Ата-ананың қамқорлығы мен тәрбие берік орнаған отбасында өскен баладан түбінде жақсы адам шығары анық. Халқымыз өмірдің бұл заңдылығына о бастан зор көңіл бөлген. Жазушы Ғабиден Мұстафин: “Қазақ дәстүрі тек ата-ананы ғана емес, жалпы адамды сыйлауға баулиды”, – дегендей, шаңырақта адамның ізгі қасиеттерін бойына сіңіре білген балалар өсе келе айналасына абыройлы азамат ретінде танылары сөзсіз. Қызылжар қаласында тұратын Сәдуақасовтар отбасы халқымыздың қанына сіңген дәстүрінің негізінде тәрбиелі ұрпақ өсіріп, балалары мен немерелерінің үлкен жетістіктерге жетуіне жағдай жасап отыр.
Қазақта “ауылыңда төбең болса, ерттеулі тұрған атпен тең, қарияң болса, жазулы тұрған хатпен тең” деген қанатты сөз бар. Кәмаш Сыздыққызының бір кезде халқы мен келешек ұрпағы үшін жасаған игі істері орасан зор. Осыдан он жыл бұрын бақилық сапарға аттанған жұбайы Қайырбай Қожбанұлы екеуі саналы ғұмырын өңіріміздің өсіп-өркендеуіне арнап, бес бала тәрбиелеп өсірді. Отағасы 25 жылдан астам уақыт бойы кеңшарды басқарса, Кәмаш апа жас ұрпақ тәрбиелеуде өңір мектептерінің мақтанышына айналды. Ол ұстаздық еткен тұсында шәкірттері түрлі байқауларда жеңіске жетіп, білімді толқынның қатарын арттыра түсті. Үлгілі жұп еңбек жолының, адамгершілігі, кішіпейілділігінің арқасында абырой-беделге ие болды.
Кәмаш Сыздыққызы 1935 жылы Көкшетау облысының Зеренді ауданында дүниеге келген. Үш жасында анасы мезгілсіз дүниеден өтіп, Балғыз есімді нағашы апасының қолында тәрбиеленіпті. Бірақ көп ұзамай, бұл туысқаны да қайтыс болып, әкесі Ұмсынай деген әйелге үйленеді. Екеуі де ұзақ жылдар бойы ұстаздық етіп, қыздарының білім нәрінен сусындауына ерекше көңіл бөлді. Тәлімгерлер отбасында өскен Кәмаш апа ұстаздық жолды таңдап, 1953 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтына оқуға түсіп, оны үздік тамамдады. 1958 жылы Есіл ауданындағы Тауағаш ауылының азаматы Қайырбай Сәдуақасовпен отау құрып, біраз жылдар бойы Жамбыл, Мамлют, Есіл аудандарында ұстаздық етті. Сол тұста Абай Оспанов, Ғалия Оспанова, Зейнолла Әкімжанов, Тоқтар Зікірин, Әсет Мұстафин, Виктор Гусаков, Абай Дүйсенов сынды өңір мақтаныштарын білім нәрінен сусындатты.
Қайырбай Қожбанұлы да бірқатар ауылдардың тұрмысын түзеуге атсалысқан. Ұзақ жылдар бойы Дружба кеңшарын басқарған тұсында ауыл шаруашылығы дамып, елді мекендер тұрмысы түзелді. Осы еңбегі үшін білікті басшы екі рет “Құрмет белгісі” орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған. “Қайрекеңнің әкесі соғыстан оралмады. Майданға дейін 4-5 жасқа келіп қалған ұлын “Геройым” деп, оның болашағын алыстан болжаса керек”, – деген Кәмаш апа жарының жауапкершілігі мол, ақкөңіл азамат болғанын айтады.
Ақ жаулықты ана атыма затымды сай етейін, кісілігімді кішілігіммен көрсетейін, алдыңғы толқынға жұғымды сіңлі, кейінгі толқынға аяулы әпке болайын деген қанатты арманын өмір бойғы қағидасына айналдыра білді. Сол жолдан таймай, барға тасып, жоққа жасымай, мәуелі бәйтеректей тамырын тереңге жайған Кәмаш апа бүгінде жан-жарынан айырылса да, өзі де, балалары мен немерелері де әкенің атына кір келтірген жоқ. Бүгінде – ол ұрпағына ақылшы болып, билік те айта білетін, аналық, апалық кемелдігін көрсете алатын ардақты әже. Оның тағы бір қасиеті жаттың өзін жақын, алыстың өзін бауыр ететіндігінде. Көптеген шәкірттерін өз баласындай көріп, жақсы маман атануына көмектесті. Жас кезінде жұмысы мен күнделікті күйбің тірлігіне қарамастан, қолға алған ісін соңына дейін жеткізуге тырысатын. Өзі сүйіп айналысатын, әлемдік классикалық туындыларды оқу, шабыты келген шақта өлең жазу, сонымен бірге туған өлкенің беймәлім тарихынан сыр тарту сияқты ықыласты істерімен де айналысқанды ұнатады.
Бүгінде тұтас елімізде тарыдай шашылып, еңбектеніп жатқан көптеген шәкірттерге дәріс берген, өмірде жол сілтеген ұлағатты ұстаздың 15 немересі мен 16 шөбересіне ақылшы болып отырған жайы бар. “Әу бастан айқындалған биік меже, алмас қылыштың жүзіндей мұқалмас жігер, өз саласына деген ерекше сүйіспеншілік қана адам баласын мақсатына жеткізсе керек. Мен ұрпағыма үнемі осыны айтып келемін. Әр адам өзіне жүктелген өмірлік миссиясын абыроймен атқаруы тиіс”, – дейді ақ жаулықты ана.
Бұл отбасының облыс орталығына қоныс аударғанына 20 жылдан асты. Сексеннің сеңгіріне шыққан енесі көз жұмарынан бір күн бұрын келінін ымдап шақырып алып, “Кәмашжан-ау, осы үйдің шырағын сөндірме, атымызға кір келтірмейтін үлкен әулет болыңдар”, – деп соңғы сөзін айтып дүниеден өткен екен. Содан бері бұл ұрпаққа ешкім жаман сөз айтып көрген емес. Ерлі-зайыпты Сәдуақасовтар өмір бойы ата-анасының аманат еткен бір ауыз сөзіне берік болуға тырысты. Қос қарияның өнегелі жолы осылай өріліпті.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: Сәдуақасовтар отбасы.