Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, коронавирус инфекциясына аталмыш білім ошағының 1 және 9-сынып оқушылары шалдыққан. 6 және 16 жастағы балалар жіті респираторлық вирустық инфекция және энтеровирустық инфекция белгілерімен облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жатқызылған кезде олардың эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша ауру жұқтырғаны белгілі болған. Бүгінгі күні сырқаттардың және олармен байланыста болған адамдардың денсаулық жағдайы ерекше бақылауға алынды. Ауырып қалған мектеп оқушылары стационар жағдайында ем қабылдауда. Ал олармен қарым-қатынаста болған 17 азамат медициналық тексерістерден өтуде. Мектеп-интернатта дезинфекциялық шаралар жүргізіліп, қалған балалар тексерілуде.
Жаңа оқу жылының басынан бері облысымызда індет жұқтырған 32 бала анықталды. Олардың 17-сі мектепке барып білім алса, қалған 15-і сабақтарға қашықтықтан қатысқан.
Облыс аумағында өткен тәулікте коронавирус белгілері бар пневмонияға 17 адам шалдыққан. Ауру пайда болғаннан бері өңірімізде барлығы 4417 адам ауырды, олардың 4162-сі жазылып шықты. 25 науқас қайтыс болды.