
Сапар аясында Үкімет басшысының бірінші орынбасары өңіріміздің бірқатар әлеуметтік, өндірістік нысандарын аралап, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстармен танысты.
Солтүстік өңірмен танысу қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген Петропавл халықаралық әуежайынан басталды. Нормативтік мүмкіндігі бойынша сағатына 200 жолаушы өткізе алатын нысанда үстіміздегі жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ұшу-қону жолағын жаңғыртуға және ілеспе жабдықты орнатуға республикалық бюджеттен 6 млрд. теңге, жолаушылар терминалын жаңартуға 1,29 млрд. теңге қаржы бөлінді. Енді көптен бері бос тұрған Петропавл әуежайы халықаралық деңгейдегі әуе қатынастарына лайықты құрал-жабдықтармен жарақтандырылып, жыл соңына дейін іске қосылмақшы. Мұның өзі жолаушыларға жақсы жағдай тудырары сөзсіз.
Содан кейін бірінші вице-премьер облысымыздың беткеұстар кәсіпорындарының бірі – “Мұнаймаш” акционерлік қоғамында болды. 1998 жылы қайта құрылған зауыт бүгінде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген. Мұнда мұнай-газ кешені үшін жабдықтар мен өнімдер шығарылады. Негізгі тұтынушысы – еліміздің мұнай және газ секторының компаниялары.
Кәсіпорын басшысы Спартак Пушкарев бүгінде зауытта жыл сайын 4,5 мыңға дейін мұнай сорғысы шығарылатынына, қажетті құрал-жабдықтардың арқасында сапалы өнім өндіруге қол жеткізілгеніне тоқталып өтті. Соңғы екі жылда өндіріс көлемі екі жарым есе өскен “Мұнаймаш” АҚ-да 120 адам табысты еңбек етуде.
Бұдан бөлек, өндірістік әлеуеті зор зауыттың ТМД елдерінің нарығына шығуға мүмкіндігі бар.
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов өңірде 49 машина жасау кәсіпорны бар екенін, биыл бұл саладағы өндіріс көлемі 16 миллиард теңгеге жеткенін айтты. Үстіміздегі жылдың қаңтар-қазан айларында 1774 миллион теңгенің өнімі өндірілген.
Асқар Мамин Петропавл қаласының маңында орналасқан “Green Park” демалыс аймағында болып, өңіріміздегі туристік саланың даму барысымен де танысты. Елбасының тапсырмасына сай өңірде туристік кластерді дамытып, саяхат жасаушыларды тарту мақсатында бірқатар жұмыстар қолға алынды. Мәселен, өткен жылы “Еуропа” қонақүй-мейрамхана кешені, үстіміздегі жылдың басында “Green Which hotel” қонақүйі ашылды. Облыс орталығында екі мейманхана, соның ішінде халықаралық дәрежедегі “Hampton by Hilton” қонақүйі салынуда.
Асқар Ұзақбайұлының өңірімізге іссапары облыс орталығындағы “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жалғасын тапты. Бизнесті дистрибьютерлік қызметтен бастаған “Радуга” серіктестігінің іргетасы 2004 жылы қаланған. Бүгінде қызылжарлық кәсіпорынның еліміздің 11 өңірінде филиалы бар. Зауыттың бүгінгі өнімділігі жылына – 430 тонна. Тауар Қазақстан мен Ресей нарығына шығарылады. Кәсіпорынның директоры Дмитрий Шарапаевтың айтуынша, бір жарым мың адамды жұмыспен қамтып отырған серіктестік былтыр 147,7 миллион теңге жұмсап, тәтті таңертеңгілік құрғақ ас дайындайтын жаңа цехты іске қосқан. Жаңа өндірісте құрғақ таңғы ас пен түрлі қауыздар шығару жобасын игеріп, өнімнің 25 түрін өндіруді қолға алған. Өткен жылы 10 миллиард теңгенің тауарын сатылымға шығарған кәсіпорын басшылығы биылғы жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 50 пайызға арттыруды жоспарлап отыр.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.