Облыс активі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” Жолдауы жүктеген міндеттерді талқылады. Оқушылар сарайына жиналған қауым алдында сөз сөйлеген өңір басшысы Құмар Ақсақалов еліміздің әрбір тұрғынының тұрмыс сапасын арттыруға, мемлекетіміздің даму қарқынын жеделдетуге бағытталған бағдарламалық құжаттың маңыздылығына тоқталды.
Қазақстан Президенті Жолдауда еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген толағай табыстарына тоқталып, халықаралық беделінің арта түскенін және геосаяси кеңістіктегі рөлінің күшейгенін айтқан болатын. Еліміз жаһандық проблемаларды шешу ісіне зор жауапкершілікпен қарайтын сенімді халықаралық серіктес ретінде танылып отыр. Құмар Ақсақалов жылдың басты құжатында айтылған мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру үшін жүйелі жұмыс істеу қажеттігін атап өтті.
– Бағдарламалық құжат Бес институционалдық реформа мен Ұлт жоспарын толыққанды жүзеге асыруға арналған. Мемлекет басшысы Жолдауында тұрғындардың табысы мен тұрмыс сапасын арттыруды, әлеуметтік жағдайды жақсартуды, өмір сүруге жайлы және қауіпсіз орта қалыптастыруды Үкіметтің басты басымдығы ретінде айқындады. Бұл тұрғындар табысының еселенуіне, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына, аз қамтылған отбасылардың тұрғын үймен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік береді, – деді Құмар Іргебайұлы.
Облыс әкімі өзінің баяндамасында Жолдаудағы әр бағыт бойынша өңірімізде қолға алынған істерге тоқталып өтті. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және өзге де экономика салаларының цифрландырылуы мен оларға озық технологиялардың енгізілуі нарықтық дамудың негізі болмақ.
– Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жеткізуді тапсырған болатын. Біз бұл тапсырманы жүзеге асыруға басымдық беретін боламыз. Соңғы бір жылдың ішінде облыс экономикасы 2,9 пайызға өсті. Жыл соңына дейін жалпы өңірлік өнім көлемі 1 трлн. 300 млрд. теңге болады. Президенттің тапсырмасына сәйкес еңбек өнімділігінің нақты өсімін кем дегенде 1,7 есеге арттыру керек. Бұл бағыт бойынша да жүйелі жұмыстар қолға алынуда. “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” және “Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамдарын жаңғыртудамыз. Бұл қадам еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта көпқабатты баспа платаларын шығаратын зауытқа 120 заманауи құрал-жабдық жеткізіліп, орнатылуда. “РимКазАгро” ЖШС-інде 1,2 мың тонна өнім шығаратын фабрика іске қосылды. Солтүстікқазақстандық металлургиялық компаниялар алтын өндірісін 40 пайызға ұлғайтты. Өзге ірі зауыттар да жаңғырту жұмысына мықтап кірісулері тиіс, – деді өңір басшысы.
Өңірде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығында, яғни 2015-2019 жылдары 36,9 млрд. теңгенің 41 жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Бүгіндері бұл жоспар аясында 27,9 млрд. теңгенің 33 жобасы қолға алынған, 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады. 2010 жылдан бері 52 млрд. теңгенің 65 жобасы жүзеге асырылып, 2372 адам еңбекпен қамтылды. Жыл басынан бері астықты қайта өңдейтін “KAZMEAL” зауыты пайдалануға берілді. Жоба құны – 4,2 млрд. теңге. Қазіргі уақытта “Тайынша май” зауытын кеңейту жұмыстары жүргізіліп, оған 2,1 млрд. теңге бағытталуда. Үшінші тоқсанда “CLAAS” компаниясы ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын 3 млрд. теңгенің жобасын жүзеге асырады.
Облысымызда Орталық Азиядағы iрi қалайы кен орны игерiле бастады. Алдағы уақытта мұнда 600 адам жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, “Маслодел” ЖШС-і сүт өнімдерін шығаратын цехты пайдалануға береді. 14,7 млрд. теңгенің жобасы жүзеге асырылған жағдайда 700 жерлесіміз жұмыспен қамтылмақ. Жалпы 2021 жылы 200 млрд. теңгенің 7 жобасы іске қосылады деп күтілуде.
Қазақстан Президенті Үкіметке шағын және микро бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеуді тапсырды. Заңнамаға енгізілетін тиісті түзетулер 2020 жылдан бастап күшіне енеді. Жаңа жылдан шағын және микро бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салу туралы шешім күшіне енеді. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің басым міндеттерінің бірі. Бүгінгі таңда облысымызда 30 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар.
Сондай-ақ, өңір басшысы бірқатар кәсіпкерлердің өз иелігіндегі жерлерді мақсатты пайдалана алмай жатқанына назар аударды. 2015 жылдан бері жүргізілген тексерістердің нәтижесінде 668,9 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Тағы 20,3 мың гектарға қатысты іс сотта қаралуда. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Себебі, Президент Үкіметке игерілмеген жерлер бойынша нақты шешім қабылдауды қатаң тапсырды.
