Шал ақын ауданының Жалтыр ауылында негізгі мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Светлана Әбілованың ұйымдастыруымен “Мен – бейбіт әлемнің азаматымын” атты “дөңгелек үстел” өтті.
Бұл шараға мектеп оқушылары мен ұстаздар қатысты. “Дөңгелек үстел” мазмұны кең ауқымды, тартымды болды. Аталған тақырыпта оқушылар өз ойларын ортаға салып, пікірлерін айқын, еркін білдірді. Сонымен қатар, бұл кешке мектеп түлегі, жуырда әскер қатарында болып, Отан алдындағы борышын өтеп келген жауынгер Алтынбек Рахимов шақырылды. Алматы қаласының Әскери академиясында оқып жүрген Бексұлтан Жақсылықов онлайн түрінде ұстаздар мен оқушыларды Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтап, Қарулы Күштер қатарында қызметті абыроймен атқару үлкен жауапкершілік екенін айтты. Жас буынға бүгінгі күннің батыры ол тек алып күштің иесі ғана емес, ұшқыр ойдың, терең ақылдың иесі болу керек деген ақылын айтып, тілегін білдірді. Әскери тақырыпта бейнероликтер көрсетіліп, әндер тыңдалды. Оқушылар мектебіміздің түлектері, көп жылдар бойы әскери қызметте жүрген Асхат Арықов, Сағындық Алқайдаров, “Болашақ” бағдарламасымен Украинада оқыған, қазір Астана қаласында тұратын Медет Жантокен сынды ағалары жайлы танып білді.
“Біздің балаларымыз бен немерелеріміз сырт елден гөрі Отанында өмір сүргенді артық көретіндей, өйткені, өз жерінде өзін жақсы сезінетіндей болуға тиіс. Біздің еліміздің әрбір азаматы өзін өз жерінің қожасы ретінде сезінуге тиіс”, – деген Елбасымыздың сөзі жастарға серпіліс беріп және оларға үлкен сенім артады. Жерім, тілім, дінім деген қазақтың әрбір баласын кішкентайынан осындай тәрбиеге баули білсек, шынымен еліне, ұлтына жаны ашитын ұрпақтың саны көп болатынына сенім мол.
Лаура ҚАПИЗОВА,
Жалтыр негізгі мектебінің бастауыш
сынып мұғалімі.
Шал ақын ауданы.