«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕКПЕГЕ БІЛМЕСТІКПЕН ҚАРСЫ БОЛАТЫНДАР БАР

Қыркүйектің 15-інен республика көлемінде тұмауға қарсы екпе егу жүріп жатыр. Қауіпті дерттің алдын алатын екпе бірінші кезекте жүкті әйелдерге қойылуда. Бұл вакцинаның нәресте күтіп жүргендер үшін пайдасы жайлы және оған кей тұрғындардың үреймен қарау себебі туралы №1 қалалық емхананың акушерлік-гинекологиялық бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы Бибігүл Көжекбаевадан сұрап білдік.

– Бибігүл Ерікқызы, жүкті әйел­дер үшін вакцинацияның маңыздылығы қандай?

– Жыл сайын республикамыз­да осы мезгілде екпе егу бастала­ды. Тұмау – жедел респиратор­лық-вирустық аурудың бір түрі. Бі­рақ бұл вирустың жедел респира­тор­лық аурулардың өзге түрлері­нен ерекшеліктері бар. Бұл инфек­ция өзгешерек басталады. Алдымен дене қызуы күрт 38 градусқа дейін жоғарылайды. Жалпы ин­ток­сикация басталады. Яғни, вирус жұқтырған адамның денесі ауы­рады, жарыққа қарау қиындап, кейін құрғақ жөтел пайда болады. Тұмаудан бір аптаның көлемінде емделіп шығуға болады. Алдымен вирус ауыз және мұрын қуысында­ғы эпителийге түсіп, оны зақым­дайды. Кейін қанға тарайды. Ви­рус анықталған соң ағзада антиде­нелер қалыптасып, вируспен кү­рес жүреді де қалыпты жағдайда адам тұмауды, шамамен, 7 күнде жеңіп шығады. Алайда, қарт адам­дарда, созылмалы ауруы барлар мен иммунитеті төмендеген жан­дарда бұл вирус асқынуларға әке­ліп соқтырады. Яғни, вирус жоға­ры тыныс алу жолдарымен шек­тел­мей, өкпеге түсіп, кейін пневмо­ния, кардит сияқты сырқаттарға ұласады. Жүкті әйелдер иммуни­теті төмен жандардың қатарына жатады. Сондықтан әйелдер тез ауы­рып қалады. Оның үстіне жа­тырдың өсуіне байланысты бар­лық ішкі дене мүшелері, оның ішінде өкпе де сығылады. Аяғы ауыр әйелдерде пневмонияны ем­деу қиынға соғатындықтан, алдын алу шараларына басымдық бері­леді.

– Екпені жүктіліктің қай мер­зімінде саласыздар?

– Вакцинаны жүктіліктің екінші және үшінші триместрінде қоюға бола­ды. Дегенмен, біз баланың барлық органдарының түзіліп болғанын күтіп, екпе салуға жүктіліктің 16 ап­тасына жеткен әйелдерді шақыра­мыз. Вакцинациядан жүктіліктің соңғы мерзіміне дейін өте беруге болады.

– Бала мен анаға дәріден қа­уіп бар ма?

– Одан қауіп жоқ. Вакцина небә­рі вирустың сыртқы қабыршағының бір бөлігінен тұрады. Осы себепті, ағзаға түскен кезде ол вирус ретінде қабылданып, антиденелер түзіле бастайды. Кейін тұмау­дың өзімен кездескен жағдайда, яғни, вирус эпителийге түсе салысымен бірден онымен күрес баста­ла­ды. Бұл вакцина вирустың өзі болмағандықтан, екпе салғанда интоксикация болмайды. Тек қой­ған жер ауырсынып, кешкі уақытта аздап бас ауруы мүмкін.

– Вакцина қандай жағдай­ларда қойылмайды?

