Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толады. Бірлік, татулық және ынтымақ – елдігіміздің мызғымас тұғыры және мемлекетіміздің басты құндылығы. Қазақстан халқы Ассамблеясы міне, осы идеологияны сеніммен, жүйелі жүзеге асырып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та былтыр аталған ұйымның «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында барша халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәнін осы үш ұғым дәл әрі нақты білдіретінін, ел саясатының бұлжымас бағдары болып қала беретінін айтты.
Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган. Ассамблея өте ауқымды қайырымдылық шараларын дер кезінде және жедел ұйымдастырып келеді. Мұның бәрі көп жылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз.
Әлемде кез келген полиэтносты мемлекет өз еліндегі этносаралық қатынастардың дара моделін теория жүзінде анықтап, практикада оны жүзеге асырады. Бұл полиэтносты мемлекеттер үшін шынайы жағдайларға үйлесетін және өте қажет шешімдердің бірі болып табылады. Этносаралық қатынастардың моделдерін анықтау арқылы полиэтносты қоғамдағы жағдайды және оның даму үрдісін білуге мүмкіндік туады.
Әлем тәжірибесінде, эт-носаралық қатынастардың түрлі моделдері кездеседі. Американың, Еуропаның, Ресейдің, Қытайдың және тағы басқа елдердің өзіне тән моделдері бар. Қазақстан өз егемендігіне қол жеткізгеннен кейін, өмірлік маңызы бар этносаралық қатынастарды реттеу мәселесін бірден алға қойды. Алайда өз салт-дәстүрі, тарихымен ерекшеленген біздің елдегі жағдай жоғарыда айтылған этносаралық қатынастардың түрлі моделдерінің ешқайсысына да сәйкес келмеді. Соның нәтижесінде Қазақстан өзіне ғана тән этносаралық қатынастардың дара моделін – қазақстандық моделді қалыптастыруға тиіс болды.
Ассамблеяның белсенді қызметінің нәтижесінде Қазақстандағы этностардың мәдени өмірі де жандана бастады. Ассамблея этникалық топтар арасындағы ұйымдастыру жұмыстарының орталығына айналды. Ассамблея органдарына мемлекеттік мәртебе берілуіне байланысты этномәдени орталықтардың мәселелері жедел шешімін тапты. Сонымен қатар Ассамблея кеңесінің шешімімен этномәдени орталықтарға қаржылай және ұйымдастыру жұмыстары бойынша көмек көрсету мақсатында республикалық қор құрылған. Бұл қордың бөлімшелері әрбір облыста ашылды.
Бүгінгі күні Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі әрбір этностың мүддесін қорғайтын қоғамдық бірлестік болып саналады. Сондай-ақ полиэтносты Қазақстан халқын топтастырушы институт ретінде қалыптасты. Ассамблея Қазақстан азаматтарын отансүйгіштікке тәрбиелеуге, халықтар арасындағы достық пен бірлікті нығайту ісіне өлшеусіз үлесін қосып келеді.
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының шаңырағында орналасқан ақсақалдар алқасы, этномәдени бірлестіктер, атқарушы билік немесе мәслихат депутаттары – бәріміздің мүддеміз, қызметіміз елдегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтап, этносаралық ынтымақты нығайтуға бағытталған.
Өңірімізде Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының отыз жылдығына орай өткізілген іс-шаралар ортақ мақсат жолында өткенімізді саралап, алдағы бағытымызды айқындауға мүмкіндік берді. Біз, ардагерлер Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының барлық іс-шараларына қолдау білдіреміз. Бүгіндері ақсақалдар кеңесінің мүшелері жастарға еңбек тәрбиесін беру, жұмысшы мамандықтарының тартымдылығын арттыру мәселелеріне баса назар аударады. Жуырда біз облыстық креативтік орталықта аға буын, жұмысшы мамандық өкілдерінің жастармен кездесуін ұйымдастырдық. Оған еңбек ардагерлері, жоғары және орта кәсіптік-техникалық оқу орындарының студенттері қатысып, әсерлі кеш өтті. Біз жасаған «Шын жүректен» әлеуметтік-мәдени жобасы аясында мұндай тартымды іс-шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде өткізіліп тұрмақ. Ақсақалдар кеңесі мүшелерінің бұл бағыттағы тәжірибесі мол.
Осыдан отыз жыл бұрын іргесі қаланған Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгін қоғамның тұрақты дамуы үшін маңызды міндет атқаратын жетекші ұйымға айналды. Өткен отыз жылдық белес өсу, өркендеу, шыңдалу жылдары болды. Тәуелсіздік кезеңінде уақыттың өзі жүктеген күрделі міндеттерді абыроймен атқарып, сыннан өткен Ассамблеяның жұмысына аға ұрпақ өкілдері атынан табыс тілеймін. Бірлік пен татулықты ту етіп болашаққа көз тіккен еліміздің аспаны әрдайым ашық, келешегіміз жарқын болсын.
Ескендір ЕЛЕУСІЗОВ,
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы ақсақалдар кеңесінің төрағасы.