Қазақстан Президенті өз Жолдауында Үкіметке органикалық және экологиялық таза өнім өндірісін қолға алу қажеттігін қадап айтты. Қазіргі уақытта біздің өңірде тек Есіл, Мамлют және Мағжан Жұмабаев аудандары бұл бағытта жұмыс жүргізуде. Үш ауданда 2,5 мың гектар жерге нарықта сұранысқа ие таза өнім өсірілсе, оның 1,2 мың гектарын майлы дақылдар құрайды. Ауыл шаруашылығын дамытып, міндетті межелерге қол жеткізу бағытындағы жұмыстарға басымдық беріледі. Осы орайда суармалы егістікті жандандыру мәселесіне де көңіл бөлінуде. Қазіргі уақытта облыстағы 2,6 мың гектар алқапта картоп, көкөніс және жем-азық суармалы әдіспен өсіріледі. Бұдан бөлек, алты ауданда 27,7 мың гектар суармалы егістік қалпына келтірілуде. Нәтижесінде 2030 жылы суармалы жерлердің көлемі 50 мың гектарға дейін жеткізіледі деп күтілуде.
Мемлекет басшысы “Ауыл – ел бесігі” жобасын жүзеге асыру жалғастырылатынын айтты. Яғни, шағын елді мекендерді дамытуға қатысты күрделі мәселе шешімін табады деп күтілуде. Үкіметке жобаны жүзеге асыру үшін биыл бөлінген 30 млрд. теңгеге қосымша алдағы үш жыл ішінде 90 млрд. теңге бөлінеді. Бұл қаражат көлік, ауызсу және газбен қамтамасыз ету сияқты инфрақұрылымдық мәселелерді шешумен қатар, мектеп, аурухана, спорт алаңдарын салуға және жөндеуге жұмсалады. Облысымызда 292 елді мекенді қамқорлыққа алу жоспарланған. Сондай-ақ, жыл соңына дейін 26 мың адамды қамтитын 19 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылмақ. Бұл мақсатқа ел бюджетінен 2,3 млрд. теңге қарастырылып отыр.
Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, әлеуметтік қолдау – биылғы Жолдаудың негізгі бағыттарының бірі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру үшін тұрмыс деңгейін көтеруді, жалақыларын көбейтуді міндеттеді. Отбасылық бизнес құру, ең алдымен, көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға мән беру керектігін айтты. Біз де солтүстікқазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған кешенді шаруаларды жүзеге асырудамыз, – деді Құмар Іргебайұлы өз сөзінде.
Облыс әкімінің айтуынша, бұған дейін 2,1 мың өңір тұрғыны атаулы әлеуметтік көмектің игілігін көріп келген. Бүгінде жәрдемақы көлемі 10 есе артып, жыл басынан бері 21,7 мың отбасы 1,3 млрд. теңгенің атаулы әлеуметтік көмегіне қол жеткізді. Көпбалалы отбасынан шыққан 799 жұмыссыз азамат пен 125 отбасы бірреттік әлеуметтік жәрдемақы алды. Алдағы уақытта мұндай отбасыларға жергілікті бюджет, демеушілер және қайырымды жандар есебінен қолдау көрсетілетін болады. Үстіміздегі жылы бұл мақсатқа 1,8 млрд. теңге қарастырылған. Атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға жәрдемақы кедергісіз берілуі қажеттігі атап айтылды.
Жолдауда медициналық қызмет сапасын арттыру туралы айтылған. Ауылдар мен шағын елді мекендерде алғашқы медициналық көмек қолжетімді болуы тиіс. Өңір басшысы денсаулық сақтау саласын қаржыландыру үш есеге көбейетінін айтты. Қыркүйек айында Петропавл қаласында 500 орынға шақталған көпбейінді аурухананың құрылысы басталады. Сондай-ақ, екі жүз сала өкілі шетелде біліктілігін арттыру курстарынан өтпек. Өңір басшысының айтуынша, алдағы уақытта 65 “Жедел жәрдем” көлігі сатып алынып, денсаулық сақтау саласының 13 мекемесіне жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында аудандарда 20 фельдшерлік-акушерлік және медициналық қосын салынбақ.
Жолдауда “7-20-25” бағдарламасының шарты бойынша қарыз алушының отбасылық табысы орташа есеппен айына 320 мың теңгені құрауы тиістігі, сондықтан табысы аз адамдар бұған қатыса алмай отырғаны айтылған. Биыл 2 пайыздық жеңілдетілген үстемемен алғашқы жарнасы 10 пайыз болатын “Бақытты отбасы” бағдарламасы іске қосылып отыр. Бүгінде өңірде “Қазақстан құрылыс жинақ банкі” АҚ-ның басшылығымен кездесулер ұйымдастырылып, алдағы жұмыс жоспары талқыланған. Алдын ала болжам бойынша өңірде 1,5 млрд. теңгені құрайтын 191 займ беріледі деп күтілуде. Қазіргі уақытта түскен өтінімдердің 49-ы мақұлданған.
Сөз соңында Құмар Ақсақалов Президент айқындап берген негізгі басымдықтар мен міндеттерді жүзеге асыру арқылы тұрғындардың алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз ету билік өкілдерінің басты мақсаты екенін атап айтты.
Жиында “Ақселеу” ЖШС-нің басшысы Серік Малаев, “MАТЕX” шұлық фабрикасының директоры Арамаис Тер-Аствацатурян, Мағжан Жұмабаев аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлнәр Таласбаева, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының директоры Спартак Рамазанов, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты Павел Афанасьев және Солтүстік Қазақстан облысы азаматтық альянсының төрайымы Сәуле Сүлейменова өз салаларында атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндап, Президент Жолдауында жүктелген міндеттерді орындау бағытындағы жоспарларымен бөлісті.
Қанат АТАМАНОВ, Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.