– Тауық жұмыртқасының ақуы­зына аллергиясы бар әйелдерге вакцина қойылмайды. Өйткені, дәрідегі вибриондар ақуызда өсірі­леді. Екіншіден, екпе салатын уа­қытта жедел респираторлық-ви­рустық инфекциямен ауырып жүр­гендерге, созылмалы аурулары ас­қынып тұрғандарға вакцинация­дан өтуге болмайды. Ал басқа жағ­дайлар дәрі қоюға бөгет бола ал­майды.

– Аяғы ауыр әйелдер екпе са­луға қалай қарайды?

– Әйелдерде вакцинаға сенім­сіз­дік, қорқыныш бар. Осы себепті, бізде тіркеуде тұрғандарға вакци­нация жайлы, оның маңыздылығы туралы ақпаратты айтып, хабар­ландырдық. Кейін жүкті әйелдің әрбірімен жеке-жеке сөйлесеміз. Бірақ көпшілігі білместіктен алдын алу шарасынан қорқады. Баланың барлық дене мүшелері қалыпта­сып, даму сатысына келгенде қо­йылса, бұл екпенің қаупі жоқ. Осы орайда аяғы ауыр әйелдер, бірінші кезекте, қауіпті мерзімде өз ден­салықтарын сақтау туралы ойласа дейміз. Өйткені, тұмаудан соң ас­қынатын пневмония жүкті әйелдер үшін өте қауіпті.

– Әйелдер екпені өздері қала­ған ауруханасында ала ма?

– Жүкті әйелдер ем-шара ка­би­нетіне барып, өз беттерінше екпе салдырта алмайды. Өйткені, алдымен терапевтке көрінулері тиіс. Дәрігер қарсы көрсетілімдер бар-жоғын анықтап барып қана, вакци­нацияға жолдама береді.

– №1 емханада қанша жүкті әйел тіркеуде тұр? Қаншасына екпе қойылды?

– Жүкті әйелдерге тұмауға қар­сы екпе қою шарасы осымен ал­тыншы жыл қатарынан жүргізіліп келеді. Әрине, бастапқы жылдары біраз қорқыныш болды. Дегенмен, жыл сайын 60-80 шақты вакцина қойылады. Осы уақыттың ішінде дәрі алған келіншектерде асқы­нулар болған жоқ. Қазір біздің ем­ханада 450-дей жүкті әйел есепте тұр. Олардың 200 шақтысының жүктілік мерзімі 16 аптадан асқан – бәріне жететіндей вакцина қоры бар. Бүгінге дейін 20-дан астам әйел екпе алып үлгерді.

– Екпе қойған әйелдер тұмау­дан 100 пайыз қорғалған деп айта аламыз ба?

– Айта кетейін, тұмаудың екі мыңнан астам типі бар. Әрі олар жылдам мутацияға ұшырайды. Сон­дықтан елімізде жыл сайын мо­ниторинг жүргізіліп, тұмаудың ық­ти­мал типтері анықталып отыра­ды. Соңғы бірнеше жыл бойы ре­сей­лік “Гриппол плюс” препара­тын қолданып келеміз. Оны ала­тын себебеміз, ішіне А тұмауының H1N1, H2N2 және В тұмауының штамдары біріктірілген. Дегенмен, жүкті әйел басқа елдерге барса немесе шынымен болжағаннан өзге тұмау түрі келсе, ауырып қалу қаупі бар. Өйткені, бұл вакцина тұмаудың барлық түрінен сақтауға 100 пайыз кепілдік бермейді. Бірақ екпе алғандарда ауру жеңіл өтеді.

– Вакцинациялау шарасы қанша уақытқа созылады?

– Жылда вакцинация қазан айы­нан басталатын. Биыл бұл ша­ра сәл ертерек, қыркүйектің 15-інен басталды. Бұл – еліміздің бас са­нитарлық дәрігерінің шешімі. Екпе салу бір айға жалғасады. Сондық­тан қазанның 15-іне дейін қауіп то­бына жататын жандардың бәріне екпе қойып үлгеруіміз керек.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен

Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp