Жамбыл аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері сібір елігін заңсыз атты деген күдікпен Есіл ауданының тұрғынына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.
15 қазанда түн ортасы ауа Жамбыл ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бөлімінің басшысы Қуантай Сәлімовтен Суаткөл ауылының маңындағы орманда ВАЗ-2104 автокөлігі тоқтатылғаны, ішінде үш ер адамның болғаны және көлікте елік еті мен аңшы мылтығының анықталғаны туралы хабарлама келіп түскен.
Аудандық полиция бөлімі жедел-тергеу тобының қызметкерлері оқиға орнын қарау кезінде көліктің жүксалғышынан мүшеленбеген еліктің етін және пышақты тәркіледі. Сондай-ақ оқиға орнынан екі патроны бар тіркелмеген ТОЗ-63 маркалы аңшы мылтығы алынды.
Жамбыл аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Асан Мейрамовтың айтуынша, мән-жайды анықтау барысында сол түні Явленка ауылының 40 жасар тұрғыны екі танысымен Тимирязев ауданының бір ауылына шаруаларымен шыққан. Жамбыл ауданының шекарасында ауыларалық жолда елікті байқап, атқан.
Бұл факті сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Ұсталғанға қатысты келуге міндеттеу бұлтартпау шарасы белгіленді. Қару мен еліктің еті сараптамаға жіберілді, нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.