«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛ НАМЫСЫН ТУ ЕТКЕН

Біз әдебиетті, мәдениетті мысалға алғанда аз ғана ғұмыр кешіп, көп мұра берген ақын-жазушыларды жарқ ете ағып түскен жұлдызға балаймыз. Әрине, олардың дана талантына дау жоқ. Ал Смағұл Сәдуақасұлына келсек, осынау ұлы тұлғаны саясатта ағып өткен жарық жұлдызға балауға болады. Біз шарық ұрып ұлттық идеология іздеген боламыз. Оны қайдан іздеу қа­жеттігін айтып, сансаққа ой жүгіртеміз. Оны іздеудің қажеті шамалы. Ол – арамызда. Смағұл Сәдуақасұлының 33 жылдық ғұмыры – нағыз ұлттық идео­логия. Отанды, елін сүюдің, оған өле-өлгенше қызмет көрсетудің үлгісі. Ойланып қарасақ, сонау зұлматта басын бәйгеге тігіп, ұлтқа қызмет көрсеткендердің артында, тіпті, ұрпағы да қалмапты. ХХ ғасырдағы зиялылардың кейінгі тағдыры бір-біріне өте ұқсас. Соны ұлт қайраткерлері білмеді демеңіздер. Өйткені, бұл қайраткерлер не үшін қызмет жасайтынын білді, ерлікке пара-пар іс атқарды. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыр кешкен, оның өзiн туған елiнiң болашағы үшiн күреске арнаған Смағұл сезiмтал Мағжан ақын жырлағандай, шынында да, асыл туған ардақты азамат болды. Бүгiнгi ұрпақ Смағұлдай ардақты азаматтың аруағына тағзым етiп, оның ғибратты өмiрiнiң бiр сәтiн еске алып, одан тәлiм алуы керек. Өйткенi, бүгiнде Смағұл атамыздың ұлтжандылық қасиетi бiздерге ауадай қажет-ақ болып тұр.

Ел намысын ту етiп көтерген Смағұл Сәдуақасовтай азамат сол аумалы-төкпелi заманда өзi тұстас көпшiлiк сияқты бас шұлғып, Голощекин секiлдi мықтылардың шылауында кете бармай, өз халқына, ұлтына деген шексiз сүйiспеншiлiгiн, ұлтжандылығын дәлелдедi. Алайда, ардақты ағамыз 1933 жылдың күзiнде елден жырақта жүрiп, дүние салады. Осы суық хабарды естiген ақиық ақын Мағжан Жұмабаев оның өлiмiн аза тұтып, қазақтың жанашыры болған Смағұлды былайша жоқтайды:

“Тағдыр тартып, жыртқызыпты

жағасын.

Аққуы жоқ, қаздары жоқ

көл жетiм.

Смағұлдай баласынан

айрылған,

Қайран қазақ, болдың бүгiн сен жетiм”, – деп қабырғасы қайыса, өзегi өртене күңiренуi тегiн емес екен. Мағжандай ақынның көрiп-келдiк қасиетiне бүгiнгi ұлтжанды ұрпағы тәнтi. Сол орны толмас жара жазылмай, сол жетiмдiктен әлi құтыла алмай жүрген сияқтымыз.

Ал өткен ғасырдың елең-алаңында-ақ “Оян, қазақ!” деп исі Алаш ұлына жар салып, қалың ұйқыдағы қазақты оятқан дауылпаз ақын Міржақыптың жалғыз қызы Гүлнәр Дулатова “Қазақ әдебиеті” газетінде жарияланған бір мақаласында: “Қызылжарға келгелі бірталай кісілермен таныстым, олардың ішінде тез тіл табысып кеткенім – Жұмағали Тілеулин деген дәрігер. Ол әрі қаламы төселген жазушы екен. Өнерден де құралақан еместігі арамызды жақындата түсті. Оның үйіне барып тұрамын” деп жазыпты “Жақаң” деген естелігінде. Осындағы Жұмағали Тілеулин сол кездегі қазақ арасында саусақпен санарлықтай ғана арнаулы білімі бар сауатты дәрігер ғана емес, халықтың ойын оятып, оқу-өнерге, мәдениетке үндеген саналы күрескер, қаламын сан салаға тербеген сындарлы жазушы, жастардың жанашыр ұстазы – салиқалы ағартушы да болған азамат. Ол кезінде көп тарап, кең танылған “Айқап” журналы мен “Қазақ” газетіне жиі жазып, жазғандары ұдайы жарияланып тұрған. Ой-өресі “пілден биік аспайтын, шабан атша аяғын баспайтын, бой түзеп, дұрыс жолға бастайтын атадан қалған мұрасы жоқ” жастарды басқалардың озық үлгісінен өнеге алып, жарасымды жол табуға шақырады.

Жұмағалидың өз жұртын озық елдер қатарынан көруді көксеген жоғарыдағыдай ұлтжандылығы, елінің азат ертеңін ойлап, қашанда халқының қамын жеген едіге азаматтығы оны қазақ қырында ұлтазаттық қозғалысының туын көтерген “Алаш” партиясына алып келді. Кейін ол оның белсенді мүшесі болып қана қоймай, серкелерінің де біріне айналды. Оған оның партияның негізін қалаушы Әлихан Бө­кейханов бастаған бір тізімде он бірінші болып тіркелуі де куә болса керек. Омбыда “Алаш” партиясының облыстық комитеті ашылғанда оған ол мүше болып сайланды. Саяси қызметті ол ұйымдастырушылық жұмыспен тығыз ұштастырды. Қызылжарда педагогикалық һәм фельдшерлік техникум ашып, өзі оның тұңғыш директоры болады. Кейін ол ашқан педтехникум Көкшетау қаласына көшірілді. Ол техникумнан тек Қазақстанның терістігінде ғана емес, исі қазақ даласына есімі таныс талай зиялы азаматтар қанат қағып, түлеп ұшты. Онда Мағжан Жұмабаев, Сейітбаттал Мұстафин тәрізді тарландар дәріс берді. Бұл жылдары Жұмағали Тілеулин, Ахмет Байтұрсынов, Әбікей Сәтбаев сияқты ұлы ағартушылармен тығыз байланыста болды. Алайда, “Алаш” партиясының ой-ниетін әу бастан-ақ құп көрмей, мүшелерін қуғындаған Кеңес өкіметі ұлт зиялыларына қысымды барған сайын үдетіп, қуғын-сүргінді күшейте түсті. Көп ұзамай Жұмағали Тілеулин де сол қуғын-сүргіннің құрбанына айналды.

Бірі отызында қамал алып, екіншісі қырығында орда бұзып, елдің теңдігін, жердің кеңдігін, рухтың тұтастығын, құндылықтың тазалығын сақтау үшін бар күш-жігерлерін салып, батылдық, көрегенділік танытқан Смағұл Сәдуақасов, Жұмағали Тілеулин сияқты бірегей тұлғалардың әр заманда орны бөлек. Бүгін де, болашақта да ұлтына осы аталарымыздай жаны ашитын азаматтар көбірек болса екен.

Шынар УАТАЕВА,

Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің мұғалімі.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp