселелерді қозғады. Облыстық фармацевтер қауымдастығының төрайымы Тамара Анохина “Денсаулық” коммерциялық емес жеке мекемесінде мамандар “Ривароксабан” (“Ксарелто”) атты дәрінің жоқ екенін айтқанын жеткізді. Алайда, қоймада аталған дәрі жеткілікті мөлшерде бар болып шықты. Ал оның емдеу мекемесінде болмауына жауапты мамандардың бірыңғай дистрибьюторға уақытында тиісті өтінішті жібермеуі себеп болып отыр.

“Мониторинг барысында дәрілік заттар мен медициналық құрылғыларды сатып алу, жеткізу және бөлудегі мәселелер талқыланды. “СК-Фармация” серіктестігінің бірыңғай фармацевтикалық ақпараттық жүйесін техникалық қолдау әлсіз екені белгілі болды. Яғни, жүйенің баяу қызмет көрсетіп, жиі істен шығатыны жөнінде шағымдар бар. Бұл бірыңғай дистрибьютормен қатар логистикалық компаниялардың, медициналық ұйымдардың және электронды денсаулық сақтау орталығының қызметтерін бір жүйеге біріктіру салдарынан орын алды”, – деді мониторингтік бақылауды қорытындылаған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Анар Жарова.

Тексерістің нәтижесі облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өтетін коронавирус инфекциясы бойынша жағдайды бақылау орталығының отырысында қаралатын болады.

Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp